2010 жылы пайдалануға берілгенімен, араға сегіз жыл салып берешектеріне байланысты жұмысы тоқтаған Бейнеу астық терминалының жұмысы қайта жанданады. Мемлекет басшысы кезінде 16 гектар аумақта астық өңдеу және жем өндіру бойынша автоматтандырылған цехтар мен элеватор жұмыс істеп, бірнеше адамды жұмыспен қамтыған терминалды қалпына келтіруді тапсырған еді. Президенттің айтуынша, азық-түлік бағасының өсімін тежеу үшін ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолжетімділікті қамтамасыз ететін заманауи форматтағы сауда алаңдарын құру ерекше маңызды.
Аймақ үшін стратегиялық маңызға ие және бұл бағытта жұмыс істей алатын республикадағы жалғыз кешен – Бейнеу астық терминалы. Жалпы ауданы – 12 760 шаршы метр. Қажетті өндірістік инфрақұрылым толығымен қарастырылған. Көпфункционалды кешеннің жобасы батыс аймақты азық-түлікпен қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар негізгі тауарлар бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Биыл «Евразия Транс Логистик» ЖШС-ның иелік етуімен Бейнеу астық терминалын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Маңғыстау облысының әкімдігі «Халық» қорынан қаржы алып, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып, аталған терминал жұмысын қалпына келтіру және одан әрі жұмыс істеуге бағытталған іс-шараларды үйлестіруді қамтамасыз етеді.
«Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ірі өңірлік кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіру дәнді дақылдарды сақтау сыйымдылығының тапшылығын едәуір қысқартуға мүмкіндік беретінін, әлеуметтік және экономикалық жағынан өңірдің дамуына септігін тигізетін ірі жобаларға қолдау қажет екенін жеткізді. Жалпы құны 3,8 млрд теңге болатын жобаның техникалық жұмыстарын жүргізуге шетелдік мамандар тартылған. Жоба Маңғыстау облысының нарығын ұнмен, жеммен үздіксіз қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа логистикалық тізбекпен жеткізуге негізделген.
Бір мезетте 100 мың тонна астықты сыйғызып, тәулігіне 400 тонна ұн шығара алатын терминалда жылына 25 мың тонна кебек өндірілмек. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, терминалдың жүк айналымы жылына 2 миллион тонна болуы мүмкін. Нысанды іске қосу арқылы 200-ге тарта адамға жұмыс орнын ұсынуға, үй жануарларын жеткілікті мөлшерде жеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Соңғы жылдары қуаңшылықтан өңірдің ауыл шаруашылығы айтарлықтай зардап шеккен болатын, сондықтан терминал өнімі тек тұрғындар үшін емес, төрт түлік үшін де маңызды болып тұр.
«Қыс кезінде кебек пен жемге деген қажеттілік жыл сайын 25-28 мың тоннаға дейін артады. Бейнеу астық терминалының іске қосылуы Маңғыстау облысындағы бұл сұранысты толық қанағаттандырады. Қазір кебек Қостанай облысы, Батыс Қазақстан облысы мен Ресейден тасымалданып отыр. Көрші елде олардың өндірісі арзан болғанымен, тасымалдау өнімнің өзіндік құнын арттырады. Жергілікті өндіріс көлік тасымалын есептегенде, шығынды 15-20%-ға дейін азайтады. Осылайша, біз басқа өңірлерден келетін өнімнен бас тарта аламыз», деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов.
«Маңғыстау өнеркәсіптік палатасы» ЗТБ төрайымы Меруерт Құлымбаеваның айтуынша, құрама жем өндірісі облыстың барлық елді мекені сияқты Бейнеу өңірінің мал шаруашылығына да қолдау болмақ. Яғни енді жем Маңғыстау және Атырау облысы тұрғындары үшін қолжетімді болады.
«Бейнеу астық терминалының жұмысы жоғары сұрыптағы, сондай-ақ бірінші және екінші сұрыптағы бидай ұнын шығаруға мүмкіндік береді», деді ол.
«Евразия Транс Логистик» ЖШС директоры Жаңбырбай Доспаев Бейнеу астық терминалы қайта жанданса, өнімдерді Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сияқты шетелдерге экспорттау жоспарланып отырғанын айтты.
«Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин осыған дейін Ауғанстан Премьер-министрінің орынбасары Абдул Ғани Барадармен кездесуде Ауғанстанға отандық астық пен ұн жеткізу көлемін ұлғайту үшін Бейнеу терминалының мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Қазақстан Ауғанстан нарығына осы тауарларды жеткізіп отырған және жеткізетін сенімді серіктес екенін айтып өтті. Терминалда барлық қажетті өндірістік инфрақұрылым бар. Ол өнімді әрі қарай экспортқа тасымалдау үшін құрлықтағы тиеу қоймасы терминалының функцияларын орындай алады. Осыған байланысты Маңғыстау өнімдерін Ауғанстанға экспорттау біздің өңірге ғана емес, жалпы Қазақстанға да мультипликативті экономикалық тиімділік береді», дейді Жаңбырбай Доспаев.
Бір жыл ішінде Маңғыстау облысына 70 мың долларға жуық сомаға 245,8 тонна бидай ұны, 551 мың доллар сомасына 440,2 тонна макарон өнімдері импортталғанын айтады.
«Маңғыстау облысы қажеттілігін өзіміздегі өндірістің ұнымен қамтамасыз ету маңызды. Өңірімізде мұндай зауыттың болуы тасымалдау шығынын оңтайландыруға, нан-тоқаш өнімдерінің құнын арзандатуға, басқа облыстардан да, көрші елдерден де ұн импортына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Зауыттың элеваторлық жабдығы 100 мың тонна дәнді дақылды сақтауға, астық тазалау мен кептіру жабдығының қуаты сағатына 30 тонна өнім өндіруге жетеді. Кешен толығымен автоматтандырылып, аспирациялық жүйемен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ тәулігіне 150 тонна және 250 тонна болатын екі ұнтақтау кешені, сыйымдылығы 400 тонна диірмен сүрлемі бар», деп таныстырды «Каспий» ӘКК департамент директоры Сағынбек Сұлтанғалиев.
Маңғыстау облысы