Отандық нарыққа жаңа шетелдік банктер келуі мүмкін екені былтырдан бері айтылып жүр. Қазір Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агеттігі (ҚНРДА) шетелдік қаржы институттарымен алда құрылатын жаңа серіктестік туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Компания атаулары әлі белгісіз. Бас банктің мәлімдеуінше, әлеуетті инвесторлардың кім екені бір жылдың ішінде, орындалған келісімшарттардан кейін ғана жарияланбақ.
ҚНРДА-ның хабарлауынша, бастама несие мөлшерлемесін төмендетуге, сондай-ақ шетелдік банктердің жұмыс істеп тұрған еншілес ұйымдарының белсенділігін арттыруға мүмкіндік бере алады. Ал Қаржыгерлер қауымдастығы бұл істегі «жаңа ойыншылардың» пайда болуы бәсекелестікті арттырып қана қоймай, отандық бизнесті тиімді қаржыландыруға жол ашады деп есептейді.
Жалпы, кәсіпкерлер ғана емес, тұтынушылар да өздеріне тиімді банктік ұсыныстарды таңдау мүмкіндігіне ие болатын көрінеді. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер жаңа, анағұрлым ыңғайлы қаржылық шешімдерді, өнімдер мен қызметтерді дамытуға инвестиция салуға ынталандырады. Иә, айтылып жатқан болжам мен пайым көп. Ал шындығына келгенде, біздің нарық шетелдік ірі инвесторлардың қызығушылығын оятуға қауқарлы ма?
Қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутованың айтуынша, ішкі жалпы өнімнің негізін өндіруші сектор құрайтынын ұмытпаған жөн.
«Бұл сектор Қазақстан банктерінен ешқашан ірі көлемді несие алмаған. Инвесторлық жобалар расында, шетелдік байланыстардың орнауымен немесе шетелдік банктердегі несиемен қаржыландырылады. Оның себебі – екінші деңгейлі банктердің капиталдандыруымен қамтамасыз етіле алмаған елеулі сомаларда. Сондықтан шетелдік «жаңа ойыншылардың» елімізге деген көзқарасы өзгеріп, қызығушылығы артуы әбден мүмкін. Жалғыз уайым – стандартты қадағалаудың сақталуы», дейді.
Қауымдастықтың мәлімдеуінше, қазір Мәжілісте еншілес және резидент емес банктердің филиалдарын ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Заң жобасын әзірлеушілер ел азаматтарының шетелдік қаржы институттарында қолжетімді операцияларды жүзеге асыруына мүмкіндік беруді ұсынады: мысалы, төлем карталарын шығару, сондай-ақ арнайы бағдарламалық қамтамасыз етулерді дайындау.
Жалпы, отандық банк секторында шетелдік банктер баршылық. Бірақ соңғы екі жылда елімізде бірде-бір жаңа филиал ашылмаған.
«Резидент емес банк филиалдарының жұмысына арналған заңнамалық негіз бен олардың атқара алатын түрлі операцияларының кең тізімі 2021 жылдан бастап бар. Талаптарды ырықтандыру, сондай-ақ рұқсат етілген қызмет түрлерін кеңейту, оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау мен төлем қызметтерін көрсету шетелдік банктерді отандық нарыққа ынталандырып, тартуы мүмкін деп санаймыз», деді Е.Бахмутова.
Қауымдастық төрағасы ел нарығы үшін шетелдік банктердің саны емес, сапасы маңызды екенін айтты. Демек басымдық банктердің елімізге әкелер жаңа мүмкіндіктеріне қойылады.
Қаржылық талдаушы Арман Бейсембаевтың пікірінше, келетін шетелдік банктер корпоративтік несие сегментіне назар аударуы мүмкін, өйткені оның көлемі соңғы екі жылда тұтыну несиелерінен әлдеқайда азайып кетті. Отандық қаржы институттары кәсіпкерлік секторды тиісті деңгейде қаржыландырып жатқан жоқ.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова шетелдік банктердің келуі бәсекені күшейтеді деп есептейді. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов отандық банктердің шетелдіктермен бәсекеге түсуге дайындығына қатысты пікірінде «елімізге шетелдік банктердің келуінен тұтынушы пайда табуы керек» деп пайымдаған.
Әсем Жанатова,
ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті