• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Мамыр, 2024

Қимыл-қозғалысы ауыр балаларды оңалту амалы

100 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» және Ақыл-есінің немесе бой-бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу, кәсіби еңбекпен оңалту орталығының ұйымдастыруымен «Ауыр мүгедектіктің алдын алу және азайту үшін мүгедектігі бар балалар мен жастарды физикалық-әлеуметтік оңалтудың заманауи тәсілі» тақырыбында семинар-практикум өтті.

Семинар мүгедектіктің орташа және күрделі деңгейіндегі (GMFSC IV-V) балалармен жұ­мыс тиім­ді­лігін арттыруға, мекеме­лер­де және үйде қимыл-қоз­ға­лысы бұ­зылған балалар мен ере­сектерді оңал­тудың заманауи әлем­дік қағи­даттарын қолдануға, өз­ді­гі­нен жүріп-тұруына, отыруы­на және функционалдық қоз­ға­лыс машықтарын, сонымен қа­тар оңалтудың қалыптағы тәсіл­дерімен қол жеткізуге болмайтын қабілеттерін дамытуға арналды.

Бүгінде республикада психо­логиялық-консультативті кеңес­тің тіркеуінен өткен 203 717 бала бар. Ерекше білім беру қа­жеттіліктері бар балаларға ғы­лы­ми-әдістемелік кеңес беретін «Ар­найы және инклюзивті бі­­лім бе­руді дамытудың ұлттық ғы­лы­ми-практикалық орталығы» ди­­­­­рек­торының міндетін атқару­­­­шы Айгүл Байтұрсынованың ай­туынша, жадында, естуінде, кө­руін­де, тірек қимыл-қозғалы­сын­да, сөйлеуінде күрделі кемістігі бар, психикалық дамуы тежелген, сон­дай-ақ аутистикалық спектрлі балалар осы санатқа жатады.

– Қазіргі кезде ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала­лар санаты анықталды. Осы­ған байланысты балаларды оқу­дағы қиындықтарына, себеп­теріне қарай екі топқа бөліп қарас­тырамыз. Бірінші топқа даму кеміс­тігінің салдарынан оқу­да қиналатын, ал екінші топқа оқу­дағы қиындықтары әлеуметтік пси­хологиялық факторлар салдарынан болатын балалар кіреді. Бұл топқа қандастар, мигранттардың балалары, басқа елдерден қоныс аударған және психология­лық тұрғыда оқуға қиналатындар кіре­ді. Бүгінде салада нормативтік құ­жаттар реттелгенімен, жалпы білім беретін мектептерде пси­хологиялық, педагогикалық сүйемелдеуге қажетті бағыттарды дамыту уақыт талабынан туындайды. Мұндай жағдайда мамандар баланың жеке қажеттіліктеріне сүйене отырып жұмыс істеуге тиіс. Мектептерде өзге сыныптастарымен бірге білім алуы балалардың дамуына оң ықпал етеді десек, оларды тұрақты сү­йемелдеп отыратын мамандармен уақтылы қамтамасыз ету уақыт талабынан туындайды. Егер баланың сөйлеу тілінде ке­міс­тігі болса, мектепте білікті лого­пед, психикалық дамуы тежелген балаларға олигофренопедагог, логопед, психолог сияқты мамандар көмектесе алады. Олар сынып­тағы мұғалімдерге көмек берумен қатар баланың бойындағы ке­містікті түзетуге ықпал етеді. Ал баланың мінез-құлқына қатысты туындайтын жағдайды бақылауда ұстауда педагог-ассистенттер­дің қызметі аса қажет. Олар кәсі­­би әрекеттерге бара отырып, жа­ғым­сыз жағдайдың алдын алуға ­қ­ол­дау көрсете алады, – дейді А.Бай­тұрсынова.

Баланың дамуы қаншалықты күрделі болса, оны шешу жолдары да оңайға соқпайды. Қазір­гі таңда республикада ақпарат­тық-автоматтандыру жүйесі жұ­мыс істейді. Осы орайда пси­хо­ло­гия­лық-медициналық-педаго­ги­калық кеңестер есепке ала оты­­рып, мүмкіндігі шектеулі бала­ларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді. Бүгінде республикада 212 педа­гогикалық-психологиялық тү­зету кабинеттері бар. Онда дәрі­гер реабитолог, емдік дене шынықтыру, реабилитолог, тағы да басқа сала мамандары кө­мек көрсетеді. Мүмкіндігінше мұн­­дай орталықтарды бала­ның тұр­ғылықты мекенжайына ж­ақын маңда ашу көзделген. Бүгінде оңалту орталықтарының жұмысына ата-аналарды да қа­тыстыру арқылы отбасыға бағыт­талған бағдарламалар аясында үй жағдайында баламен жұмыс істеуді жетілдіру көзделген.

Семинар барысында MOVE халықаралық бағдарламасы­ның кураторы, дәрігер травматолог-ортопед Андрей Калачев және Наталия Кушваха тірек-қимыл қозғалысы күрделі балалармен жұмыс, жаңа технологияларды қолдану тәжірибелерін бө­лісті. MOVE бағдарламасының өкілі Н.Кушваханың айтуын­ша, тірек-қимылы өте күрделі балаларды қалыпты жағдайда өмір сүруге, қоршаған ортаға заманауи техникалық құралдардың көмегімен бейімдеуге болады. Олардың күнделікті қимыл-қоз­­ғалысы, жүріп-тұруы үшін күр­делі жабдықтар қажет. Тірек-қи­мыл қозғалысы ауыр балалар әлем­­де инклюзия көрсеткішінің ­­5 па­­­йызын құрайды. Бүгінде әлем­нің бірқатар елінде қолда­нып жатқан реабилитациялық стандартты, дәстүрлі оңалту бағ­дарламалары мұндай диаг­но­з­дағы балаларда нәтиже бер­мей­ді. Сондықтан тірек-қимылы күр­делі балалардың жеке жағ­да­йын ескере отырып, көпфунк­цио­налды құралдарды қолдану еш­кімнің көмегіне сү­йенбей, өздігінен қимылдау мүмкіншілі­гін арттырады. Аулаға шығып серуендеу, мектепке, сауда алаң­дарына өздігінен барып, өз қатар­ластарымен емін-еркін араласуына ықпал етеді. Әлемде мұндай заманауи әрі өте қымбат тұратын құралдармен қамтама­сыз етуді қайырымдылық қорла­ры іске асырады. Ұлыбритания, Германия, Финляндия, Швеция, Америка елдерінің тәжірибесі­не сүйене отырып, тірек-қимыл қозғалысы күрделі балаларды тұрақты қа­да­ғалап отыру, әлеу­меттік-тұр­мыс­тық бейімдеу және функ­­цио­налдық дағдыларын дамыту­ға инно­вациялық шешім­дер мен жаңа технологиялар ықпал етеді.

Семинарда мамандар қимыл-қозғалысы ауыр балалардың ке­шенді оңалту әдістерінің тео­рия­ және тәжірибе жүзінде­гі мүмкін­дік­терін қарастырды. Арнайы мектеп-интер­­нат­тар­да қолданылатын ке­шен­ді әдіс­намалық, техноло­гия­лық жә­не әдіс­темелік, кәсіби құзы­рет­тілік­тер, мамандардың ата-аналар мен үйде белгілі бір дағ­дыларды оқыту мен дамытуға қатысты ізденістері талқыланды.

 

АЛМАТЫ