Жер-жерлерде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына Шығыс Қазақстанның азаматтары да белсене қатысып жүр. Жалғасын тапқан науқан бұл жолы Ұлан ауданы аумағындағы Шыбынды көлдің жағасында ұйымдастырылды.
Бұған дейін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Сібе көлінің айналасы, Ақбауыр тарихи орны қоқыстан тазартылды. Кейбір азаматтардың мәдени санасы жоғары болып, күл-қоқыс шашпай жүрсе, қап-қап қоқыс жиналмас еді. Өкініштісі, жағажайларды, көрікті табиғат аясын бос шөлмек, полиэтилен бөтелке сынды зиянды заттар басып кеткен. Мұның бәрін әдеттегі бір реттік сенбілікте тазалап алу мүмкін емес еді. Биылғы айдан айға созылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы табиғаттың тазаруына шынайы септігін тигізді. Тазалық жұмыстарынан бөлек облыс аумағында мыңдаған көшет отырғызылды.
Бұл жолы Шыбынды көл аумағын тазартудың бірден бір себебі, каникул бастала сала бұл маңда жазғы оқушылар лагері ұйымдастырылады. Қалаға таяу жер болғандықтан, табиғаттан сая іздегендер де Шыбынды көлін бетке алады.
– «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы белсене қатысып жүрміз. Былай білінбейтін шығар, жол бойында, өзен-көлдердің жағалауында қоқыс өте көп. Соның бәрін шашатын – өзіміз. Айтарым, табиғатта демалдыңыз ба, қоқыстарыңызды алып кетіңіздер! Тазалықты өзімізден бастайық, – дейді экологиялық акцияларға белсене қатысып жүрген Саят Жақып.
Ұлан ауданында ұйымдастырылған тазалық акциясына 50 шақты адам қатысты. Олардың ішінде студенттер, мектеп оқушылары, жастар ұйымдарының мүшелері, эко-белсенділер, еріктілер бар. Концерттік бағдарламалармен басталған акцияға шетелден келген спортшылар да белсене атсалысты.
– Қазақстанның, соның ішінде Шығыс Қазақстанның табиғаты ерекше көркем. Осындай сұлулықты әрбіреуіміз аялай білуіміз керек. Аялау дегеніміз, оп-оңай, қолыңдағы қоқысты далаға тастама. Бар болғаны – сол. Өзім бүгінгі акцияға қатысқаныма қуанып тұрмын. Ұйымдастырушыларға рахмет, – дейді Стокгольмнен келген спортшы Иоган Мартенсон.
Айта кетейік, айналдырған екі сағат ішінде спортшылар ғана 50 қап қоқыс жинап, көл айналасын айнадай тап таза етті. Іс-шара соңында ортаға үйілген қаптар арнайы орынға апарып төгілді. Ал акцияға қатысқандардың барып қайтуын Ұлан ауданы әкімдігі ұйымдастырды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы