Құлсары қаласында су тасқынынан бүлінген үйлерді бағалау жұмысы әлі жалғасып жатыр. Бұл жұмысты 10 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жылыой аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпованың мәліметінше, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан 2 639 өтініш түскен. Тұрғындарға бүлінген үйлерді бағалау және техникалық зерделеуге байланысты 2 583 қорытынды берілген.
«Құлсары қаласының 1 594 тұрғыны өтемақы алу туралы келісімшартқа қол қойды. Жергілікті 1 165 тұрғынға өтемақы қаржысы төленді. Оның ішінде 722 тұрғын баспана сатып алу, 443 адам тұрғын үйін жөндеу-қалпына келтіру үшін төлем алды», дейді Ж.Дүсіпова.
Мәселен, Құлсары қаласының тұрғыны Сегіз Бердіқұлов сарапшылардың бүлінген мүлікті бағалау қорытындысына келісімін беріп отыр. Сол себептен енді Жылыой ауданының әкімдігіне жүгініп, өтемақыны ақшалай алғысы келеді. Ал 5-учаскеде тұратын Қожантай Дәуітовке де бағалау комиссиясының қорытындысы берілген.
«Тасқын судан бүлініп қалған мүліктерімді әділ бағалады деп ойлаймын. Енді бағалау қорытындысына сәйкес төленетін қаржымен үйімді толық қалпына келтіруді ойластырып отырмын», дейді Қ.Дәуітов.
Тұрғындардың арасында үйіне жөндеу жүргізуді қолға алғандар бар. Соның бірі – 74 жастағы ардагер теміржолшы Айтбай Шайпахов. Ұзақ жылдан бері Құлсары қаласындағы 4-учаскеде тұратын зейнеткердің 2018 жылы салынған үйін су басқан.
«Өтемақыға берілген қаржыға қажетті материалдарды сатып алып, жөндеу жұмысын бастаған едік. Үйіміздің ішкі бөлігін 15 күнде толық жөндеуден өткіздік. Бұрынғы есіктерді жаңасымен алмастырып, еденіне линолеум төседік. Енді үйдің сыртқы бөлігіне жөндеу жүргіземіз», деп алақанын ысқылап отыр А.Шайпахов.
Онымен бір учаскеде тұратын Нәсіпбай Сағынбаевтың үйі құлап қалған. Отбасындағы 5 баласымен киіз үйде тұрғанына екі айға жуықтады.
«Отбасымызбен ескі үйде тұрған едік. Сол үйге 1989 жылы көшіп келгенбіз. Кейінгі 5-6 жылдан бері жинаған қаржыма құрылыс материалдарын әкеліп, үйімнің қасынан жаңа баспананың қабырғасын көтеріп қойғанмын. Қазір өтемақының қаржысын аяқталмай қалған үйдің құрылысына жұмсауды көздедім. Жұмысшылар көмекке келді. Олар үйдің шатырын жабуды бастады. «Қыстың қамын жаз ойла», дегендей осы бастан қамданудамыз. Балалар өсіп келеді. Сол себептен құлаған үйім тұрған жер телімін өзіме қалдырдым. Алдағы уақытта балаларым сол жерге үй салуы мүмкін», деп жоспарымен бөлісті Н.Сағынғалиев.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, тасқын судың салдарынан бүлінген әлеуметтік нысандар да бар. Мәселен, Білім-инновация лицейі мен «Салтанат» балабақшасының ғимараты апатты деп танылып отыр. Сол себептен бұл білім ордалары үшін жаңа ғимарат салынады. Тағы бір мектеп пен бір балабақша нысанына күрделі, 3 білім ордасы мен 1 балабақшаның ғимаратына жөндеу жүргізіледі.
«Қазір Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында жаңадан салынатын 100 тұрғын үйдің іргетасын құю жұмысы басталды. Қыркүйек айында пайдалануға берілетін 80 үйді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салу жоспарланып отыр. Ал 20 үйдің құрылысын жүргізуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді», дейді Ж.Бисембиев.
Облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдың дерегіне қарағанда, арнайы бөлінген жер телімінде бетон төсеу жұмысымен қатар іргетас, монолит құю атқарылып жатыр. Құрылыс алаңында экскаватор, автотиеуіш, автоаударғыш, автокран секілді басқа да техникалар тартылды. Жаңа баспаналардың құрылысын жүргізуге жергілікті жерден қажетті инертті және өзге де материалдар табылып отыр. «Қазақстан халқына» қорының талаптарына сәйкес, құрылысты жүргізетін мердігерлер жергілікті мекемелерден таңдалған.
«Әр тұрғын үйдің жалпы көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Жобаға сәйкес жаңа үйлерде 5 бөлме болады. Оған қоса үйдің ішінде санитарлық торап қарастырылған. Тұрғын үй құрылысына жұмыс күшін тарту бойынша лимит саны көбейтілді. Құрылыс жұмыстарын «Орлан», «Армандастар-Атырау» және «Казкомсервис» ЖШС жүргізуді қолға алды. Бұл компаниялардың әрқайсысына 50-ге жуық жұмысшы тартылып отыр», деді Е.Қадырбай.
Атырау облысы