Көңілдегі көрікті ойдың кестеленіп қағазға түскенінің бәрі өнер ме? Жоқ, әрине! Біздіңше, жүректі қозғап, көңілге ой салғаны, жанды тазартып, сананы сілкінткені – жауһар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылболат Смағұловтың шеберханасына бас сұққанда назарымызды бірден өзіне бұрғызған бұл картина бояу палитрасының парасатымен ғана емес, ондағы кейіпкердің қайшылыққа толы характерімен де еріксіз жанында ұзақ кідіртті.
«Аза. Құлагердің ажалы» деп тақырып қойылыпты туындыға. Керілген кенепке түскен шағын картина өмірдің бар философиясын бойына сыйдырғандай. Ал ондағы қайғы жұтып, тұлпарының басын құшқан Ақанның алай-дүлей әлемі бояу тілінде қалай шебер, шынайы жеткізілген дерсіз. Картинаға көз тоқтатып тұрып өзіңіз де Ақанның азалы күйін көңіл көзінен өткізіп, бастан кешкендей әлемтапырық сезім сергелдеңіне түсіп кетесіз. Бұл күйіміздің төркінін ұға қойған суретші сауалымызды күтпестен туынды тарихынан тарқатылар әңгімесінің тиегін ағытты:
«Әуелгі мамандығым актер болғандықтан, кейбір ойнаған кейіпкерлерімнің тағдыры көңілге көшіп алып, толғантып санамда ұзақ өмір сүретіні бар. Оны рөліңмен бірге сахнада ойнап, ішіңнен шығарып тастау мүмкін емес. Мұндай сәтте қылқаламымды қолға алып, кенепке жақындаймын. Сондай кейіпкердің бірі – Ақан сері. «Мінгені – тұяғы асыл тұлпар, ерткені – құмай тазы, ұшырғаны – қыран бүркіт, сүйгені – сұлу, салтанаты – серілік, көмейі – тұнған ән-жыр» десек те, Ақанның тағдыры трагедияға толы. Менің шығармашылығымда Ақан тақырыбын қозғаған жұмыстар өте көп, тұтас цикл десем болады. Соның бірі – осы «Құлагердің ажалы». Сұмдық трагедия ғой. Анандай аузымен құс тістеген жануар біткеннің жүйрігін жолында жайратып салу үшін қандай жүрексіз жан болу керек екен?! Ал Құлагерін жанынан артық көретін Ақанның сол кездегі көңіл күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Баспа-бас қызға бермес жануарым» деп Құлагердің басын құшақтап отырып зарлап жоқтайтыны... Осы күй мені актер ретінде де, адам ретінде де қатты толғантатын. Міне, сол толқыныстардың жанымды жарып шыққан жарықшағының бірі – осы картинам. Бұл суреттің жалғасы бар, «Шырмауық» деп аталады. Ақанның соңғы шыққан әндерінің бірі – әйгілі «Шырмауықпен» аттас.
«Дүние, қызыл-жасыл кімді алдадың?
Сен берген ризықтан құр қалмадым.
Дәуренді мендей сүрген кім бар екен,
Сонда да қызығыңа бір қанбадым», дейді Ақан.
Мына жұмыс сол – Ақанның Құлагерінен, Ақтоқтысынан айырылып, қыран құсы Базаралысын жоқтаған күйін бейнелеген картина. «Шырмауық» әнінде: «Бұл күнде ағаң болдым төр алдында, Бір кезде Ақан едім аспандағы» дейді ғой. Сол Ақанның бәрінен, барлық қасиетінен айырылып, айналасынан, өзінен өзі безініп, дала кезіп кетті дейтін ел арасында айтылатын көп аңыздың негізінде туып еді. Өткен өмірін есіне алып, домбырасын құшақтап құлазып отырған кезін бейнеледім», дейді суретші.
Иә, актерлігі – бір төбе. Ал суретшілігі сан қырлы таланттың қылқалам құдіреті арқылы кенепті кере кескіндеген картиналарының қай-қайсысы да тереңдігімен, мазмұн дегдарлығы һәм талғамының биіктігімен бағалы. Түрлі жанрдағы суреттер, келісті композициялар, портреттер, пейзаждар өзіндік орындалуымен ерекшеленіп, мазмұндық тереңдігімен баурап алды. Әсіресе «Уақыт», «Ана», «Шырмауық, жалған дүние», «Асау күрең», «Қалыңдық» сынды картиналары мен Қорқыт, Ақан сері, Баян Сұлу, Қыз Жібек, Бекежан портреттері де өзіндік ерек қолтаңба, дара көзқарас, парасатты пайымымен көңіл арбайды.
«Өзімді кәсіби суретші деп санамаймын. Бірақ өнертанушылар, кәсіби суретшілер жұмысымды жоғары бағалап, көрме өткізуге жиі кеңес береді. Шедеврлер жазып, кәсіби суретшілермен бәйгеге түсетін ойдан аулақпын. Не социализм, не капитализм емес қазіргі біздің қоғам сияқты, менің де жұмыстарым примитивизм мен реализмнің арасында адасып жүрген «измдердің» бірі болар. Бүгінде аты әлемге әйгілі суретші Ван Гог марқұм көзі тірісінде бірде бір картинасын сата алмай, бар өмірі жоқшылықта өткен ғой. Ал қазір оның бір ғана «Күнбағыстары» бәлен миллион доллар! Сол сияқты біздің суреттерді де бір замандарда бағалайтын ұрпақ туар. Әзірге міндетіміз – еңбек ету, өнер тудыру», деп әңгімесін әзілмен түйіндеген әртіс алысқа, тым-тым алысқа көз тікті.