• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Зерде 31 Мамыр, 2024

Жайықтағы НКВД лагері

257 рет
көрсетілді

Айналасы тікен сыммен қор­шал­ған, жарығы жоқ барактар.­ Әр жерде биік мұнарада винтовкалы атқыштар, жерде арпыл­да­ған неміс овчаркалары мен қа­ты­гез күзетшілер. Адам тұр­ғы­сыз ауыр жағдай, тұтқындарды айуандықпен жәбірлеу...

Осындай сипаттағы ХХ ға­сыр­да­ғ­ы концлагерь туралы киноларды көр­ген­де кеудесінде адамгершілік сәулесі бар әр пенденің жаны түршігер еді. Кейінгі жылдардағы зерттеу барысында Батыс Қазақстан облысы аумағында да осындай бір емес, бірнеше лагерь бол­ғаны анықталды. Тек олар «еңбекпен түзеу лагері» деп аталатын. Соның бірі Терек­ті ауданы Придорожный ауылында орна­ласқан екен. Тіпті саман тастан салын­ған бір барактың бөлшегі толығымен сақ­тал­ған. Төбесі жабылған, қабырғалары, бөл­ме­лері, есіктері, пештер, дәліз бәрі сол қал­пын­да.

Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытындағы жұмыстар 2021 жылы қолға алынды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығынан кейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің қаулысы шығып, соған орай өңірлік комиссия құрылды, жұмыс топтары жасақталды. Ғылыми зерттеу бағытындағы тәжірибемізді ескеріп Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасы жұмыс тобының қызметін ұйымдастыруды «Dana» ғылыми зерттеу орталығына тапсырды. Орталықтың ғылыми қызметкері, Батыс Қазақстан облы­сы бойынша жазалау лагерьлері мен НКВД конторларын анықтау бағы­тына жауапты болып әріптесім Альфия Байболсынова белгіленді. Осы тақы­рып­пен қатар Алашорданың Батыс бөліміне қа­тысты да зерттеу жұмыстарын жүр­гіз­ген Альфия Сабырғалиқызы 2023 жылы мамыр айында Теректі ауданы Придорожный ауы­лында ХХ ғасыр­дағы еңбекпен түзеу лагерінің орнын көзбен көріп, куәгер­лер­мен кездесу үшін арнайы барып келді. Соны­мен қатар Батыс Қазақстан облыстық мем­ле­кеттік архивінен осы лагерьге қатыс­ты құжаттарды да тапты. Қазір лагерьге қа­тысты архив құжаттары жинағын дайын­дап­ жатыр.

2023 жылы желтоқсан айында лагерьдің орнымен танысу, орындарды биіктен аэро фото-видеоға түсіру, төңірегіндегі елді мекендерден естелік айтар адамдар табылса, сұхбаттасу мақсатымен біз де арнайы бар­дық.

Лагерьдің орнын көрсетіп, куәгер­лер­мен кездесуді Теректі ауданы Алғабас ауы­лы­ның кітапханашысы Жұмазия Уәлиол­­ла­­­қызы ұйымдастырды. Алға­бас­­тық же­ке кәсіпкер, тарихқа жанашыр азамат Қанатқали Ерғалиевтің қолдауымен Жұ­ма­­зия Уалиоллақызы нағашысы, осы лагерь­­де жазасын өтеген Самиғолла ағаны алып, Алғабас ауылынан Придорожныйға келетін болды.

Әкесі кезінде осы лагерьде жазасын өтеген Кенжебай Рахимов Орал қаласынан жол көрсетуге бірге шықты. Ағамыз төре тұқы­мынан. Кенжебай ағаның өзі 1956 жылы Теректі ауданына қарасты Көбенсай ауы­л­ында дүниеге келген. Әкесі Жұма Рахи­мов 1913 жылы Бөрлі ауданының Қара­кемер ауылында туған. Соғыстан кейін 1950 жылы сотталған. «Нақты себебін біл­меймін, бірақ аса маңызды нәрсе емес екені анық. Жазасын Придорожныйдағы ең­бекпен түзеу лагерінде өтеген. Жалпы, үш жыл қамауда отырған. 1953 жылы көк­тем­де Сталиннің қазасынан кейін жоғары билік тарапынан жарлық шығып, көптеген сот­талушы бостандыққа шықты. Әкем де солардың қатарында еді», дейді аға­мыз. Естелік айта отырып, бір­қатар жайт­пен бөлісті. «Әкемнің және сол лагерь­де қамауда болған жер­лес­тер­дің айтуынша, барлығы баракта тұрған. Лагерь ай­на­­ла­сындағы плантацияда жұмыс істе­ген. Шошқа өсіретін ферма да болған», деді.

Кейінірек, шамамен 90-жылда­ры­ Кенжебай аға бір танысынан әңгі­ме естіпті. Айтуынша, ол осы При­дорож­ныйда сотталушылар арасында үлкен жанжал шығып, даудың басталуына кінәлі делінгендерді лагерь күзетшілері көптің көзінше, тұрған жерінде атып салған деседі. Қазір ол кісі өмірден өтіп кеткен. Сонымен қатар лагерьде жүргенде өз-өзіне қол салғандарды көметін бөлек бейіт болған.

Жолшыбай Кенжебай ағаның есте­лігін тыңдап, әңгіме-дүкен құра оты­рып, Придорожный ауылына да келіп жеттік. Келісім бойынша естелік айту­ға келген ақсақал – Самиғолла Қажы­мұ­ратов, 1956 жылы туған, Теректі ауда­нына қарасты Алғабас ауылының тұрғыны. Самиғолла ағаның нағашысы осы маңдағы лагерьде болған екен. Бала кезінен нағашысының әңгі­месіне қа­нып өскен. Есінде қалға­нын бізге айтып берді. Айтуынша, наға­шы­сының аты-жөні – Зұқұл Тасболатов, 1916 жылы туған. Кезінде Шөптікөл деген ауылда басқарушы болған. Өгізбен жер жыртқан, артынан әйелдер жем шашып жүрген. Жақсы жұмыс істегені үшін өкімет велосипед берген екен. Соны бір күні көршісі қолқалап сұрай келіпті. Наға­шысы бермепті. Кешкісін қараңғы түсіп кеткендіктен, ертең егерміз деп, егіп үлгермей қалған екі шелек жемді алып үйіне келеді. Сол түні үйіне НКВД адам­дары келіп, жем үшін болу керек, тұт­қын­дайды. Кейін 10 жылға жаза кес­кен. Жарты мерзімін Оралда түрмеде өтеп, содан соң Придорожныйдағы лагерьге ауыстырған. Өзі осы жақта мал баққанын айтыпты. Сталин қайтыс болғаннан кейін арнайы жарлық шығып, бостандыққа шыққан.

– Нағашым лагерьде карцер бол­ға­нын, ерлермен бірге әйелдер де отырғанын айтатын бала кезімде. Олар шошқа ұстаған, сиыр сауған. «Таңертең жұмыс істеуге айдап әкетіп, кешке әкеліп, кері қамайды. Биіктеу жерде «вышкалар» болатын. Солардың үстінен солдаттар қарап тұрады. Айналаның бәрі тікенек сыммен қор­шал­ған. Қашып кетуге мүмкіндік болмады. Таудың арасынан жер қаздырды. Сол жерлерде кейін клуб, кеңсе салынды. «Жағдай ауыр болды. Аштықтан, аурудан көп адам өлді», дейтін еді нағашым. Сталинка жақта бейіт өте көп дейтін. Кейін есейгенде өзім де қарағам, расымен, төмпешік өте көп екен, – дейді Самиғолла аға.

Дронмен биіктен видеоға түсіріп, ест­е­ліктер жазып алдық. Ең басты олжа­мыз лагерьдің орнын көзімен көр­ген, барактың бір бөлшегін сақтап қалған Шапағат аға­мен кездесу болды. Басында қатқыл сөйлегенімен, ақкөңіл ақжарқын адам екен. Құнды естеліктерімен бөлісті.

Шапағат Мырзахметұлы осы При­до­рож­ный ауы­лы­ның байырғы тұр­ғыны, 1950 жылы туған. Ата-бабасы мол­да болған, өте сауатты адам­дар екен. Өзінің айтуынша, атасы Құсайын Шеген­­байұлы Атырау жақты мекен еткен. Өте білім­ді, сауатты, молда бол­ған адам. Әрі бай, әрі молда. Денесі ірі, бойы екі метр шама­сында екен. Кәм­песке кезінде қуғындалып, елден жыраққа қашып, 1941 жылы желтоқ­сан­да кеңес өкіметі әлсіреді, ел ты­ныш­­талды деп туған жерге оралған екен. Келген бойы ұстап алып, атып тастапты.

«Бұл жер жай ғана түрме емес, еңбек­­­ші­лер лагері болды ғой. Осы маң­ның бәрі план­­тация болған, көкөніс өсір­­­ген», деп еске алады аға. Көрші-кө­лем­­­­нің көпшілігі сол лагерьде отырып, кейін жабылғанда осы аумақта та­­мыр жайып қалғандар екен. Ла­герь жо­­йылса да, бірқатары ауыл­да қа­лып, ұр­пақ өрбіткен, еңбек еткен, өсіп-өн­ген. Ел ағаларының айтуынша, ауылдың ла­­герь­ емес тұсында, Семеновка жағында не­­­міс, татар, т.б. өзге де ұлт өкілдері тұр­­ған.­

– 70-жылдардың басында лагерьдің орнын әдейілеп бұзды. Саман тастан салынған барактар еді. Ұзындығы 50 метрдей, ені 15 метр шамасында болатын. Бізге жақын маңда тұрғаны кеңсе болған, офицерлер отырған және жазасын өтеушілердің орны бол­ған деседі. Қазір мен оны қойма ретінде пайдаланып отырмын. Ортада ұзын дәліз, жан-жағында бөлмелер салынған. Екі бөлмеге ортақ пеш болған, сол арқылы баракты жылытқан екен. Кезінде сотталғандар екі қабатты темір кереуетте жатқан. Кейін сол кереуеттерді тұрғындар темір-терсекке тапсырып тастады. Көбенсайда да көп бөлмелі үлкен барак болған. Сондай-ақ Көбенсайда кезінде май зауыты жұмыс істеді. Антипов дегеннің әйелі зауытта директор еді, осында май, сүт, ірімшік өнімдерін шығарып, Федоровкаға таситын, – дейді ақсақал.

Қазірде қойма ретінде пайдаланып отырған лагерьдің бір бөлшегінің сақ­талған жерін апарып көрсетті. Біз таң қал­дық. Осыған дейін бұл ауылға талай келген сапар­ластарым да аң-таң. Ескі құрылыс, есік-терезесі сол баяғы лагерь кезінен қалған. Пештері де сол күйі сақтаулы. Қой­маның ішін аралап жүріп, лагерьдің қан­дай кейіпте болғанын ойша елестетуге бо­лады.

Шапағат ағаға кең пейіл құрметіне разылығымызды айтып, бұрын Ста­линка деп аталған жерге жол тарттық. Сталин­ка­дан Придорожныйға дейін шамамен 16 шақырым. При­до­­­­рож­ныйдың айналасында түрлі бау-бақ­ша алаңы болған, Сталинкада жа­за­сын өтеушілерді таңғы бестен жаяу ­айдап, Придорожныйға әке­ліп жұмыс ­жа­сатқан екен. Бұл маңда өзге ұлт өкіл­дері жерленген зират бар. Бір ерек­шелігі, жерленген аза­мат­тардың аты-жөні мен қайтыс болған жылдары ғана жазылған, туған жылдары көрсетілмепті.

Альфия Байболсынова Батыс Қазақ­стан облыстық мемлекеттік архи­вінен дәл осы лагерьге қатысты 1949-1952 жылдардың құжаттарын анықтады. Осының негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Dana» орталығы ХХ ғасырдың 20-50 жыл­дарындағы Батыс Қазақстан облысында болған лагерьлерге қатысты арнайы жинақ шығаруды жоспарлап отыр. Соның ішінде №12 жеке лагерьлік пунктіне қатысты облыс­тық архивтегі құжаттар қамтылатын болады.

Облыстық архивте 1949-1952 жылдар шамасындағы прокуратура тарапынан болған тексерістерге қатысты толтырылған құжаттар, лагерьдің басшылыққа жіберген баяндама хаттары, басшысы ауысқан кезде жасалған акті, басқа да құнды құжаттар сақталған. Тек қай уақытта ашылғаны, нақты қай уақытта жабылғандығы жөнінде деректер кездеспеді.

1949 жылғы қыркүйек айындағы мәлі­мет бойынша №12 жеке лагерь­лік бөлім 4 учаскеде орналасқан. №1 учас­ке Орал қаласында, №2 учаске ­№1 учаскесінен 8 км қашықтықта, №3 учас­ке қаладан 3-4 км қашықтықта. №4 шаруашылық, өндірістік орталығы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Придорожный ­ауылында, Орал қаласынан 80-90 км жерде деп көрсетілген (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №5, б-5-8). Придорож­ный­дан 16 км, Орал қала­сынан 85 км қашық­тықтағы Көбенсай деген жерде ауыл­шаруашылық алаңы болған. Лагерь шаруа­шы­лығының жалпы көлемі ­­15 022 гектар болған (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №9, б-2). Кан­целярия штабы­ №1 учас­ке­нің аумағында орналасқан, тек жазасын өтеу­ші­лердің орынжайларынан сыммен қоршалып бөлінген (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №5, б-49).

1949 жылдың қыркүйек айын­да ­лагерьде жалпы жазасын өтеушілер­дің саны – 1130, оның ішінде ер адам – 903, әйел адам – 227 деп көрсетіл­ген. (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №3, ­б-21-22).

1949 жылғы дерек бойынша жазасын өтеушілердің санын көрсетіп, былайша жіктепті: 58-10 бап бойынша – 55, 1947 жылғы 4 маусым жарлығы бойынша – 299, 1932 жылғы 7 тамыз қаулысы бо­йынша – 56, 107 баппен – 96, 166 баппен – 23, 1940 жылғы 26 мау­сым жарлығы бо­йынша – 28, РСФСР ҚК басқа баптары бойынша – 349 адам тұтқын (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №8, б-12-15). Мұның ішінде 58-10 бап дегеніміз – сол кездегі Қылмыстық кодекс бойынша совет өкіметін құлату, әлсірету бағытында үгіт немесе насихат жасап, контрреволюциялық қылмыстар немесе осы мазмұнды әдебиеттерді таратқаны не шығарғаны үшін жазаланғандар.

1949 жылы прокурор тексеріс жасаған соң лагерь басшысына орындау үшін арнайы ұсыныстар берген. Соның ішінде контрреволюциялық сипаттағы бап бо­йынша жазасын өтеушілерді басқаларынан бөлек орналастыруды тапсырған. Облыс­тық «Екпінді құрылыс» газетіне жазылуды қамтамасыз етуді де ескеріпті.

1949 жылғы 25 қыркүйектегі дерек бойынша лагерьде әскери гвардия батальоны жеке құрамының жалпы саны 94 адам болған. Оның ішінде: ­1. Офицерлер – 3 адам, 2. Сержанттар құрамы – 18 адам, 3. Ефрей­торлар – 19 адам, 4. Атқыштар – 47 адам, 5. Қорғау күзеті – 7 адам. Яғни қауіп­сіз­­дік пен тәртіпті қадағалаушы кемі 94 қыз­меткер болған.

1952 жылы қаңтар айында лагерь бастығы майор Ф.И.Мирош­ниченконың орнына майор­ А.Я.Докторов бастық болып таға­йын­далған. Басшылар ауысқанда арнайы қабылдау актісі жасалған. Осы актіде лагерьдің аумағы 15022 гектар деп көрсетілген. Бұл жерде жазасын өтеушілер бау-бақша, егіс егіп, мал, құс өсірумен айналысқанын байқаймыз. Қай бағытқа қанша жер қолданылатыны, асхана, монша, құдық т.б. қажеттіліктердің ахуалы жазылған.

Шаруашылықтағы мал мен құстың да саны бар. Ірі қара мал – 697, шошқа – 746, жылқы – 228, құс – 721, оның ішінде тауық – 518, қаз – 200, үйрек – 3.

1952 жылдың қаңтар айында лагерьде жалпы жазасын өтеушілердің саны 590, оның ішінде ер адам – 478, әйел адам – 112 деп көрсетілген (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №9, байлам-1, ­б-2-8). 1949 жылмен салыстырғанда жазасын өтеушілер екі есеге жақын азайған екен.

2023 жылы желтоқсан айында Шапағат аға келер жылы қар кеткен соң азап пен аштықтан қырылған адамдардың жерленген орнын көрсетуге келіскен. Биыл көктемдегі алапат су тасқыны қар кеткен бойда баруға мүмкіндік бермеді. Содан тек 24 мамыр күні келісім бойынша кездесуге арнайы бардық. Еңбектің адамы, үйден гөрі далада көп жүреді. Жолымыз болды, енді шаруаларымен шығып бара жатқан ағаға дәл жолықтық. Бірден адамдардың жаппай жерленген деген жеріне апарды. Ауылдың дәл қасында. Қаладан Придорожный ауылына келетін қатқыл жолдың келесі бетіндегі ағараңдаған төмпешіктер екен. Шапағат аға шамамен екі гектар жерді алып жатыр деді. Жермен жүрген адамға көлемі анық байқалмайды, дронмен биіктен қарағанда бәрі анық көрінді. Ауқымы үлкен. Қанша адамның жерленгенін дөп басып айту қиын, бірақ өте көп боп көрінеді.

Естелік берушілердің сөзі архив құ­жат­тары­мен сәйкес келеді. Біз лагерьге қа­тысты куәлік әңгіме айта алатын аз ғана адам­мен сөйлестік. Архив құжаттары да 3-4 жылға қатысты, ол да толық емес. Алда­ғы уақытта әлі де қажет деректерді жинақ­тап, терең зерттеуді жалғастыру қажет.

Лагерьде азап пен аштықтан қы­­рыл­­­ған­дардың аты-жөнін барынша анықтауға, архео­логиялық барлау және қазба жұмыс­та­рын жүргізіп, орынды әлде де жан-жақты зерттеу­ге талаптанған жөн. Жаппай адам жер­лен­ген орын екені нақтыланса, міндетті түрде арнайы белгі қойып, қоршау жасау мәселесін ойлас­тыру керек.

Осы тақырыпты зерттеуде аса­ ­нә­ти­­­­желі еңбек еткен Альфия Сабыр­­­­­­ғалиқызына, лагерьдің орнымен танысуға бару сапарымызды ұйым­дастыруға көмектескен Алғабас ауылының кітапханашысы Жұма­зия Уалиоллақызына, естелік айт­­­қан Кенжебай Жұмаұлына, Сами­ғол­ла Қажымұратовқа, Шапағат Мыр­зах­метұлына, Қанатқали Өтешұлына алғы­сы­мыз­ды білдіреміз.

 

Жантас НӘБИОЛЛАҰЛЫ,

«Dana» орталығының басшысы

 

Батыс Қазақстан облысы