• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 06 Маусым, 2024

Ояну

70 рет
көрсетілді

Өмірдің басты мұратының бірі – кемелдікке ұмтылу десек, сол жолда таң­ғажайып сырлар ашылады. Зигмунд Фрейд айтқандай, адам –қалып­тасып бітпейтін жаратылыс. Шыңдала бересіз, шыңдала бересіз, шыңдалудың шеті мен шегі жоқ.

«Ойға түстім толғандым, өз мінімді қолға алдым, өзіме-өзім жақпадым, енді қайда сия алдым» деген Абай ата өмір бойы кемелдікке ұмтылыпты. Күн сайын кемшілігімен айқасып, тәулік сайын ояна түсіпті. Оянған сайы­н дерексіз өткен жылына, «пайдасын көре тұра тексермеген» ғылым үшін өкініпті. Және сүреңсіз сарсаң жылдарына өзге емес, өзін кінәлапты. «Бәрі болды өзімнен, Тәңірім салған наз емес» депті. Жан сарайы түлеген сайын хакім жуаси беріпті, жылауық болыпты. Естеліктерде оңашалықты сүйіп, сан рет ашуға шырақ жаққан Абай­дың кемелденген сайын сәби секілді дәрменсіз қалыпқа түскені жазылады.

Иә, ояну әп-сәтте. Біреулер қалың-қалың томдар арқылы оянса, бірі өмір­дегі тосын оқиғалар үстінде, терең қайғыда оянады. «Қайғы терең бол­ғанда Құдай жақын, жан нұрлы болғанда бақ өзі қонары» рас. Психолог Виктор Франкл кеудеде жасырынған құндылықтар әлдебір дүниеге шағылу арқылы оянатынын жазады. Мәселен, баланың бойындағы ерлік пен өрлік ертегідегі қаһармандармен бірге оянып, жанын жетілдіруі мүмкін. Виктор Франкл Тәуратты оқып отырып, анасына деген ілтипат-құрметі оянған адамды мысалға келтіреді. Түркияда мектеп оқушыларына оқуға міндетті 50 кітап жүктеледі екен. Әртүрлі әдеби, филсосфиялық, психологиялық кітаптарды оқу арқылы оқушы сана­сындағы бейімділік талшықтары оянып, солайша қай мамандыққа бейім екенін өзі-ақ түсініп, жүрегі қалаған жолды таңдайды.

Толстойдың күнделігіндегі пікір еске түседі. «Ең үлкен адасушылық – адамдарды біржақты бағалау. Оларды мейірімді немесе ашуланшақ, ақымақ, ақылды деген ой қалыптастыру. Адам ағыс секілді ағып отырады, онда бұл қасиеттердің бар­лығы да кездеседі. Кейде ақымақ, кейде ақылды, кейде ашуланшақ, кейде мейі­рімді болады немесе керісінше. Сіз оны бір жақты баға­ладыңыз делік, ал ол қазір мүлде өзгер­ген, өзге адам!» Расын­да, шын адам – күнделікті оянушы, өзін же­тіл­­ді­­руші, әр оқиғадан сабақ алушы адам.

...Ол бірде оянып кетті. Таң атып кетіпті. Өткен өміріне қараса, қате ұғым­ға қамалып, неше жылын өт­кізіпті. Өз ақы­­лымен емес, біреудің саяз ақы­лымен күн кешіп адасыпты. Істеген қа­теліктері, ма­ғынасыз сөздері, жұрттың мазасын алған қыршаңқы, дарақы әдет­тері еске түсіп жылағысы келді. Бір­ақ жүрегінің түбінде «Ештеңе кеш емес!» деген үміт оянды. Иә, еш­теңе де кеш емес.