• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кино 04 Маусым, 2024

Талабы таудай «Talaq»

163 рет
көрсетілді

Күні кеше ғана Халықаралық Шанхай кинофестивалі негізгі халықаралық конкурсқа іріктелген фильмдердің тізімін жариялады. Биыл 26-рет өтіп жатқан кинофестивальдің негізгі конкурсында Қазақстан тарапынан режиссер Данияр Саламаттың Бейімбет Майлиннің шығармалары желісімен түсірілген «Талақ» фильмі бақ сынайды.

Бұдан бөлек Франция, Арген­тина, Испания, Германия, Иран, Қытай сынды елдерден 14 фильм додаға түседі. Айта кетейік, фестиваль 14-23 маусым аралығында өтеді.

Режиссер Бейімбеттің шығар­ма­сын экрандауға он жыл бойы тол­ғатып, үлкен дайындықпен келген. Данияр Саламатты бәрі әу бастан камералық қалыптағы авторлық туындылар түсіріп жүрген режиссер ретінде таныды. Бірақ режиссердің іштегі көптен бергі арманы – тарихи фильм жасау болатын.

Иә, автор Бейімбеттің шығар­ма­сы арқылы жиырмасыншы-оты­з­ыншы жылдар – өліара кезеңдегі қазақтың мінезін, таби­ғатын, тұрмысын көрсеткісі келді. Аталған фильмде сол кезеңдегі жаппай ұжымдастыру басталып, «социализмнің» ызғары суреттеледі. Ел арасында түрлі ұрандар да желдей еседі. Соның бірі – «әйелдерге бостандық». Осы ұранды желеу қылғандардың салқыны сан жұртқа тиеді. «Талақ» сөзі көркем туындыда мұсылман заңдылығымен ажырасуды ғана білдірмейді, сол кезеңдегі қазақ өміріндегі өмір сүру тәртібінен, дәстүрінен, көшпелі өмірінен еріксіз ажырауын да меңзейді. Халық «бостандық» деген ұранмен бостандығынан ажырап бара жатқанын астармен баяндайды.

«Бейімбеттің шығарма­ла­ры­нан әлі күнге дейін толықметрлі фильм түсірілмепті. Көрші қыр­ғыз­дар Шыңғыс Айтматовтың барлық туындысын киноға айналдырды. Бір ғана «Ақ кемесі» өзбек елінде бір, өз елінде екі қайтара түсірілді. Біздің басты қасіретіміз өзіміздің классиктерді бағаламау, өзімізге мән бермеу болып тұр. Соның ішінен сүзіп, жауһарды іздеп табу кемшін. Өйткені қазір режиссерлердің көбі Батысқа, орыс әдебиетіне қарайды, өзінің туған табиға­тына, туған әдебиетіне үңіле бермейді. Сонымен Бейімбеттің бас­қа шығармаларын үңгіп қазып, ақта­рып отырып, «Әже» және «Талақ» деген екі әңгімесіне ерекше ­қызықтым. Осы екі туындының басын қосып, сценарий жаздым», дейді Данияр Саламат.

«Шанхай кинофестивалі ал­ғаш­­­қы үштікті (Канн, Бер­лин, Ве­­не­­­ция) өкшелеп келе жат­қан «А» класындағы үздік кино­фес­­ти­валь­дердің бірі екенін ойла­сақ, біздің фильмнің осындай додада бақ сынауы жақсы қадам. Сәуірдің екінші жұл­ды­зында өткізген баспасөз мәслихатында әлем­нің 105 елінен 3,3 мың жоба ірік­теуге түсті деген-тін. Биыл – Бейі­м­бет Майлиннің туға­нына 130 жыл. Күзге қарай ұлы суреткердің осы құрметіне орай өз елімізде фильм­нің көрсетілімін жасап жібер­сек, ғажап болар еді...» дейді режис­сер.

«Талақ» фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен жарық көрді. Түсірілім жұмыстары былтыр қараша-желтоқсан айларында Жаркент өңіріндегі Әулиеағаш деген жерде өтті. Арнайы декорация, шағын ауыл жасалды. Актерлік құрамда, негізінен, типтік ерекшеліктерінде, түстерінде архаикалық тек, бұрынғы заман­ның түрін беретін ерекше бейнелер, ерекше образдар таңдалған. Басты рөлдерді Ерболат Әлқо­жа, Әмира Омар орындады. Құрымбайдың образын Айбек Иманқұлов ойнады. Айта кете­йік, Бейімбеттің таңдалған екі шығармасында да Құрымбай деген кейіпкер жоқ. Туындыға «Құрым­байдың жігітшілігі» деген әңгімедегі Құрымбайдың образы алынған. Режиссердің ай­туынша, сол кездегі ұрдажықтық, асырасілтеушілік, ештеңенің байыбына бармауды көрсету керек болған. Ал ауылнайдың рөлін Бейнұр Баймұхамбет алып шықты. Қоюшы операторы – Есен Айтмұқамет, қоюшы суретшісі – Нұрболат Жапақов, композиторы – Қайсар Дәуренқан.

Кейінгі жылдары тарихи тұл­ғалар өміріне арналған телесериалдар көп түсірілді: «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәше­нов. Тайталас», «Қаныш. Қазы­на»,­ «Мұқағали. Бұл ғасыр­дан­ емес­пін», «Міржақып. Оян, қазақ!» Кешегі «Соңғы үкім»... Халық­аралық Шанхай кино­фес­ти­ва­лінде бақ сынайтын тарихи тақырыптағы кезекті жаңа туынды – «Талақ» фильміне сәттілік тілей отырып, көруге асықпыз.