• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыл 07 Маусым, 2024

Шөладыр төскейінде береке тапқан

153 рет
көрсетілді

Аумағына Түменбай, Темірлік ауыл­дары кіретін Кереге таулы Кеген ауылдық округінде 6 мыңға жуық ірі қара, 30 мыңнан артық қой-ешкі және 2 мыңнан аса жылқы тіркелген.

«Ауыл аманаты» бағдарламасымен  2,5% пайыз несие алып, жұмыс жүргізу үшін 4 кооперативтің несие құжаттамасы дайындалып, «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданды. Нәтижесінде, 3 кооперативке 86 млн 500 мың несие мақұлданды. Сондай-ақ аталған бағдарламамен 27 млн 600 мың теңге несиеге «Кеген АгроМаш» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі қуаты жоғары 2 «YUTO» тракторын жер жырту, өңдеу, шөп шабу, тырмалау агрегаттарымен алып, банк қаражаты есебінен аулы­мыз­ға инвестиция салып отыр», дейді Кеген ауылдық округінің әкімі Руслан Масенов.

Округте «Кеңдала» бағдарламасымен де  13 млн 645 мың теңге қаражат алған шаруа қожалықтары көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қызу кірісіп кеткен.

Мемлекеттік бағдарламаның шапағатын қой өсірушілер де көріп жатыр. Кеген аулының тұрғыны Әбілжан Әрішов ақсақал «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы арқылы 1 351 бас «Еділбай» тұқымды қойды 121 млн теңгеге лизингке алып, бағып отыр.

«Мал баққанға бітеді» демекші, Жамбыл облысынан сатып алынған қазақы құйрықты қылшық жүнді қойлар қыстан қоңды шығып, көктемгі төлдеу науқанында әр саулық соңына қозы ілестіріп, қорасын жас төлге толтырған. Шөбі шүйгін Шөладырдың күнгейлі қыраттарына жайылымға шыққан қойдың бүгінгі күйі көңіл тоғайтады. Енесінің уызына жарыған қара қозылар көк майсаны қуалап, құлдыраңдайды. Ерте туған кепелердің салмағы осы күні 45 кг-ға жеткен.

«Таулы өңірде бұған дейін арқар-меринос тұқымды ақ қойлар өсірумен айналыстық. Ақ қойдың азабы аз емес. Оның төлі нәзік, суыққа төзімсіз болғандықтан, күтімді аса қажетсінеді. «Еділбай» қойы жылқы тектес сезімтал әрі қимыл-қозғалысы жылдам, суыққа да төзімді. Туа сала төлі ілесіп кете береді. Қой төлдетуге ауылдан 5 сақманшы алдық. Жасыратыны жоқ, осы күні сақман табу қиын», дейді жасы 80-нен асқан шопан ата.

Көпті көрген көнекөз қария атакәсіптен жастар­дың алшақтап, қол үзіп бара жат­қанына алаңдаулы.

«Мал-жаның аман ба?» деп хал сұрасқан халықтың ұрпағымыз. Мемлекеттік бағдар­ламаның арқасында мыңдаған қой қоздатып, өрісіміз жас төлге толды. Аз күнде Тақиятөбе деген жайлауға шығарамыз. Қарағайлы таудың шөбі құнарлы, малымыз қоң жинап, күзде қайта төмендейді», дейді «Ерсін» шаруа қожалығының жетекшісі Әбілжан ата.

Сексеннің сеңгіріне шыққан қария Кеген аулында тіршілік ете жүріп, 10-нан астам асыл тұқымды жылқы, 100-ге жуық ірі қара өсірген. Атты күтіп-баптау сүйікті ісі екенін алға тартқан ақсақал жал-құйрығы таралған жүйріктері республикалық, облыстық жарыстарда сан мәрте жүлдемен оралғанын мақтан етті. Бұл шаруаны жүргізуді кенже ұлы Ұлан Әрішовке сеніп тапсырған. Әкенің тәлім-тәрбиесін сіңіріп, кәсібін алға дөңгелетіп отырған кәсіпкер Ұлан Әбілжанұлы да өз ұлдарын мал бағуға мамандандырып жүр. Үлкен ұлы Диас ветеринар мамандығын таңдап, Алматы ауылшаруашылық универ­си­тетінде білім алып жатыр.

«Ерсін» шаруа қожалығында біраз жылдан бері шопан болып еңбек ететін Қуатнұр Сырғабай атажұртқа 2013 жылы қоныс аударған. Малсақ азамат баққан қойын көзден таса қылмай, жай-күйін келтіре бағуының нәтижесінде қыстан күйлі шығарып, шығынсыз қоздатуға айрықша үлес қосыпты.

«Жылдың төрт мезгілінде де техниканың көмегі қажет. Шаруашылыққа тиесілі техникаларымыз жеткілікті, дегенмен келешекте санын арттырып, жаңалауды жоспарлап жүрміз. Мал азығын қосымша сатып аламыз», дейді Ұлан Әбілжанұлы.

 

Алматы облысы