Пушкин... Алып та алып, ақын да ақын. Бір халыққа Пушкин секілді еңбек сіңіру – мыңнан бір ғана таланттың ісі. Сірә, мұндай жаратылыс сирек болар.Алып шайырдан кейін келген көш-көш ақын оның шәкірті іспетті. Өткен мен болашақтың аурасын сіңіре білген сара талант бойын тербеген барлық сәттің ескерткішін қалдырғандай. Солайша қарапайым бола тұра күрделі, ескі бола тұра жаңа ұғымдарды дүниеге әкелді. Достоевский «Пушкин туралы сөзінде»: «Мүлде оқыс һәм қайталанбас орыс рухының құбылысы», «орыс адамы ол шыққан межеге мүмкін екі жүз жылдан соң ғана жете алар» деген салмақты ой қорытады.
Пушкин дегенде, ең алғаш ерекше еске алар жайт – кең ауқым. Кейінгі Блоктан да, Есенин, Бродскийлерден де бұл кең өрісті табу қиын. «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай» болған ақын не нәрсені де бақайшағына дейін сарқып жазады. Пушкинге етене әсер еткен үш тұлға – Байрон, Вольтер, Шекспир. Шекспир, Байрон да үлкен ауқымның адамы. Жалпы, ағылшын жұрты көсіле ойлауға, философиялық түйін түюге шебер. Ал Вольтерден ақын шығысшылдықты үйренсе керек. Алғаш рет 1704 жылы Антуан Галанның аудармасымен жарық көрген «Мың бір түн» ертегілерінің салқыны күллі Еуропаны шарпығаны анық. Ал Еуропаға шығыстық үлгіні жайған тұлғаның бірегейі – Вольтер. «Задиг немесе тағдыр», «Микромегас» сынды туындылары бұған дәлел. Хош, Пушкиннің шығысшылдығына себеп болған Вольтер ғана емес, құйын мінезді Байрон да еді. Әдебиетшілер Пушкин Байронның шығысына ғашық болған деседі. Сәби күнінен-ақ тәрбиешісінен араб ертегісін тыңдап өскен Байрон ес білгенде «Гяур», «Абидостық қалыңдық», «Корсар», «Лара» сынды шығыстық поэмаларын өмірге әкелді.
Жә, Пушкиннің кең пішімді ойлануына, сыр дестесін ағыта толғануына тағы бір дәйек – энциклопедиялық білімі. Бір хатында «Біздің қаламгерлер оқымайды, тек оқыған болып көрінуді үйренеді» деп ашынады. Полиглот Пушкин ағылшын тілін меңгеріп, Шекспирді түпнұсқада оқыса, Сервантестің «Дон Кихотын» оқымаққа испан тілін үйреніп, классикалық шығармаға құныға бас қояды. Патшалық лицейде жүрген шағында-ақ грек тілі мен латын тілін қатар санаға тоқыған ол антикалық Гомер, Вергилий, Овидий сынды ақындарды түпнұсқада оқуға мүмкіндік алды. Зейіні бөлек алыпқа тек неміс тілі ғана аздап қиындық тудырса керек. Замандасына жазған хатында «неміс тілімен дұрыс жұғыса алмай-ақ қойдым. Үйренемін де қайтадан ұмытып қаламын, бұл өзі бір рет қана қайталанған жоқ» деп жазады. Ал ұлы Дантемен таныстығы 21 жасында басталып, Кишинев пен Одессада айдауда жүрген шағында италиян тілін үйренеді. Сол арқылы «Құдіретті комедияны» төл тілде оқып танысады. Кейіннен аңызға айналған туынды ақынның үстелінен бір сәтке де түспеген деседі. Пушкиннің полиглоттық қуаты мұнымен ғана шектелмейді, сонымен бірге ұлы ақын Кавказға бара жүріп, түрік, парсы, грузин, армян тілдерінде еркін қарым-қатынас жасай білген. 1832 жылы ежелгі еврей тілінің әліппесін жасап, Інжілдегі «Иова кітабын» аударуға күш салады.
Талант пен талап егіз. «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз». Талантты адамға Құдай Тағала талапты да қоса береді. «Қазір жетпіс бес жасқа келдім, алайда жеке бас қызығына арнаған бір ай уақытым да есімде жоқ» деген Гете, «жұмыс кезінде уайымдарымды ұмытамын, жұмыс – менің құтқарушым» деген ұлы Бальзак сөзі пікірімізге дәлел, ойымызға тұздық.
Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес,
Ел ізі оған салған суи білмес.
Асқақтап Александр мұнарасынан,
Жоғары оқшау шығып тұр ол дербес.
Жоқ, өлмен, жаным жасар өлеңімде,
Шірімей, жасаңғырар денем мүлде.
Бар болса жалғыз ақын ай астында,
Ардақтап қасиеттер мені әр күнде.
Дабысым ұлы Россияға кетер жалпақ,
Тіл біткен жүрер менің атымды атап.
Славян елдерінің пәк ұрпағы,
Қазіргі тағы тұңғыс, қырда қалмақ.
Пушкин – сәуегей ақын. Достоевский тілімен айтсақ, пайғамбарлық нұры қонған ақын. «Пайғамбар» атты өлеңінде кеудесін жарып, сәуле енгізген періштелер турасында айтып, өзінің ұлы миссиясын жеткізеді. Ал жоғарыдағы «Ескерткіш» өлеңі болашақты болжаған алыптың айшықты сөзі.
Пушкин жырларында күңгірттіктен гөрі, жарыққа сену, болашаққа үміт арту басым. Әр кез жорға аттай ойнақшып тұратын шуақты жырлар оқырманның жанына жарық түсіріп, күн қызылын құяды. «Сәлемдер саған шуақ күн, жасырынар түн-түнек!», «Еркіндікпен тыныстаймын», сонымен бірге «Шула, шула, ұшақалақ жел, тебірен, толқы, тұнжыр мұхит» сынды өлеңдері жап-жарқын өмір қозғаласының, ылғи тоқтаусыз ұмтылыстың суретін бейнелейді. Жұмбақ жыр құсының кеудесі әлемге, сөнбес күнге деген құрғамас сенімге толы.
Ақыным! Бұлдама елдің махаббатын,
Мақтаулар масайрасқан аз тұратын,
Естірсің есер сотын, көп күлкісін,
Бол бірақ өзің, тыныш, берік, салқын.
Патшасың: жеке өмір сүр.
Жолда еркіндер,
Еркін ақылым қаққан жаққа жөнел.
Игілік ерлігіңе сый сұрама,
Ұнатқан ой жемісін жетілте бер.
(Ілияс Жансүгіровтің аудармасы)
Пушкин – еркіндік құсы. Әлдекімдерге жақпайтын жырларымен 21 жасында-ақ айдалып кете барған ол, қайда жүрсе де бостан ақылымен, шідерсіз сезімімен орыс ақыл-ойына қызмет етті. Өзінен соңғы нешеме ұрпақты еркін ойлауға тәрбиеледі. «Бұл әлемде бақыт жоқ, тек еркіндік пен тыныштық қана бар» деген алыптың ажалы да өз еркіндігі үшін, намысы үшін күрестен туындады.
Пушкин несімен алып? Ең бірінші – дара тумысымен. Екінші – аса зор еңбекқорлығымен. Қай ғасырға қарасақ та, дәл Пушкиндей ауқымды ақыл иелері сирек. Пушкин бір халықтың емес, Гомер, Данте, Вергилий, Шекспир, Гете секілді барлық халықтың мәдениетіне ортақ тұлға. Сонымен қатар қазақ мәдениетіне ең көп ықпал еткен тұлғаның бірегейі де – Пушкин.