Оқушыларды еңбекке баулудың әдемі әдісі – бірлесе жұмыс істеп, нәтижесін бірге көру. Себебі еңбектің түбі береке екенін қолмен ұстап, жүрекпен сезбей іс өнбейді. Қараңызшы, бастауыш сынып оқушылары жылыжайға егін егіп, қызығын өздері көріп отыр. Талдықорған қаласына қарасты Ынтымақ аулындағы № 30 орта мектеп оқушыларының көктемдік көкөністері көп ұзамай жеміс береді.
Қазір салатқа арналған көк шөптер өсіп, оны оқушылар мектеп асханасындағы аспаз апайларына апарып берген. Қияр да алдағы күндері өнім бере бастайды. Олар арамшөбін тазартып, ұстаздарымен бірге жылыжай жұмыстарын дамытып жатыр.
Облыс орталығының іргесінде орналасқан Ынтымақ аулы былтыр осы мектеп ашылғанда мәре-сәре болған. Балалары қалаға қатынап оқитын ата-аналар алаңы басылған еді. Заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Ынтымақтың негізгі мәртебесі саяжай болғандықтан, білім мекемесінің жанынан шағын жылыжай да соғылған. Жылыжай бір жағынан биология пәнінің зертханалық-тәжірибелік алаңы болса, екіншіден оқушыларды еңбекке баулудың тамаша әдісі ретінде қарастырылған. Яки балалар өз қолымен өсірген өнімді өздері тұтына алады.
Жалпы алаңы 72 шаршы метрлік 4 шағын жылыжай балаларға қуаныш сыйлайды. Мектеп басшылығы осыған орай «Green school – Жасыл мектеп» жобасын бастауға шешім қабылдаған. Жылыжай – балаларды бірлесе еңбек етуге әдеттендірудің тиімді тәсілі. Сондықтан мұғалімдер арнайы уақыт бөліп, оқушылармен сабақтан тыс жұмыс істейді.
Кішкентай оқушылар әуелі қыс соңында көкөніс тұқымын арнайы қорапқа отырғызып, кейін өскен көшеттерін топыраққа отырғызған. Көктемнің басында басталған игілікті іс жаз басталмай жеміс береді деп отыр. Қазір мұнда қияр, қызанақ, рукола, көк бұрыш, ақжелкен, шалғам жайқалып өсіп келеді. Мысалы, шағын шаршы метрде отырғызылған 60 түп қиярдан шамамен 100 кг тарта қияр алуға болады дейді жылыжайды баптаушылар. Ал асханалық көк шөптерді бір маусымда екі рет өсіруге болады.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, төрт бөлек шағын жылыжайдың әрқайсысын күтіп-баптайтын мектептің еріктілер тобы белгіленген. Мәселен, біреуі мектепке даярлық тобының балалары мен педагогтерінің күтіміне берілсе, екіншісін 3–4 сынып оқушылары жаратылыстану пәнінде пайдаланып, күтіміне жауаптылық алған. Ал үшіншісін үлкен сыныптар, төртіншісін «Тілдер бірлестігі», яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің мұғалімдері баптап өсіреді. Бұл – жасыл алаң биология пәнінің тәжірибелік-зерттеу сабақтары үшін таптырмас орын. Биология пәнінің мұғалімі Сымбат Тілеуқабылова өсімдіктерді тұқымынан өсіру, өсімдіктердің селекциялық маңызы сияқты тақырыптарды өткенде оқушылар жылыжайдағы көк өскіндердің жай-күйін көзбен көріп, қолмен ұстап, білімді бойларына жақсы сіңіретінін айтады. Пәннің зертханалық жұмыстарын осы жылыжай аумағында өткізу оқушылар үшін аса қызықты. Мәселен, биологияға қызығушылығы ерекше оқушылардың бірі 7 «ә» сынып оқушысы Данияр Баққажы көкөністерді күтіп-баптауға жиі келеді.
«Біз бұл жылыжайда бір жағынан жермен жұмыс істеуді үйренсек, екінші жағынан өз тәжірибеміздің негізінде дарынды балаларға арналған ғылыми жобалар жарысына қатыссақ деген жоспарымыз бар. Арнайы күнделік бастап, топырақтың құнарлылығын жақсарту, өсімдіктердің климатқа төзімділігі, қанша уақытта қалай өсетіндігі, басқа да жағдайы туралы тұрақты түрде жазба түсіріп отырамыз. Мұндай жазбаларды шағын ғылыми жобалар жасау кезінде қолдануға болады. Қазір қияр пісіп жатыр, оны жинап, мектеп асханасына апарамыз, онда бізге витамині мол салат жасап береді», дейді Д.Баққажы
Мектеп директоры Сәуле Үсенованың айтуынша, «Жасыл мектеп» жобасы бес жылға жоспарланған. Келесі жылы демеушілер тарту арқылы жылыжай аумағын кеңейту межеленіп отыр.
«Мектеп қызметі бағыттарының бірі – оқушыларға экологиялық тәрбие беру, оларды еңбекке баулу. Жылыжай ісі жаратылыстану пәнін меңгеруде пайдалы болуымен қатар, балаларды еңбекпен тәрбиелеуге де үлес қосып отыр. Осындай жобалардың арқасында бала өзі отырған кабинет пен партаға ғана емес, мектептің ішіне де, сыртына да, ауласына да, жалпы тұтас табиғатқа қамқорлықпен қарауды үйренеді. Бұл балалардың бойында жастайынан азаматтық жауапкершілікті қалыптастырады», дейді ол.
Жалпы, Ынтымақ аулындағы №30 орта мектеп биылғы оқу жылының үшінші тоқсанында ашылған болатын. Мектеп 1200 орынға арналған. Қазір мұнда 800-ден астам оқушы оқиды. Жаңа оқу жылында оқушылар қатары толығады деп күтіліп отыр. Мектеп ауласына қазір 70 түп ағаш отырғызылған, соның 30-ы декоративті, 40-ғы – жеміс ағашы.
Айтпақшы, осы жылыжай ісін дамытуға қатысқан оқушылардың бір бөлігі жазғы демалыспен қамтылады. Белсенді болған әр балаға осындай мүмкіндік берілмек. Биыл өңірде 1–10 сынып оқушыларының 102,7 мыңы немесе 85 пайызы жазғы сауықтырумен қамтылмақ.
Осы ретте айта кетейік, облыста түрлі іс-шараға қатысып, белсенділік танытқан және білім байқауларынан жүлделі болған әрбір оқушы жазда тегін демалады. Сол мақсатта қала сыртындағы 10 лагерьдің 9-ы жұмыс істейді. Ал Ескелді ауданында орналасқан «Айналайын» балалар үйінің лагерінде күрделі жөндеу басталған.
«Әрбір оқушының еңбегі ескеріледі. Осы жылы жазғы демалыс кезінде облыстағы 1–10 сыныптарындағы 121 166 оқушының 103 мыңға жуығы демалыспен қамтылады. Оның ішінде әлеуметтік осал отбасынан шыққан 8277 бала жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын қала сыртындағы лагерьлерге, 93 223-і мектеп жанындағы тамақтандырылмайтын 308 лагерьде, 1200-і Текелі қаласындағы спорттық лагерьде демалады. Сонымен қатар 19 820 бала туристік саяхаттармен, 18 998 бала интеллектуалды шыңдаумен, 46 507 оқушы еңбекпен, 32 700 бала шығармашылық үйірмелерімен қамтылады. Оған қоса республикалық бюджет қаражаты мен «Қазақстан халқына» қорының есебінен де балалар демалысы ұйымдастырылады», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.
Қазір өңірде түрлі ғылыми жоба қолға алынып, өз нәтижесін беріп жатыр. Әсіресе осындай ауылдық жерлерде түрлі жоба жүзеге асып, ауыл балаларының білім деңгейі артып отыр. Алдағы уақытта шалғайдағы елді мекендердегі оқушыларға арналған жаңа жобалар іске асады.
Талдықорған