Өткен айдан бері Ертіс өзенінде кемелер жүзе бастады. «Қазақстан су жолдары» кәсіпорнының Павлодар филиалы хабарлағандай, қазан айының соңына дейін павлодарлық кәсіпкерлер суүсті жолымен Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына және Ресейге өз жүктерін толассыз жеткізіп, алыс-беріс еселене түседі.
Ертіс-Баян өңіріндегі су жолдарының жалпы ұзындығы 700 шақырымнан асады. Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Ернұр Еслаудың мәліметінше, навигациялық кезеңге қатысты дайындық жұмыстары аяқталды.
«Жақында Майтүбек – Павлодар қаласы бағытында кемелердің суда жүзуіне рұқсат берілді. Енді Павлодар – Төменгі Алексеевский (РФ шекарасы) бағытында су көліктері толассыз жүре алады. Қазір біздің инспекцияның арнайы есебінде Павлодар облысы бойынша үлкен көлемді 102 су көлігі тіркелген. Олардың ішінде екі кеме жолаушылар тасымалына арналған. Павлодар өзен вокзалы бұл құралдарды өзен үстіндегі жолаушылар серуенін ұйымдастыру үшін пайдаланып келеді. Өзгесі – жүк тасуға, су жолдарына арналған су көліктері. Қазір ішкі су жолдарының жағдайын «Қазақ-стан су жолдары» ұйымы жергілікті филиалының мамандары тексереді», дейді инспекция өкілі.
Ішкі су жолдары арқылы жүк және жолаушылар тасымалдайтын өзен көліктерінің қызметкерлері уақыт сайын біліктілігі мен деңгейін арттырып отыруы керек. Мысалы, кеме капитаны бес жылда бір мәрте аттестаттаудан өтеді. Оның көмекшілері мен механиктерге және басқа мамандарға өз деңгейін арттыру үшін дипломдау жүйесі қарастырылған. Былтыр 14 капитан өз деңгейін дәлелдесе, биыл жыл басынан бері тағы 8 капитан аттестаттаудан өткен. Ал 33 кеме маманы өз деңгейін көтеруге мүмкіндік алды.
«Өзен қайықтары да арнайы есепке алынады. Мұндай су көліктерінің жалпы саны – 1 454. Дейтұрғанмен, бұл есепке салмағы 200 келіден, қозғалтқышының қуаттылығы 10 аттың күшінен асатын шағын көлемді қайық құралдары ғана енеді. Ал есепке тіркелген суда жүзу құралдарын басқарушыда арнайы жүргізуші куәлігі, кеме билеті болуы міндетті. Арнайы есепке жатпайтын шағын қайықтар еш тіркеусіз жүре береді», деп толықтырды маман.
Бүгінде өзен бойын өрлеп, жүк тасу тек Павлодар облысында ғана сақталып отыр. «Қазақстан су жолдары» РМҚК «Кеме қатынасының тіркелімі» филиалының ішкі су көлігі бөлімінің инженері Сергей Исаенко кемелер де автокөліктер сияқты әр жыл сайын техникалық тексерістен өтетінін айтады.
«Біздің құзыретімізге базаға тіркелген су көліктерінің техникалық жағдайын бағалау, кем-кетіктерін дұрыстап, бекітілген қағидалардан ауытқымауын қадағалау кіреді. Жалпы, кемелердің техникалық күйін тексерудің екі түрі бар. Бірі – жыл сайынғы техникалық байқау, екіншісі – пайдаланылып жүрген су көліктерін әр бес жылда бір рет куәландырудан өткізу. Техникалық байқау барысында су техникасында орнатылған қозғалтқыш қондырғысының қуаты, кеменің конструкциялық кешені, қозғалыс кезінде жанып тұратын шамдары, құтқару және өртке қарсы құралдары, навигациялық жабдықтары тексеріледі. Яғни су көлігінің жүзу барысында ең қажет етілетін техникалық мүмкіндіктері зерделенеді», деп түсіндірді ол.
Ертіс-Баян өңірінде қазір 94 кеме жыл сайынғы техникалық тексерістен өтуге міндеттелген. Заңнамаға сәйкес, палубалы шағын су көліктері (қайықтар) де техникалық байқаудан өтуге міндеттелген. Бірақ бұл жерде де өзіндік нормативтері бар. Егер орташа көлемді кемедегі жолаушылар орындығының саны 12-ден, ал ұзындығы 20 метрден аспаса және палубасы жоқ болса, ол тексерілмейді. Жыл басталғалы Павлодар облысы бойынша әдеттегі тексерістен – 7, куәландырудан 4 кеме өтіп үлгерген. Павлодар облысында кеме ісін жақсы білетін, жөндеуді сапалы жүргізе алатын мамандар баршылық. Кеме жөндеу зауыты да жанымызда орналасқан. Бұл кәсіпорында салмағы ауыр баржалар да жөнделеді.
Атап өтерлігі, Павлодар облысында уылдырық шашу кезеңіне байланысты 30 мамырға дейін балық аулауға уақытша тыйым салынған. Бұл кезеңде Ертіс өзені мен басқа да су айдындарында үлкен кемелерден өзге су көліктерінің жүзуіне рұқсат жоқ.
Павлодар облысы