ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының тұрмысын, өмір салтын таспаға басып, ұлттық этнографиямыздың тарихына терең үңілдіре түсетін Самуил Дудиннің сирек фотосуреттері бүгінде қымбат қазынаға айналып отыр. Шетсіз-шексіз қазақ даласын асықпай аралап түсірілген мыңдаған фотосурет ұлтымыздың бай мәдениетін көрсетеді.
1899 жылы С.Дудин Ресейдегі антропология және этнография музейінің тапсырмасымен шұғыл экспедиция құрып, қазақ даласына аттанып кетеді. Бұл сапарында ол Ақмола, Жетісу, Семей облыстарын аралап, қазақтың тұрмысы мен қоғамдық өмірі, салт-дәстүрі, ұлттық этнографиясына қатысты фотосуреттер түсіруге тапсырма алған. Ал түсірілген суреттер 1900 жылы Парижде өтетін көрмеде таныстырылуға тиіс болатын. Жанына бірнеше шығыстанушыларды ерткен Дудин экспедициясы қазіргі Павлодар қаласынан басталған. Ол тұста Павлодар уезі Семей облысына қарайтын. Экспедиция мүшелері табиғатының сұлулығы көпке аян Баянауылды бетке алып, жолай Қалқаман, Қарасор асуларынан өткен. Одан соң атақты Қоянды жәрмеңкесінде аялдап, әрі қарай Қарқаралыға өтеді.
Жуықта осы тарихи фотосуреттерден құралған халықаралық көрме облыс орталығындағы «Ertis» мультимедиялы музейінде ашылды. Көрмені ұйымдастыруға себепкер болған Д.Багаев атындағы мұражай-үйінің басшысы Күләш Шайдуллинаның айтуынша, фотосуреттер Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы Кунсткамерадан – Антропология және этнография музейінің коллекциясынан алынған.
– Мұндай көрме Павлодар төрінде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Самуил Дудин экспедициясы 1899 жылы тек қана Павлодар уезі мен Семей облысы бойынша 500-ге жуық фото түсіріп, оның 200-ін антропологияға арнаған екен. Экспедиция мақсаты қазақтардың күнделікті өмір тұрмысы ғана емес, этнографиялық ерекшелігін түсінуге ұмтылыс еді. Ол Павлодар қаласынан бастаған сапарында жолай Қалқаман, Қарасор жерлерінде аялдап, көптеген ауылды фотоаппаратына басып алып отырған. Мысалы, мынау фотосуреттерде құс төсекте жатқан қазақ байы, саятшы, ұзатылып бара жатқан кедейдің қызы, ірімшік қайнатқан әжей, жайлауға шыққан көш салтанаты, Баянауылдағы Жасыбай көлінің маңайындағы ескі зираттар, Ақкелін маңы және тағы басқалары бейнеленген, – деп әңгімелейді К.Шайдуллина.
Фотограф сол уақытта Қоянды жәрмеңкесінің бел ортасына тап болып, қазақ этнографиясы мен шаруашылығына қатысты тың мәліметтерге кезігеді. Қоянды жәрмеңкесі жайында айтсақ, ол сонау 1840 жылдан 1930-жылдарға дейін, әр жылдың 25 мамыр-25 маусым аралығында жұмыс істеп тұрған. Жәрмеңке тек сауда-саттық ісінде ғана емес, көршілес елдермен тұрақты экономикалық байланыс жасауда, халықтың өнері мен мәдениетін дамытуда аса маңызды орын алды. Қалың қазақ қауымының бас қосатын, халық өнерін насихаттаудың орталығы болды. Арқа өңірінің небір тарландары жиылып, өнер сайысын ұйымдастырып, жәрмеңкені қыздыра түскен. Әншілер, палуандар, цирк әртістері сонау Қытай, Ресей, Жапониядан да келген деген деректер бар. Фотограф жәрмеңкеде тек сурет түсіріп қана қоймай, қазақтың ұлттық киімдерін, әсіресе жаңа түскен келіннің сәукеле, қамзол, қазақтың шапаны мен күпі түрлерін, түлкі тымақ, саптама етіктерін, сондай-ақ шаруашылыққа пайдаланатын заттары мен жергілікті зергерлердің қолынан шыққан әшекей бұйымдарды, өзге де заттарды сатып алып отырған. Оның барлығы кейін Петербордағы музейге қойылады.
Дудин Баянауыл жерінде шығыстанушылармен бірге әйгілі Сәдуақас Шормановтың үйінде болып, оның ақыл-кеңесімен төңіректегі ауыл адамдарын, белгілі жерлерді, қыстақтарды түсіріп алған. Шормановтар әулетін ол тұста Мәскеу мен Петербордың ғалымдары жақсы таныған, қазақ тұрмысына қатысты мәліметтерді солар арқылы біліп отырған. Ақкеліндегі Шормановтың үйінде Потанин де болған деген дерек бар.
Дудиннің суреттеріне қарап тұрсаңыз, ол ерлер мен әйелдерді жүйелі түрде түсіріп отырғаны байқалады. Бұл суреттер бір сәттік қана емес, олардың жас шамаларына, отбасылық, әлеуметтік жағдайына байланысты қалай киінетіні, күнделікті өмірде немен айналысатыны сериялы суреттермен бейнеленген. Осылайша, антропология музейі мамандарының қазақтың өмір салтын терең тани түсуіне ықпал еткен тәрізді.
Әйгілі фотограф Кунсткамераға өзі түсірген фотосуреттерінің тек қағазға шығарылған нұсқаларын ғана берген. Ал түпнұсқасын Гамбургтегі халықтану музейіне тапсырған көрінеді.
Павлодар облысы