• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 06 Маусым, 2024

Нариман Қыпшақбайұлы: Суды құнттау елдік саясатқа айналуы керек

158 рет
көрсетілді

Қаз КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінде аға су инженерінен министр лауазымына дейінгі қызмет баспалдақтарын адал еңбегімен жүріп өткен Нариман Қыпшақбайұлының өмір жолы су саласын дамытумен тығыз байланысты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы қызметін атқарған айтулы тұлға – қазір Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақ филиалының директоры. Жақында Президент Жарлығымен Нариман Қыпшақбайұлы «Отан» орденімен марапатталды. Су шаруашылығы ардагерімен саланың ахуалы туралы әңгімелескен едік.

Қайраткер Нариман Қыпшақбайұлы әңгімесін жеке мұрағатында сақталған Сырдария мен Әмудария жағалауын тіршілік еткен ата-бабаларымыздың суды тұтынудың құқықтық негіздеріне қатысты «Су шариғаты» заңын таныстырудан бастады. Түркістан өңіріндегі суды пайдалану тәртібін қарастыратын бұл заң 205 баптан тұрады. Кәсіби заңгерлер араб қарпінде жазып қалдырған заң орыс тіліне («Водный шариат») тәржімаланып, 1924 жылы қыркүйекте Ташкентте шығатын Түркістан Су шаруашылығы басқармасы хабаршысында басылыпты.

– Суға қатысты осы заңға Кеңес одағы тұсында мұсылман идеологиясы ретінде қатаң тыйым салынған еді. Мұнда Сырдария мен Әмудария, Тигр, Ефрат өзендерін пайдалану тәртібі тайға таңба басқандай жазылған. Су заңы судың қай ғасырда да адамзат үшін маңызды ресурс болғанын көрсетеді. Ал оны тиімді пайдалану жыл өткен сайын күрделеніп барады. Еліміздегі су басқару жүйесінің тарихы Түркістан Республикасы кезінен бастау алатынын ескерсек, 1918 жылы Түркістан су шаруашылығы, 1924 жылы Түркістан Республикасы тарағаннан кейін 1925 жылы Қазақстанның су шаруашылығы мекемесі құрылғаны белгілі. 1992 жылы еліміз Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресеймен халықаралық су келі­сі­міне қол қойып, құжат осы елдердің игілігіне қызмет етіп келеді. Орталық Азия елдері ішінде Су кодексін алғаш­қы­лар­дың бірі болып Қазақстан қабылдады. Трансшекаралық өзендерді пайдалану, Аралды құтқару, кәсіби мамандар даярлау, гидротехникалық нысандар жұмысын қадағалау, су шаруа­шы­лы­ғын­да ғылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу барысы зерттеліп, жолға қойылды. Алайда соңғы отыз жылдан астам уақытта бұл жүйе ыдырап, су жүйесі тозуға айналды.

– Президент шешімімен былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бірқатар мамандар еліміз­дегі тасқынның салдарын су жүйе­сін басқаратын тиісті саланың болмаған­дығымен байланыстырады. Биылғы су тасқынына қалайша жол берілді?

– Судың арнасынан тасуы, қар еруі жылда қайталанатын табиғаттағы қалып­ты құбылыс. Десек те, климаттық әрі гео­саяси ахуал судың стратегиялық ресурс екенін әр кез есімізге салып келеді. Биыл бірқатар облыстың су астын­да қалып, су тасқынының алдын ала алмауымыздың бірқатар себе­бі бар. Егемендік алған алғашқы жыл­дарда экономикалық дағдарыс, ақша жетіспеушілігінен көптеген сала құл­ды­рады. Су шаруашылығы да осы дағдарыс­тың қамытын киді. Еліміздің қан тамыры іспетті мыңдаған шақырымға созылып жатқан су құбырлары, өндірістер, су беретін, қабылдайтын нысандардың жұмысы нашарлады. Каналдарға құм толды, шөп, қамыс өсті, құрылғылар тозды. Жағасы жұмақ, ауасы таза аң мен құстың мекеніне айналған тоғайлы су қоймалары жекеменшікке сатылып кетті. Олардың жұмысына кәсіби мамандар араласа алмай қалды. Салдары әлі толық зерттеле қоймаған қазіргі Жетісу облысындағы Қызылағашта болған су тасқыны соған дәлел. Бұрынғы жылдарда су тасқынының алдын алумен облыстық, аудандық деңгейдегі мемлекет тарапынан қаржылай қолдауға ие су шаруашылықтары айналысатын. Кейіннен олардың жағдайы су тұтынушылардан жинаған қаржыға тәуелді болып қалды. Бірақ одан жи­налған миллиардтаған қаржы су нысандарын жаңарту, жөндеуге емес, Астана маңындағы ірі корпорацияларды дамытуға жұмсалып, су ғимараттары, нысандары иесіз қалды. Кәсіби маман­дардың күнкөрістің қамымен басқа салаға кетіп қалғанына облыстарды су басқанда нақты көзіміз жетті.

 Мемлекет басшысы алдағы бес айда зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру жұмысын аяқтауды тапсырды. Енді Президент тапсырмасына орай облыстық, аудандық деңгейдегі су шаруашылықтарының жұмысын қолға алып, су жүйесіне бөлінген қаржы соның игілігіне жұмсалуға тиіс.

– Биыл сәуір айында Шымкентте Сырдария су жүйесін пайдалануға қатысты бес мемлекеттің су министр­л­ері қатысқан жиын өтті. Үлкен өзендер бойында тіршілік етіп отырған тұрғындар үшін бұл жиында қандай жағымды жаңалық айтылды?

– Қырғызстан, Өзбекстан, Түрік­менстан, Тәжікстан, Қазақстан ара­сын­дағы суды пайдалану бойынша ынтымақтастық келісімінің отыз жылдан астам тарихы бар. Кезінде осы комиссияның жұмысына Қазақстан мұрындық болып, мемлекетаралық өзендердің су ресурсын пайдалану, қорғау келісімдеріне қол қойылған еді. Бүгінде Қазақстанды Қырғызстанмен – Шу, Талас, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанмен Сырдария, Ресеймен – Еділден Ертіске дейін 7-8, Қытаймен 24 өзен байланыстырады. Былтырға дейін тиісті министрліктің болмағандығынан еліміздің осы өзендерден алатын үлесін талап ететін республикада мекеме қал­мады. Биылғы тасқынға себеп болған жайттың бірі – саланың сұраусыз, бақы­лаусыз қалғандығы. Бүгінде Сыр­дария бойында қырғыздардың – Тоқтағұл, тәжік ағайындардың – Қайрақ­құм, Өзбекстанның – Әндіжан, Шарбақ, бері қарай Қазақстанда Шардара су қоймасы орналасқан. Осы елдер қыс кезінде қоймаларына су жинап, су жіберетін мезгілде бір-біріне оң қабақ танытатын. Энергия жетіспеушілігіне байланысты Қырғызстанға қыс айларында Қазақстан көмір, Өзбекстан газ жеткізетін еді. Ал айырмашылығы орталықтан өтелетін. Егемендік алған соң мұндай нысандар жекеменшікке өтіп кетті де, қырғыз ағайындар энергия алу үшін қыс айында Сырдария суын еркін жібере беретін болды. Осылай Арал, Қазалы, Қызылорда, Жаңақорғанда мұз қатып жатқан өзен үстінен су жүріп өтуі қалыпқа айналды. Кезінде суды Арал, Сырдария бойындағы көлдерге жіберу туралы келісім болған. Енді олар Өзбекстан жағында салынған Арнасай су қоймасын ашып жіберді де, елімізді жазда да, қыста да су басып жатыр. Қазақстан тара­бы суды Шымкентте Көксарайға жинап, оны көктемде егістікке, Аралға жібе­ріп отыр. Кезінде ғылыми сараптама­сы жасалып, бәрі екшеліп жазыл­ған маңызды құжаттың талаптары, келісім­дері бұзылды. Сол жиынға мен де қаты­­сып, олқылықтардан Орталық Азия халқы зардап шекпеуі керектігін айтып, осы елдердің су қоймасын синхронды режімге көшіруі қажеттігі мен су мамандарын даярлау мәселесін көтердім.

– Мемлекеттер арасында жасалған келісімде су пайдаланудың барлық ережесі жазылғанын айттыңыз. Құжатқа қол қойған бес мемлекетте судың пайдасымен қатар қаупінің жоғары екенін біліп отыр. Талаптарды күшейту үшін енді не істеу керек?

– Бүгінде жер жүзіндегі 200-ден астам ел үшін мемлекетаралық өзендер түйт­кіл­ді мәселеге айналды. Тұщы су көзі тұрақты өлшем десек, ол азайып кетуі ықтимал. Жоғарыдағы мемлекетаралық келісім бойынша суда әркімнің үлесі анық көрсетілген. Анығына келгенде, Сырдарияның су қоры белгілі, ретті пайдалану тәртібі де шешілген. Осы орайда Каспий, Арал, Балқаш жағасында гидрологиялық қызметтер жұмысын жандандырып, осы өзендердің суын ауыз­­­­су, өндіріс, егістікке пайдалану арқылы су ресурсына пайдаланудың тиімділігіне мән беретін кез келді. Соңғы жылдары келісімге қол қойған бес мемлекеттің халқы 60 млн-нан асып кетті. Мысалы, Әмударияның жылдық су мөлшері орта есеп­пен 100 млрд текше метрді құрайды. Тәжік­стан, Өзбекстан, Түрікменстанның жер­лері суармалы екенін ескерсек, қазір өндіріс, қала мен егістіктің суға қажет­тілігі 200 млрд текше метрге жетті. Кезінде осы бес елдің халқына су жеткізу үшін 200 мың шақырым канал қазылды. Ен­дігі кезекте су шығынын болдырмас үшін ғылыми зерттеулер негізінде жаң­быр­лату, тамшылатып суғаратын заманауи әдістерді пайдалану арқылы 1 млн га алқаптан 3 млрд текше метр су үнем­деуге болады. Трансшекаралық өзен­дер бойында Қазақстанның 2 млн га суар­малы жері бар. Оны жүйелеп, реттеп оты­ру облыс, аудан басшыларының жауапкер­шілі­гінде десек, республикалық каналдарды мемлекет өз қамқорлығына алуы керек.

– Республикада жобалау институт­тарының, су мамандарын даярлайтын оқу орындарының жоқтығы су тасқыны кезінде айқын көрінді. Алдағы уақытта су жүйесінің ғылыми негізі, зерттеулері қалай жүзеге асады?

– Елімізде су жобасын дайындай­тын бірде-бір жобалау институты қал­мады. «Қазгидроводхоз» деген жалғыз мекеменің өзі жекеменшікке өтіп кетті. Мұнда санаулы ғана кәсіби мамандар бар. Гидротехникалық нысандарды салатын құрылыс мекемелерінің жұмысы тоқырады. Бүгінде республика халқының саны 20 млн-нан асты. Көрсеткіш жылдан-жылға ұлғайған са­йын сумен қамтамасыз ету де қиындай береді. Жоғарыда атап өткенімдей, облыстық, аудандық су шаруашылығы мекемелерін қалпына келтіріп, мамандарды даярлауды шұғыл қолға алу қажет. Осы орайда, тиісті министрлікке өз тарапымыздан жас мамандардың аты-жөнін көрсетіп, тізімін де жолдаған едік. Су шаруашылықтарының іргетасы ауыл, аудан, облыстарда қалануға тиіс. Жобалау институты мамандары әр ауылға барып, судың қайдан, қалай келетінін, қанша тереңдікке жетіп, арнасынан қанша асатыны жайында зерттеу мәліметтерін жинауға тиіс. Ал оған негіз болатын құжаттардың барлығы дерлік кезінде жасалып қойған. Еліміздің тұтас жері зерттелген, картасы сызылған 100 жылдық тарихы бар су жүйесінің архиві қазіргі кезде Алматының көне ауданында жертөледе жатыр.

– Республикада қанша су қоймасы бар? Алдағы уақытта қандай жаңа су қоймаларын салу қажет?

– Есілден 60 шақырым жоғарыда Астана су қоймасы орналасқан. Ол Сергеев су қоймасына дейін барады. Бүгінде Астана халқы 1 млн-нан асты. Су қаладан артылмайды. Ал бір жағынан көктемгі тасқын су Ресейге текке кетіп жатыр. Астана су қоймасы Петро­павл маңындағы тұрғындарды сумен қамта­масыз ете алмайды. Сол себепті Есіл­дің тұсында тағы бір су қоймасын салу қажет. Су тасқыны кезінде Жем өзенінің бойындағы Құлсарының құты қашты. Өткен ғасырдың 60-жылдары Жем өзені бойындағы Аралтөбеде су қоймасын салу мақсатында құрылыс жұмыстарын бастау туралы шешім қабылданған болатын. Мамандар үшін тұрғын үйлердің де іргесі қаланған еді. Қазір оның қиран­дысы қалды. Уақытында сол су қоймасы салын­ғанда елге жеткен алапат су тасқынына тос­қауыл болар еді. Оның маңы суармалы егіс­тік, малға дайын жем мен шөптің мекені. Енді Аралтөбе су қоймасын салу тура­лы мәселе қайта көтеріліп жат­қан сияқ­ты. Мамандар судың мөлшері секунд­­пен өлшенетінін біледі. Су еліміз­­дің шығысында, оңтүстігінде мол болғаны­мен, орталық өңірде су тапшы, сумен қам­тама­сыз ету мәселесі әлі күнге шешілген жоқ.

– Суды әр ел хал-қадерінше тиімді пай­­далануға тырысып отыр. Осы ретте Еуропа, Қытай, Азия елде­рі­нің жаңа технологияларды егістік алқап­та­рын­да тиімді пайдалануы нәтижесін беріп отыр. Республикада су жүйесі ғылыми тұрғыдан зерттелген болса, су қорын ауыл шаруашылығында неге тиімді қолдана алмай отырмыз?

– Кезінде өзен тасыған мезгілде тасқын суды тиімді пайдалану үшін шабындық жерлерде су шығаратын жүйелер салынған болатын. Еріген қар суын пайдалану тәртібі де жасалған. Мысалы, Қорғалжын көліне құятын Нұра өзені маңында Кеңбидайық шабындығы жасалып, 16 мың гектар суғарылатын. Сол сияқты Ақтөбе мен Атыраудың арасында Ойыл өзені маңында 20 мың гектарды алып жатқан Тамдыкөл шабындығына Ойылдан келе жатқан суды бұрып жіберетін. Ол маңда плотина да, дамба да бар. Аттың бойы көрінбейтін шабындық жайқалып өсетін. Қазір рес­публикада осындай суармалы алқаптар 1 млн гектарды құрайды. Ертістің бойын­да – 260 мың, сондай-ақ әр облыста мұндай шабындық жерлер жеткілікті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі шабындық жерлерді дұрыс игере алмай қалды. Кезінде мамандар 1 гектардан қанша өнім алу, қанша су беру қажеттігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, инженерлік негізін жасаған. Енді, міне, жерді тиімді пайдаланудың ғылыми не­гізін құрдымға жібердік. Жер де тозып барады, зардабын тұрғындар көріп жатыр. Жер игеру, суғарудың тетіктері желге ұшқанмен бірдей. Кезінде 30 млн тонна астық өндіріп, теміржолдың бо­йында элеваторлар салынды. Қазақстан астығын жыл бойы ешбір елге берместен, өзі баптап, сақтай алатын деңгейде еді. Енді не болды? Қоймалар жекеменшікке өтті. Жаңбыр жауса, шаруалар алған өнімін шірітіп алады. Әрине, құлдыраған саланы жөнге келтіру оңайға соға қоймайды. Бірақ шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру арқылы әр гектардан мол өнім алуды ойластыратын кез келді. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, суармалы әр гектардан 200 доллар табыс табуға болады. Қожалықтар біріксе, оларға каналдар арқылы су жеткізу, мол өнім алатын әдістерді үйрету қажет. Топырақты құнарландыратын жоңышқа сияқты дақылдарды егу де уақыт талабы. Су Кодек­сін қабылдауды жылдамдату қажет. Каспий, Балқаш, Арал сияқты ірі бассейн­­­дер­ді сақтап, өзендердің арнасын құрғатып алудан қорғау, құс қонатын, аң жүретін, балық өсетін жерлерге ретімен су беретін сауатты ғылыми қадамдар қажет. Осы орайда алдағы уақытта тиісті ведомстводан өнімді жұмыс күтеміз. Суды құнттау елдік, жалпыхалықтық саясатқа айналуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»