Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында көне заманның көзіндей болған құндылықтар жеткілікті. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары кезінде және кездейсоқ табылған жәдігерлер байырғы тарихтан сыр шертіп тұр.
Мамандардың айтуынша, суреттегі құмыра XIII-XIV ғасырларға тиесілі екен. Көне Тараздың өркендеп, көркейе бастаған кезеңінде жасалған жәдігерлердің санатына кіреді. Көк түсті құмыраның жоғары жақ тұсына құстың бейнесі белгіленіпті.
«Музейге келушілер құмыра тұтқасының жоғары жағындағы жылтырақ материалмен әдіптелген құстың бейнесіне назар аударып жатады. Дерекке жүгінсек, бұл құмыра 1970 жылы төменгі Барысхан қалашығы маңынан кездейсоқ табылған.
Ортағасырлық жәдігер саналатын құмыралардың біразының тұтқасында құстың бейнесі бар екенін байқап жүрміз. Жалпы, ықылым замандардағы ыдыстарда қандай да бір жануардың бейнесі жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша, шеберлер аң мен құстың мүсінін салу арқылы сол кездегі діни идеялардың көркемдік бейнесін көрсеткісі келген көрінеді», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің зерттеу жұмыстарын қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Лаура Байтұрсынова.
Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, ыдыстардағы жануарлардың бейнесі әуелі тотемдік идеялармен сабақтасып жатқан болуы ықтимал. Жалпы, жәдігерлердегі кейбір суреттер ерте замандарда белгілі бір аймақтарға тараған көрінеді. Ал құмырадағы белгі сармат этностық қауымдастығындағы тайпалардың біріне тиесілі болуы мүмкін.
Тараз