• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шымкент 05 Маусым, 2024

Көмегі көп «Халық заңгері»

83 рет
көрсетілді

Шымкенттегі Арбат алаңында жалпы республикалық «Халық заңгері» акциясы өтті. Іс-шараның мақсаты – қала тұрғындарына тегін заң көмегін көрсетіп, құқықтық сауатын арттыру.

Акцияға қала әкімі Ғабит Сыз­дықбе­ков арнайы қа­тыс­ты. Сонымен бірге Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­ті­гінің Шымкент қаласы бойынша де­партамент басшысы Дәурен Ерғарин де іс-шарадан табылды. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет басшысы халық негізінен жұмыспен қамту, мем­лекеттік сатып алу, жер мәселесі бо­йынша шағымданып келіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ оларға барынша құқықтық көмек көрсетіліп, шағымда­ры тиісті мекемелерге нақты шешім табуы үшін жіберілетінін мәлімдеді. Акцияда құқықтық көмек іздеп келген барша жанның өтініштері аяқсыз қалмайтынын, бұл бойынша тиісті хаттама толтырылатынын баяндады.

Шымкент қаласы адвокаттар алқасы­ның адвокаты Әбдіғани Серікбайұлы­­ның айтуынша, келіп жатқан азаматтар­­дың көбінде жер учаскесі бойынша дұ­­рыс шешімдер шығарылмаған. Сал­дары­нан жердің құжаттарында кілтипан­дар анық­талып жатыр. Сонымен қоса жер учас­кесін сатып алғанда да алданып қал­ған азаматтар бар. Заңгер осы мәселе­мен қай органға барып шағымдану керек­тігін түсіндіргенін айтты. Негізінен мәселе оң шешімін табу үшін сотқа жүгінген абзал.

Адвокат шағымын арқалап келген ха­лықтың басым көпшілігі құжат, келісім­шарт мәселесінде алданып қалғанын атап өтті. «Бұл тұрғындарға әлі де болса құқықтық сауатты арттыру қажет екенін көрсетеді», деді заңгер. Мұндай акция жыл сайын әділет департаментінің бастамасымен өткізіліп тұратынын атап өткен заңгер адвокаттар алқасында апта сайын сәрсенбі күні сағат күндізгі он бірден бірге дейін тегін құқықтық кеңес алуға болатынын жеткізді.

Адвокат биыл акцияға келген халық­тық саны өткен жылмен салыстырған­да екі есе көп болғанын айтты. «Бұл да болса адамдардың құқықтық мәселеге енжар қарамауының нәтижесі болса керек» деген пікірін қоса кетті заңгер.

Акция барысында Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шым­кент қаласы бойынша өкілі Нұр­жан Әб­дезовті де әңгімеге тарттық. Өкіл­дің айтуынша, бұл қызмет 2022 жылы 5 қарашада адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңға сәй­кес арнайы қабылданған. Заңға сәйкес өкілдің міндеті – адамдардың бұзыл­ған конституциялық құқықтарын қал­пы­на келтіру, азаматтардың бостандықта­рына қатысты заң, ережелерді ілгерілету.

Бұл ретте өкіл адамдар көп жағдай­да мем­лекеттік орган немесе лауазымды тұл­ғалардың әрекеті болмаса әре­кет­сіз­дігіне орай құқықтарымыз бұзыл­ды деп шағымданып келетінін айт­ты. Адам құқық қорғау институты ре­тінде өкіл шағымданушының атынан мемлекеттік органдарға сұраныс хат немесе ұсыныс жібереді. Ал олар Конституциялық заңның 18-бабына сәй­кес толыққанды жауап беруге тиіс. Ақпаратта мемлекеттік органдар нелік­тен мәселе тиісті азаматтың пайдасына шешілмегені туралы мәліметпен бөлі­сулері керек. Әлбетте адам құқықтары жөніндегі өкіл мемлекеттік органдарға нұсқама беріп, ісіне араласа алмайды, дегенмен халыққа қызмет көрсету барысында салғырттық салдарынан болған кемшіліктерді түзетуге әсер ете алатын белгілі бір деңгейде ықпалы бар.

Мәселен, өткен жылы өкілге екі жүзге жуық арыз-шағым келіп түссе, соның 25 пайызы оң шешім тапқан. Айталық мегаполисте «Рахмет саған, анашым!» оңалту орталығы бар. Негізінде мемлекеттік оңалту орталықтарында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер барлық тиісті жағдаймен қамтамасыз етіледі. Алайда 18-ден асқан соң тағдырлары өз қолына тапсырылады. Міне, осындай жандарға қолұшын беру үшін жиырма шақты ата-ана бірігіп, оңалту орталығын ашып, оған «Рахмет саған, анашым!» деп ат қойған. Сол жерде тәрбиеленіп жатқандар­дың алтауы 2-топтағы мүгедектігі бар азамат. Алайда сол жасөспірімдердің ата-аналары қанша жылдан бері балаларын 1-топтың мүгедектігіне өткізе алмай жүрген. 1-топтағы мүгедектер еңбек өтілі ретінде есепке алынады. Сондықтан ертеңгі күні зейнеткерлікке ерте шығуға жәрдемін тигізеді. Сонымен бірге қосымша төленетін көптеген мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы бар. Өкілдің айтуынша, ата-аналар жоғарыдағы мәселемен жергілікті емханаға барады. Арнайы КМС базасына енгізу үшін жасөспірімдер психикалық-неврологияялық емдеу мекемесінде жатып емделуі керек екен. Алайда ата-аналар оған балаларын жібергісі келмейді. Осылай бес жылдан бері сандалып жүрген. Сосын адам құқықтары жөніндегі өкілге келіп шағымданады. Заң өкілі қалалық психодиспансердің бас дәрігерін, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басқа да мемлекеттік орган қызметкерле­рін шақырып, ата-аналармен кездестір­ген. Сол жерде арыздары қаралып, заң аясында бұл мәселені тез арада ше­шуге уәде берілді. Нәтижесінде, психодиспансер клиникасында дәрігер­лер консилиумі жүргізіліп, 3-4 күннің ішін­де «Рахмет саған, анашым!» орталы­ғын паналаған бірнеше азамат 2-топтан 1-топ мүгедектігіне өтті. Олар психика­лық-невро­логиялық емдеу мекеме­сін­де жиыр­ма күндей күндізгі стационар­да ем­де­ліп, КМС базасына мәлімет­тері енгі­зілді. Сол арқылы дәрігерлік-ем­деу са­раптау комиссиясының оң қоры­­тын­ды­сын алып, жоғарыда айтқа­ны­мыз­­дай, оларға 1-топтағы мүгедектік беріл­ді. Осы­лайша, 5 жыл бойы сендел­ген ­5 ата-ана­ның мәселесі бір айда шеші­мін тапты.

Сонымен бірге Н.Әбдезов мегаполисте гормоналды, ауыр дертті му­ковисцидоз ауруына шалдыққан отызға жуық бала барын, олардың күн­­делікті қолданатын дәрілері елі­міз­­дегі тегін дәрі-дәрмектер квотасына кірмегенін, дегенмен жергілікті бюд­жеттің мүмкіндігін пайдаланып, бұл ты­ғырықтан да шығудың жолын қарас­тырғанын жеткізді. Өйткені оның алдында осынау қиын дертке шалдыққан балалардың ата-аналары «бұл қымбат препараттарды қайта-қайта сатып ала беруге шамамыз келмей жатыр» деп арыздарын арқалап өкілге келген екен. Муковисцидозбен ауыратын адамдарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін заңға тиісті өзгерістер енгізу керек. Алайда бұл өте көп уақытты ала­тын жұмыс. Сондықтан адам құқын қорғаушы өкіл көмекшілерімен бірге жағдайды саралап, жергілікті бюджет арқылы қаржы қарастыруға болаты­нын анықтаған. Сөйтіп, Шымкент қала­лық мәслихатының төрағасы депутаттар, шаһардың денсаулық сақтау бас­қармасының басшысымен осы мәселе төңірегінде кең көлемде ақылдасты. Ақырында ұсыныс қолдау тауып, 2023 жылдың соңғы мәслихат сессиясында халық қалаулылары 2024 жылдың қала бюджетін бекітерде муковисцидоз дертіне ұшырағандарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету талабын да енгізді. Бүгінгі таңда тиісті конкурс өтіп, тегін дәрі-дәрмектер балаларға емханалар арқылы таратылып жатыр.

Бұдан бөлек Түркістан облысы Төле би ауданында тұратын бір келіншек Шымкенттен бір жетім қыз асырап алады. Алайда құжаттары дұрыс болма­ғандықтан ол қызды өзінің атына ауыс­тыра алмаған. Қалалық білім бас­қар­масына да әлгі әйелге қамқоршы бол­ғаны үшін әлеуметтік жәрдемақылар төлей алмай келген. Адам құқықтары жө­ніндегі өкіл оқиғаны зерттей отырып, асыранды қыздың туған шешесі бар екенін анықтаған. Өйткені анасы тірі баланы өзгеге қамқоршылыққа беру­де біраз заңдық тұрғыда ерекшелік­тер бар көрінеді. Міне, соны пайдала­ну үшін өкіл қыздың туған анасына миграция полициясы арқылы іздеу са­лып, оның осы күнге дейін айтылып кел­гендей Өзбекстан азаматы емес, өз еліміздің тұрғыны екені белгілі болған. Алайда тұрақты жұмысы жоқ, еш жерде тіркелмей қайыршылық күй кешіп жүрген көрінеді. Осы жағдаяттан соң заңгер асыранды қыздың өкіл анасына қамқоршылық бойынша әлеуметтік жәрдемақы төленіп, алдағы уақытта қызды өзінің атына жаздыруға қатысты құжаттар ресімделетінін жеткізді.

Сондай-ақ адам құқықтары жө­ніндегі өкіл түзеу колониялары, абақ­ты секілді жабық мекемелерге көп ба­ратынын айтты. Ол жақтан да ша­ғымданушылар көп болады. Мәселен, сол жерде болған тексерістің бірінде жа­засын өтеуші, бауырының жарты бө­лігі кесілген бір азамат дәрі-дәр­мекті уақтылы ала алмай жатқанын айтып, өкілге базы­насын жеткізген. Н.Әб­дезов осы мәселені шұғыл қолға алып, қалалық №2 ауруханадан жазасын өтеу­шіні медициналық тексеруден өткізіп, тиісті емін тағайындатып, дәрі-дәрмекті уақтылы алатындай жағдай жасаған.

Акция кезінде құқықтық кеңес бе­руші заңгерлермен бірге қарапайым азаматтардың да өтініш, шағымдарын тыңдап көрген едік. Мәселен, қаладағы мемлекеттік мекеменің бірінде қыз­мет істейтін Алдияр Алихаз есімді аза­мат өз мәселесі бойынша барлық сұраққа осындағы мамандардан қана­ғат­танар­лық деңгейде жауап ала алғанын айтты. Ол кезінде тұтынушылық несие­ рәсімдеп, кейін оны төлеуге шамасы болмай, ақырында банк картасы арестке қойылып, біраз уақыт айлығынан қағылған. Акция барысында заңгерлер оған талап бойынша сот орындаушылар айлық жалақының жартысын ғана бұғаттауға құқығы бар екенін мә­лімдеген. Осындай жауап естігеніне қуанған ол енді несие кестесін өз ыңғайына қарай қайта бекітіп, барлық қарызды шетінен қиналмай құтылуға бекініп отыр. Іс-шараға келген тағы бір қала тұрғыны – төбе би деген қосым­ша қызметі бар, соғыс ардагеріне теңес­тірілген азамат Дүйсенбек Дәрібаев өзі тұратын аумақтағы Жабық базарда асы­ранды иттер сататын саудагерлерді тәртіпке шақыру үшін жергілікті полиция департаментінің өкілімен жолығып, тиісті арызын жолдағанын жеткізді.

Арбат алаңында ашық аспан астын­да өткен іс-шарада барлық құ­қық са­ласының мамандары соңғы келу­ші кеңес алып кеткенше ешқайда тарқамады.

 

ШЫМКЕНТ