Астананың Достық үйінде «Прогрессивті ұлттың іргелі құндылықтары» атты отырыс өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген басқосуына ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтарының мүшелері қатысты.
Іс-шара этносаясат саласындағы жетекші сарапшылардың басын біріктірді. Отырысты ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты (ҚЭЗИ) директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова жүргізді.
Жиында «Білім беру жүйесіндегі негізгі құндылықтар» тақырыбында Maqsut Narikbayev University (КАЗГЮУ) Басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова баяндама жасады. Спикер білім беру саласындағы құндылықтар бағдарын қалыптастырудың заманауи тәсілдеріне тоқталды.
Сондай-ақ ол Жастар тәрбиесі бағдарламасына қатысты ойын ортаға салды. Атап айтсақ, Исландия сияқты жастар тәрбиесінде жетістікке жеткен елдер практикасын зерттеп, қажеттісін бағдарламаға енгізуді, бала тәрбиесіндегі негізгі мәселелерді, соның ішінде, жаппай тәртіпсіздік пен бұзақылық себептерін анықтайтын мемлекеттік масштабта орта мектеп балалары арасында кешенді сауалнама жүргізуді, сол сауалнама нәтижелерінің негізінде кешенді шаралар қабылдауды ұсынды.
– Әрине, қазір тыйымдар заманы емес, бірақ жастар надан, көргенсіз, тәртіпсіз, тәрбиесіз, сотқар, бұзақы болса, нақты бір оң нәтижеге жеткенше қатаң шаралар керек те шығар. Яғни жоғары оқу орнының миссиясы тек жоғары білім беріп, маман ретінде дайындау емес, тұлғаны қалыптастыру болуға тиіс. Мұндай миссия MNU-да, соның ішінде ұлттық құндылықтар, мемлекеттік тіл, заң үстемдігі, академиялық адалдық, қайырымдылық, еріктілік пен мейірімділік, отансүйгіштік пен ұлтжандылық, тарих пен мәдениет, әскери борыш, халыққа қалтқысыз қызмет ету – жастар ісі стратегиясы мен CSI (Сreativity service intelligence) жүйесі қолға алынады. Яғни диплом алу үшін өнер, шығармашылық, спорт, креативті ойлау, интеллектуалдық даму, қызметі міндетті бағдарлама қатарына еніп, 2 семестр шеңберінде 2 бағытты алуды жүктейді. Жүйе студенттердің салалық қауымдастықтарына мүше болу арқылы жүзеге асады. MNU-дағы бұл жүйе Халықаралық бакалавриат (IB) бағдарламасы шеңберіндегі міндетті CAS жүйесіне негізделген, деді Айнұр Кәрібозова.
Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Сондықтан іргелі құндылықтарды болашақ буын санасына сіңіру маңызды. Осы ретте «Жастар» ҒЗО директоры Айсұлу Ерниязова «Тәуелсіз Қазақстан ұрпағының құндылық бағыттары» баяндамасында қатысушылардың назарын елдегі жастар қауымының басымдықтары мен идеалдарына аударды.
– Кез келген салада бір істі бастамас бұрын ғылыми негізін анықтап алған абзал. Тек сол кезде жұмыс нәтижесін беріп, өзгерістер болады. Бүгінде еліміздегі жастар үшін басым құндылықтар қатарында отбасы – 72,6%, достық – 32,3%, денсаулық – 29,9% құрайды. Бұл ретте қала мен ауыл жастарын бөліп жармадық. Өйткені жас буынның құндылықтар жүйесінде отбасы бірінші орында. Бұған қоса «Сіздің ойыңызша қазіргі мәдениеттің қай бағыттары жастардың қызығушылықтарын тудырады?» деген сауалымызға жастардың 37,8%-ы Netflix, HBO және басқалардың өндірісінен шыққан фильмдер мен сериалдар көреміз деп жауап қатты. Ал 22,4%-ы Оңтүстік Корея дорамаларын көретінін жасырмады. Міне, осылайша 10 жылдан астам уақыт біз жастарға неше түрлі бағытта сауалдама жүргізіп, қосымша зерттеулер жасап, «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын әзірлеп жүрміз. Биыл да жастардың құндылықтарын айқындайтын боламыз, – деді Айсұлу Ерниязова.
Сондай-ақ жиында «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутова Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай жоспарланып отырған антологияның мазмұнымен таныстырды. Бұл еңбекте Қазақстандағы этносаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей институты ретіндегі ҚХА-ның қалыптасуы мен даму тарихы және қызметі туралы баяндалады.
Бұған қоса Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі этносаралық қатынастардың ерекшеліктері» гранттық жобасы шеңберінде этносаралық қатынастар саласында белгілі ғалымдардың авторлық ұжымының қатысуымен дайындалған «Этнополитология» оқу құралы талқыланды. Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері еңбектерді бағалап, басып шығаруға ұсыныс жасады.