• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Маусым, 2024

Ұрпақтың амандығына алаңбыз

123 рет
көрсетілді

Балаларды қорғау күні жақындағанда бала мәселесіне үңілетін әдетіміз бар. Биыл балаларды қорғауға бағытталған арнайы заң қабылданып, тәртіп күшейе түсті. Сондай-ақ еліміз БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенцияға қол қойғанына 30 жыл толып отыр. Көз қуанышымыз деп жүрген баланы қорғау үшін басқа қандай шаралар атқарылды?

Еліміз тәуелсіздік алғалы ба­ла құқын сақтауды бас­­­ты ба­ғыттарының бірі­ етіп алған. Ата заңымыздың 27-ба­бында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қор­ға­уында болады» деп нақты көр­се­тілген. Сол секілді балаларға қам­қорлық жасау, тәрбиелеу ата-ана­ның міндеті екені жазылған. Әр бала­ға 11 сыныптық орта білім мін­детті деп Конституцияда да көр­се­тілген. Мектепте бастауыш сынып­тар тегін тамақпен қамтамасыз еті­леді, дәрігерге тегін қаралады. Яғни елімізде балалар біліммен, меди­ци­намен, мектепте тегін аспен қамтылған.

Қазақстан 1994 жылы 16 ақпанда Бала құқықтары туралы конвенцияға қосылды. Бұл конвенция балалар құқын жан-жақты айқындайтын халықаралық деңгейдегі бірден-бір құжат саналады. Еліміз әрбір бала­­ның құқығын қамтамасыз ету жөнін­дегі жаһандық міндеттемеге өз еркі­мен қосылды. Бүгінде оны АҚШ-тан басқа әлемнің барша мемлекеті ратификациялаған.

Бұдан бөлек Бала құқықтары туралы конвенцияның қосымша үш факультативтік хаттамасы бар. Қазақ­стан оларды да қабылдағанын айта кеткен жөн.

2011 жылы бекітілген үшінші факуль­тативті хаттамада Балалар құ­қық­­­­­тары туралы конвенция­да бекі­тілген құқықтар бұзылған жағдайда балалардың немесе олардың ата-ана­ларының жеке шағымдарын қарау механизмі белгіленген. Бұл құжатқа Қазақстан 2023 жылы 7 ақпанда қосылды. Ал биыл оны ратификация­лады. Осылайша, үшінші хаттаманы толықтай күшіне енгізген әлемнің 53 мемлекетінің қатарына қосылды. 2002 жылы 8 тамызда «Қазақстан Респуб­ликасындағы баланың құқықтары туралы» заң қабылданды. Құжатта бала­ларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау мәселелері қарастырыл­ған. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты сақталуын қамтамасыз ететін және оларды кемсітушілікке жол бермейтін, балалардың мүдде­лері үшін мемлекеттік саясатты іске асыру тетіктері белгіленген.

 

Әлеуметтік көмек көлемі артты

Кейінгі бірнеше жылда балалар құқын қорғау бағытында тың бас­тамалар көтерілді. Мәселен, 2016 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл инс­титуты құрылды. Ал екі жыл бұрын еліміздің бүкіл өңірінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды. Осы­лайша, құқы бұзылған балалар­дың мемлекеттік көмекке жүгіну тетігі жеңілдетілді.

Былтыр елімізде жаңа Әлеумет­тік кодекс қабылданды. Аталған құжатта халықты мемлекеттік қолдау тәсілдері жетілдірілді. Атап айтқанда, Отбасының цифрлық картасы енгізілді. Балаларды әлеуметтік қорғау шаралары күшейтілді. Мүгедектігі бар азаматтар үшін, әсіресе ауылдық жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру қарастырылды.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартуға тапсырма берген еді. Жаңа кодексте бұл ескерілді. Сөйтіп, 2023 жылы қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлем жасау мерзімі 1,5 жылға дейін созылды. Сондай-ақ бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері де нақтыланды. Мәселен, үш балаға дейін 38 айлық есептік көрсеткіш есебінде бюджет есебінен бір реттік көмек беріледі. Ал төртінші не одан кейінгі баласын босанғандарға 63 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Сол секілді көпбалалы отбасыларға ай сайын жәрдемақы беріледі. Оның нақты сомасы да Әлеуметтік кодексте белгіленген. Бұдан бөлек «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне де қосымша төлем жасалады. Қысқасы, мемлекет өскелең ұрпақтың күтіміне қомақты қаржы бөліп отыр.

 

Ұлттық қордың игілігін жас ұрпақ көреді

Мемлекет басшысы өзінің Жол­да­уында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынған болатын. «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвес­тициялық табысының 50 па­йы­зын балалардың арнаулы жи­нақ­таушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды», деген еді Қ.Тоқаев.

Президенттің тапсырмасы­на­ бай­ланысты «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының кейбір заңна­ма­лық­ актілеріне Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Ұлттық қорынан бала­лар­ға төлем жасау мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Соған сәйкес Ұлттық қордың жылдық инвес­тициялық кірісінің 50 пайызы арнайы жинақ шоттарына аударылады. Төлем жасау биыл қаңтардан басталды. Қазіргі таңда еліміздегі әрбір баланың шотында инвестициялық кірістен түскен қаражат теңдей етіп бөлініп берілген.

Цифрларды сөйлетейік. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қаңтарда 6,9 миллион баланың жеке шо­тына 100,5 доллар түсті. Яғни бұл мақсатқа 695 миллион доллар жұм­салды. Енді жыл сайын осылайша инвестициялық кірістің жартысы арнайы шотқа аударылып отырылады. Қаржы министрлігі жүргізген есепке сүйенсек, биыл дүниеге келген бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін есепшотында 3,5 мың доллар жиналады. Бұл, әлбетте, қомақты сома.

 

Жаңа заңның ерекшелігі көп

Таяуда Президент Қ.Тоқаев әйел­­дердің құқы мен балалардың қауіп­сіз­дігіне қатысты заңға қол қойды.  Мемлекет басшысы талай мәрте тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны қатайтуға тапсырма берген. Жаңа құжатқа сәйкес денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соққаны үшін баптар Қылмыстық кодекске енгізілді. Сондай-ақ жаза мерзімі қатайды. Бұдан бөлек, отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқын қорғау жөніндегі кеңес жанынан «111 – жедел қызмет» байланыс орталығы ашылды. Аталған жедел байланыс қызметі отбасындағы кикілжіңді реттеумен қатар балаларды қорғауға бағытталған.

Сонымен қатар 16 жасқа тол­маған балаларды жыныстық қа­­тынасқа итермелегендерге жаза күшейтілді. Соған сәйкес түрлі байланыс желілері арқылы ұятсыз қысым жасау, денесіне қол тигізу секілді қылмыстық әрекеттерге 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл тағайындалады. Немесе 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады, не елу тәулікке түрмеге қамалады.

Заңдағы тағы бір жаңалық – кәме­летке толмағандарды жыныстық зор­лық-зомбылық көрсетіп өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Сол секілді, педофилдерге берілетін жаза қатаңдатылды. Бұдан бөлек, заңда балаларға жасалған ауыр қылмыстарға бітімгершілік жасау қарастырылмағанын айта кеткен жөн. Оған қоса, кәмелетке толмағандарды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) алғаш рет әкімшілік жауапкершілік қатарына жатқызылды. Сондай-ақ білім беру ұйымдары кәмелетке толмаған­дар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Заңда 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салын­ған. Қысқасы, заңда балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың жазалары ауырлатылды.

 

Жау жоқ деме, интернетте...

Дегенмен мемлекет бала құқын қамтамасыз ету бағытында атқарып жат­қан ауқымды жұмыстарына қа­ра­­мастан, өскелең ұрпақтың өмі­рі түбегейлі қауіпсіз болды деп ай­ту қиын. Бұған ең әуелі интернет ке­ңіс­­тігі әсер етіп отыр. Оқу-ағарту минис­трлігі мен ЮНИСЕФ бірлесе жүргі­зілген Kazakhstan Kids Online зерттеуіне сүйенсек, балалардың 15 пайызы күнде­лікті, апта сайын немесе кем дегенде айына бір рет интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді.

Сондай-ақ мектептердегі буллинг мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Мәсе­лен, кибербуллингке ұшыраған бала­лардың жартысынан астамы ешкім­ге тіс жармайды екен. Сол секілді үлкен сыныптың балалары кішілерге әлім­жет­тік жасауы жиі болмаса да, ара-тұра кез­десіп жатады. Мұнымен күресу үшін Оқу-ағарту министрлігі «Дос­болLike» анти­буллингтік бағдарламасын әзір­леді. Бүгінге дейін жоба аясында ­10 мың­нан астам шара өткізіліпті.

Сонымен қатар балабақшалар мен мектепке дейінгі ұйымдардағы тәр­би­е­шілердің балаларды ұру оқи­ға­лары кездеседі. Мәселен, таяуда Жетісу облысы Жаркент қаласындағы бала­бақшалардың бірінде тәрбиеші сәбиді ұрып жібергені камераға түсіп қалыпты. Осыдан кейін балабақша әдіскері, тәрбиеші мен көмекшісі жұмыстан шығарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары бас­талды.

Өкінішке қарай, мұндай оқиға ара-тұра кездесетіні жасырын емес. Сон­дықтан мұндай кемшілікке жол бермес үшін тиісті түсіндіру жұ­мыстары жүргізіліп, балабақшаға тәр­бие­ші алар кезде психологиялық тес­ті­леу секілді бағалау енгізілгені жөн.

Балалар құқығы саласындағы тағы бір өзекті мәселе – өз-өзіне қол жұмсау. Осыған байланысты Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқы мен сала­мат­тылығын қамтамасыз ету жөнін­дегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Соның аясында буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама енгізілді. Жеке қауіпсіздік сабақтары ұйымдастырылады. Балалар мен ата-аналар қарым-қатынастарын нығайту, мәдени тәрбие және балалар мен жасөспірімдердің шығар­машылық әлеуетін іске асыру көзделген. Сондай-ақ психо­логиялық қызметтердің жұ­мы­сын күшейту бойынша­ бірқатар шара қабылданды. Педа­гог-пси­хо­логтердің біліктілігін арт­тыруға да ерекше көңіл бөлінеді.

Қорыта айтқанда, Қазақстан бала құқын қорғау бағытында жүргізген жұмыстың нәтижесінде елімізде бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім 5 есе, жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітім 3,5 есе азайды.

 

Әлихан ҚЫСТАУБАЙ,

журналист