• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Мамыр, 2024

Ғибратты ғұрыптарды мансұқтамайық

123 рет
көрсетілді

Жаһандық даму жылдамдап, бірегей мәдениеттердің басына су құюға айналғанда, өркениетті елдің дені етек-же­ңін қымтап жатқаны белгілі. Салт-дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктерін сақтап, гүлдендіруді көздейді. Мәселен, корейлер ұлттық мәдениетін қаз-қалпында сақтау үшін байырғы ауылдарын сол қалпы ұстап отыр. Төбесі шөппен басылған қос секілді ескі үйлер әлі күнге тұр. Бізде бәрі құрып жатыр деуден аулақпыз, алайда айдың, күннің ама­нында ғұрыптық құндылықтарымызды бұрмалап, келемеждегендей жағдайлар әлеуметтік желілерді аралап жүр­гені белгілі. Бір бейнеде орта жастан асқан адамды бесікке құндақтап, астына «күйеуіңіз үй көрмесе, бөлеп қоятын бесік сатамын» деп жазыпты. Миллиондаған қаралым жинаған жария ма­зақты шығарушылардың ойын­да не барын білмедік. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қазақтың жанды жері бесік екенін біле ме екен? Осы орайда мән-жайды айтып, ел таныған азаматтардың пікірін біліп көр­ген едік.

Өмірзақ Озғанбаев,

«Ардагерлер ұйымы» респуб­лика­лық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары: 

–  Иә, бесік ұлт мәдениетінің алтын тиегі десек жаңылыспай­мыз. Кейінгі елужылдықты есепке алмағанда, қазақтың ең ежелгі бабаларынан бастап хандық дәуірден бері мұқым қазақ бесіктен шыққанын айтса да жеткілікті. Кейінгі кездері әлеумет­тік желі­лердегі ғасырлар бойы қа­лып­тасқан салт-дәстүрлері­мізді, ұлттық құндылықтар­ды келемеждеуге ке­ліңкірейтін ке­лең­сіздіктер қатты алаңдата­ды. Әр халықтың кемсітуге, ке­лемеждеуге жатпайтын ерек­шеліктері мен құндылықтары бар. Олар сол халықпен ғасыр­лар бойы жасасып келе жат­қан ұлттық қасиеті, тіпті ар-намысы десе артық емес. Біздің халық Отан атты ұғымның өзін алтын бесік туған жер деп бейнелеп айта­ды. Сонымен қатар мансұқта­лып жатқан жалғыз бесік қана емес екенін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген ұғымдар жүрдім-бардым қа­­рағанды көтермейді. Дамудың жолына түс­кен бірде-бір ел ондай қасиетті ғұрыптарын ке­ле­ке еткенін көрмедік те, естімедік. Оның үсті­не Қазақ елі үлкен өзгерістердің, ұлы мақсат­­тардың табалдырығында тұрған халық. Мұны ес­керу керек әрі соған сай әрекет етуге лайық­­ты бол­майынша іс оңалмайды. Іс оңалу үшін Отан, ұлт, оның құндылықтары алдында әр қа­зақ жауап­кершілікті өзінен бастауға тиіс.

 

Руслан Рүстемов,

Парламент Се­натының депутаты: 

– Әдет-ғұрыптардың ұлттың рухани бай­лығына, салт-санасына, адам­гершілігіне, сау­лығына әсері зор. Оны мойындауымыз керек. Мәселен, сәбиді бе­сік­ке бөлеудің фи­лосо­фиялық мәні бар, екінші жағы, баланың таза­лығына, ден­сау­лығы мығым болып өсуіне әсері көп. Бе­сік жырын санасына сіңіріп өскен бала ұл­тына адал болып қалып­тасатыны да анық.

Қазақ ұлтының символика­лық болмысын суреттегенде есі­мізге жылқы, шаңырақ, домбыра, сосын бесік түседі. Аталарымыз бесікті қасиетті бұйым санады. Тіпті бос бесікті тербетуге болмайды деп тыйым салатын. Өйткені үйге келген адам бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей-ақ білдірген жайттар орын алғанын тарихтан білеміз.

Енді осы ғұрыптар жүйесі­­нен жирендіретін жағдай әлеу­мет­тік желіде тарап, жағамыз­ды ұстадық. Шыны керек, күлді­рем деп қоғамды бүлдіріп, дәстүр­лі қазақ қоғамына рухани ша­буылды өзгелер емес, өзіміз жа­сап жатқанымызды түсіне­міз бе? Кейінгі жылдары тойда Батыстан енген элементтер көбейіп, қайсысы дәстүрімізге сай, қайсысы жат екенін ажырата алмай қалдық. Ендеше мұндай жиын­дарымызды ұлттық ерекшелікке сай қайта қарап, реформалау маңызды. Ақпараттық заман­да саналы адамдар лайк басып емес, ұлттық салт-дәстүрге бекем боп, лайықты өмір сүрудің жолын таңдағаны дұрыс. Болма­са, жас буынға қандай тәлім қал­дырамыз?

Бесік құрлы ұлт мәде­ние­ті құндылықтарының қай-қайсына да асқан жауапкерші­лік таныту керек. Былтыр домбыраны ұшаққа алдырмай қойғанда ел шулап кете жаз­даған. Халқымыздың домбырасы мен қо­бызы, киіз үйі мен бесігі заң­­мен қорғалу керек шығар? Олай болмаған күнде сауық қу­ған­дар қызды-қыздымен ойына кел­генін жалғастырмасына кім кепіл?

Тілі мен жүрегі, ойы мен сөзі бір жерден шығатын кез кел­ген қазақтың осылай сөй­­лері анық. Өркениет төріне озған елдің дені әдет-ғұрпы мен салт-санасын заманауи жетілдірген сайын дами түседі. Оны мансұқтап, өз пиғылына пай­далану көрген­сіз­дік боларын түсінген ұлттардан үлгі алған дамушы елдің болашағы қашан да жар­қын.