• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Тұлға 05 Маусым, 2024

Қазақ режиссурасының қарлығашы

66 рет
көрсетілді

Биыл – қазақ қыздарының ішінен шыққан алғашқы театр режиссері, елімізде театр өнерінің негізін қалаған тұлға­ның бірі, Қазақстанның халық әртісі Ғайни Хайруллинаның туғанына 110 жыл.

Өнер иесі 1914 жылдың 1 қаң­тарында Атырау облысы, Құр­ман­­­ғазы ауданында Хайролла мен Мамыш Бекішевтердің отба­сын­да дүниеге келді. Ғайни­­дың өнер әлеміне қадам басуына се­бепші – әкесі Хайролланың домбыра құ­лағында ойнауы еді.

Есту қабі­леті ерекше, домбыра тартып, Құр­­манғазының күйлерін шебер орын­даған Хай­рекең халық әндері мен тер­ме, қисса-жырларды жатқа соға­тын. Кешқұрым ауылдың қараси­рақ балаларын қасына жинап, ән мен жырдан шашу шашатын. Пе­ріште көңіл тыңдармандары­­ның ішінде, әсіресе Ғайни­­дың өнерге деген іңкәрлігі, қағілез­­дігі ғажап болатын. Көкесінің аузынан шыққан әр сөзді қағып алып, жанын сәулелендіретін. Анасы­ның айтуынша, қызының бар жаны­мен әуенге беріліп кететіні сонша­лық, айналасында тіршілік барын ұмыта­ды екен. Соны көрген әке­сі Хайролла өзінен аумай қалған қызының бо­йындағы бұл қабілет түбі бір жерден тесіп шығатынын, әулетінің атағын аспандататын мақтанышпен айтып отыратын.

Ғайни зерек болып өсті. Оқу мен жазуды да ерте үйрен­ді. Ағаларының бірі Хамидолла Бекі­шев орыс тілін жетік меңгер­ген мұғалім болатын. Кейіннен ол «Ка­захстанская правда» газетінің бас редакторы (1932 жыл) қызме­тін­де абыройлы еңбек етті. Ғайни осы ағасынан көп нәрсе үйре­неді. Одан кейінгі екі ағасы да таланттан кенде болған жоқ. Бірі кезінде кедейлердің балалары мен жетімдер үшін мектеп-гимназия ашқан зиялы жан болса, екіншісі техника жағынан сауатты мықты маман еді. Алайда екеуі де нақақ­тан жабылған жаланың құрбаны бо­лып, сотталып кетеді.

Шағымдану, сотталу, ату жазасы... мұның бәрі отбасын қажы­тып жіберді. Осындай күңгірттеу, мұң­­ды күндердің бірінде Ғайни­­дың тағдыры күрт өзгеріп шыға келе­ді. Қудаланудан қорыққан от­ба­сы емізулі баласын, қызы Роза­ны алып қалып, Ғайниды тез ара­да Алматыға аттандырады. Міне, сол күннен ­бастап бойжет­кен өмірі басқа арнаға бағыт бұрады.

1934 жылдың қаңтар айын­­да Алматыға Ленинградтан сах­на өнері техникумының оқытушы­лары Н.Сереб­ря­ков пен М.Валья­но шәкірт қабылдауға келіп, 80 үміткердің ішінен 25 талантты жасты таңдап алады. Сөйтіп, 1934 жылдың ақпан айында қазақ­тың үлбіреген өрімдей қыз-жігіт­тері Ленинградқа келіп, білім бұлағы­нан сусындауға кірі­­седі. Ішін­де Ғайни да бар. Студия­ның көркемдік же­тек­шісі Л.Вовьен, негізгі педагог В.Меркурьев бол­ды. Сахна қимылы мен биомеха­ни­ка­дан атақты И.Мейерхольд, актер­лік ше­берліктен Н.Серебриков дәріс берді.

Білімге деген құштарлығы, сарқылмас қуаты, тілтабыс­қыш­тығы мен ұйымдастырушылық қабілеті Ғайниды алдың­ғы қатарға шығарды. Бірінші курс­тан бастап ол курстағы емти­хан жұмыстарының репетиция­ла­рында оқытушылардың көмек­шісі, содан соң спектакль қойы­лымдарында ассистент болды.

В.Меркурьевтің жетекшілігі­мен студия К.Гольдонидің «Екі мыр­за­ға бір қызметші», Ф.Шил­лер­дің «Зұлымдық пен махаб­бат» және Н.Островскийдің «Кешік­­кен ­махаббат» спектакльдерін қоя­ды. Ғайни бұл жұмыста да жарқырай көрініп, таланты мен ізденімпаздығының арқасында ұс­таздарының мейірім-шарапа­тына бөленеді. «Міне, көп жыл­ды артқа тастап, біз бүгінде Қазақ­стандағы театр өнерінің алдыңғы қатарлы актерлеріне айналған бұрынғы шәкірттеріміз Хадиша Бөкеева және Ғайни Хай­руллинамен кездестік. Сондағы олардың мақтанышпен айтқан: «Ата-аналарымыз бізге өмір бер­ді, бірақ тағдырымызды сіздер шештіңіздер» деген сөзін естіп, шын қуандық. Иә, біз оларға тек актер болуды ғана емес, сонымен бірге нағыз интеллигент, жоғары идеялы көзі ашық, білімді адамдар ретінде қалыптасуға көмектескіміз келді», деп тебірене һәм мақтана пікір білдірген екен ұстазы, әйгілі режиссер И.Мейерхольд.

Сонымен қатар дәл осы жыл­дары қазақ студиясы жаны­нан ашылған «Шығыс үйі» ат­ты сту­­­денттер ұйы­мында Орта­лық Азиядан келген жастар өнер көр­сетіп, соның ішін­де Ғайнидың домбыраның құлағын­да ойнап, халық күй­ле­рінен тарту ­жасауы сол сәтке куә болған жастарды елең еткізеді.

Оқу орны мен «Шығыс үйінде­гі» дәрістерден бөлек, талантты бойжеткен оқудан қолы қалт еткен уақыттарда «Ленфильмге» ке­ліп, өзін кино саласында да сынап көр­ді. Нәтижесінде, ол «Амангелді», «Жамбыл Жабаев» сынды бірне­ше фильмнің эпизодына түсіп, ке­йін оны дыбыстауға да көмектесті.

1938 жылы Бүкілодақтық Ле­нинград Орталық театр учи­ли­ще­сін бітірген қазақ жастары то­лық құраммен Шымкент қаласына ке­ліп, қызметке орналасады. Шы­ғар­машылық труппа өзінің ал­­ғаш­қы маусымын 10 қыркүйек күні Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен ма­хаббат» және Н.Ос­тров­ский­­дің «Кешіккен махаббат» спек­такль­дерімен бастады.

Ғайни да сол көп­пен бірге Шымкент ша­һарына қоныс теуіп, арасында үзілістермен 1961 жылға дейін алдымен актер ретін­де, одан кейін қоюшы-режис­сер, көркемдік жетекші және бас режиссер болып еңбек етті. Тұлғалық дамуын­да­ғы табысты жылдар әрі қа­рай 1947–1949 жылдары Жам­был облыстық қа­зақ драма театрындағы көр­кемдік жетекшілік, 1961–1964 жылдары Алма­тыдағы Жас көрермен теат­рына бас режиссер болумен жалғасты. Та­лантты жан сахнада өнер көрсете жүріп, ұстаздық жолды да ұмыт қалдырмай­ды, 1964–1967 жылдары Алматы мем­лекеттік ­­өнер институтында (қазіргі Құрман­­­ғазы атындағы ұлттық консервато­­­рия­­да) дәріс оқиды.

Ол саналы ғұмырын сахна саласына сарп еткен жемісті жылдарында театрдың репертуар­лық саясатын байытып қана қойған жоқ, сонымен қатар өзіндік дара қолтаңбасымен актер­лік һәм режиссерлік мектеп қа­лып­тастырды. Елдің қоғамдық және мәдени-бұқаралық өміріне де белсенді араласты. Еткен еңбегі елеусіз қалмай, театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте жоғары марапат ие болды. Атап айтсақ, 1944 жылы ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі атанса, 1945 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы­ның «Құрмет Белгісі» ордені мен «Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалі кеудесінде жарқырады. Ал 1958 жылы «ҚазКСР халық әртісі» атағын алды.

Ғайни Хайрол­ла­қызы туралы кезінде өнер­тану докторы, профессор, театр сыншысы Бағыбек Құн­дақбаев: «Егер театрды мықты режиссер басқарса, онда театр да мықты болады» деген еді. Театр маманы тарапынан берілген бұл баға өнер иесінің шығармашылық еңбегіне шын мәнінде, әділ таразы болатындай. Себебі Ғайни ­кезін­де қазақ театр өнерінің жетек­ші ре­жиссерлері­нің бірі еді. Ол дәуір­­ді зерттеуші­лер «Хайруллина дәуірі» деп те атап жүр. Сахна саңлағы­­ның өз­ге­лерден ерекшелігі сол, ол ­өзі қой­ған спектакльдерде өзі ойнайтын. Сонымен қатар спектакль­­дің не­гізгі ойын, бейнесін таба біле­тін. Қойылымның эмоциялық атмо­с­ферасын жасаудың хас шебері еді. Көрермендер театрдан мақта­­ныш толы сезімге бөленіп, тәнті бо­лып шығатын да, көпке дейін сол әсер­ден арыла алмайтын.

Бұл сөзімізге КСРО Халық әр­тісі Фарида Шәріпованың мы­на бір пікірі дәлел: «Мен оның Кручининасын, Беатричесін, Па­наева Авдотья Яковлевнасын көр­дім. Бірі екіншісіне ұқсамайды. Ғайни ойыны сонысымен ғажап еді. Біз оны үлгі тұтып, өне­ріне еліктейтінбіз. Ол Мәскеу мек­тебін, орыс сахна мәдение­тін жақсы білетін. Шынымен-ақ, актриса сомдаған Кручинина теңдессіз еді. Спектакльді әр көр­ген са­йын таңдай қағып, өнер иесі­нің бойындағы психофизика­лық күйдің секунд сайын құбылуын қызыға тамашалайтынбыз. Ол расында да залды ерекше күйге бөлей алатын. Сонысымен бізді өзіне ғашық етті. Әріптестер арасында актрисаның сан қырлы өне­рі туралы аңызға бергісіз әң­гі­мелер көп айтылатын. Әсіресе ән салғандағы ғаламат үні мен дом­быраның құлағында ойнайтын айрықша дарыны көпке үлгі болды», деп әйгілі актриса журналис­терге берген сұхбатының бірін­де тебірене толғанса, Ғайнидың әртістік әлемі туралы Қазақстан­ның Халық әртісі Айша Абдуллина былай деп естелік қалдырыпты: «Хайруллина сан қырлы талант болатын. Шығармашылық қиялына ілесу мүмкін емес. Әсіресе режиссер ретінде сахна кеңістігін барлық планда шебер пайдаланатын, әр мизансценаны ұтымды ұқсататын талант иесі еді. Оның тағы бір та­маша қыры – кейіпкерлердің міне­­зін ашудағы тереңдігі, рөлдің логи­калық және эмоциялық күйін дөп басып сараптай алатындығы. Со­ны рөлге бекітілген әртістерден де талап ететін. Режиссер ретінде ол кісі актердің сахнаға дайындық­­сыз, рөлін сараптамай шыққанын ұнат­пайтын. Ондай сәтте Ғайни дайындықты тоқтатып қойып, рөлді талдауға көшетін. Режиссура – қиын мамандық десек, Ғайни­дың осынау күрделі мамандықты шебер меңгеріп қана қоймай, нағыз өнер тудыруына оның театрға деген шек­сіз махаббаты, сахнаға адалдығы күш беріп, шабыттандыратын. Ғайни сияқты адамдар жүз жылда бір рет туады», деп жазыпты актриса.

Араға көп жылдар сала, Ғайни Хайроллақызы өмірден өткен соң, өнер иесі Г.Рудков­ская өзінің сұхбатында былай дейді: «Ол – театр өнеріндегі айрық­­ша құбылыс. Әкем Ю.Рудковский Шымкент театрында М.Әуезов­­тің «Түнгі сарын» қойылымын сах­на­лағанда Ғайни Жүзтайлақты ойнады, Ф.Шиллердің «Зұлым­дық пен махаббат» спектаклін­де Леди Милфортты сомдады. Сон­дағы актрисаның шеберлігі сол – ре­жиссердің түпкі ойын дәл тап­қандығында. Осы қасиетін жоға­ры бағалаған әкем Ғайнидың сах­надағы әр рөліне қайран қалатын және оның бойынан режиссерге тән сурет­керлікті көретінін үнемі айтып отыратын. Кейінірек Ғайни Хайруллина Жас көрермендер театрын басқарып тұрған кезін­де ол кісімен жүзбе-жүз жолығу­дың сәті түсті. Қателеспесем, 1961 жыл болатын. Жаңа қойылым­ға дайындық жүріп жатыр екен. Балконда отырып шығармашы­лық үрдісті сырттай бақыладым. Сон­­дағы байқағаным әрі оның кө­ңілге құрмет орнықтырған ерекше қасиеті – Ғайни спектакль­дегі кейіпкерлер мінезінің жіті ашылуы үшін әрбір актермен өте мұқ­ият әрі нәзік жұмыс істейді екен. Тағы бір таңғалдырғаны – ол ешбірі­не өз пікір-көзқарасын таңбады, әртістердің сахнада еркін көсі­луіне мол мүмкіндік туғызды. Әр актер­дің даралығын сақтауға тырысты. Сон­дай-ақ Ғайни сауатты, дана басшы еді. Шығармашы­лық атмосфера тудырудың хас шебері болатын», дейді.

Жас көрермен театрында қыз­мет еткен жылдары Ғайни Хай­руллина «Бай мен кедей», Р.Ғамзатовтың «Тау қызы», С.Мұ­қановтың «Мөлдір махаб­бат» және тағы да басқа қойылым­да­рын сахнаға шығарды. Соны­мен қатар М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сынды қазақтың ұлт­тық клас­сикасын қайта қалпына кел­тіріп, жаңаша түрлентті. Әсіресе Ғайни қойған М.Әуезов­тің «Қара­қыпшақ Қобыланды» қойы­лымы халықтың қайсар рухын қай­та жаңғыртқан ұлтымыздың құн­ды қазыналары қатарында.

Өнер иесінің қызы Клара анасы туралы: «Ол театр тынысымен өмір сүретін, сонда бар махаббатын, қуатын, барын салатын. Кейде ол үйге шаршап-шалдығып келетін, ондай кезде біз бірден басқа бөлмеге кетіп қалатынбыз. Тамақтанып алып, ертеңгі қойылымға дайында­латын. Жұмыста қандай қатал, та­лапшыл болса, үйде мейірімді, жуас, өте қамқор ана болды», деп тебірене толғаныпты.

Иә, ол өнерін өмірімен егіз өрді. Күш пен төзімділікті шығар­ма­шылыққа деген сарқылмас ықы­ласынан алатын. Осылайша, Ғайни талмас ой мен асқан ше­берлік суреткеріне айналды.

Ұлттық өнеріміздің өркен­деуі­­­не сүбелі үлес қосқан қазақтан шық­­қан тұңғыш режиссер қыз Ғайни Хайроллақызының есі­мін ке­йін­гі ұрпақ ұмытпай, ұлықтаса игі. Өйткені сахна саңлағының ұлт­тық өнердің өркендеуіне сіңір­ген ең­бегі ұшан-теңіз.

 

Сәлима ТАСЕМЕНОВА,

өнер қайраткері