Ақын оны туған анасынан кем көрмеді. Жан жүрегімен жақсы көрді. Етегінде еркелеп, емін-еркін ержетті. Қалам ұстаған шағында өлеңіне өзек етті. Арина Родионовна да оған бар мейірін үйіп-төкті. Маңдайынан сипап, арқасынан қақты. Ең бастысы – жан дүниесін түсінді. «Періштем менің! Сіз әрдайым менің жүрегімдесіз...» дейді әзиз тәрбиеші Пушкинге жазған хатының бірінде. Олардың ортасындағы селкеусіз сенім, мүбәрак махаббат, қайырымды қамқорлық ет жүректі елжіретпей қоймайды.
Анна Родионовна – Пушкин әулетінің тәрбиешісі. Заманында ол ақынның әжесі Мария Ганнибалға да қызметші болып, еңбек еткен. Кейін отбасының бір мүшесі ретінде қабылданып, Пушкиннің үлкен әпкесі Ольга Сергеевнаның кіндік шешесі болды. Ал Александр Сергеевич дүниеге келгенде, оның тәрбиесімен толық Арина Родионовна айналысты. «Ол сондай жұмсақ, биязы, қарапайым ғана әйел болатын» дейді замандастарының естелігінде. Крепостнойлық құқық дәуірінде өмір сүрген бұл әйелге Пушкин әулеті бірнеше рет бостандық берген. Алайда ешбір ұсынысты қош көрмеді. Себебі Арина Родионовна бұл отбасына өте қатты бауыр басып қалған еді.
Ақын мен тәрбиеші арасындағы байланыс Александр Сергеевичтің інісі Лёвушка дүниеге келгенде беки түсті. Ата-анасы жаңа туған бауырымен әлек болып жүргенде, Саша бүкіл уақытын Арина Родионовнамен өткізетін. Тәрбиеші апасы оған халық әндері мен ертегілерін, аңыз-әпсаналарын және ел ішіндегі қызықты оқиғаларды ыждағатпен айтып беретін. Кейін мұның барлығы Пушкин шығармашылығында бедерленген еді. Алайда ХІХ ғасырдың бекзадалық үрдісіне сай баланы ауыз-әдебиетінен гөрі шетел этикетіне баулу өріс алған. Сол себепті Арина Родионовнаның ұлттық тәрбиесін француз тілі сабақтары алмастырады. Ал аяулы тәрбиешіні Мәскеуден Михайловскоедегі үйге қоныс аудартады.
Ақын мен тәрбиеші араға жылдар салып кездесуге мүмкіндік алады. Ол кезде Александр Сергеевич 25 жаста болады. Даңқы мен дақпырты бүкіл Ресейге тараған ақын «ессіз» өлеңдері үшін биліктің шешімімен осы мекенге айдалады. Сүйікті тәрбиешісімен Пушкин осы бұйрықтың «арқасында» табысады. Осылайша, ақын бала кездегідей күнде кешкілік Арина Родионовнаның ертегілерін тыңдай бастайды. Әжей әңгімені айтып қана қоймай, оны ескі дәстүр бойынша әуелетіп, әндетіп айтатын еді. Ақын оның осы табиғилығына бас иетін. Бауырына жазған хаттарының бірінде Пушкин былай деп жазады: «Арина Родионовна – менің жалғыз құрбым, онсыз маған ештеңе қызық емес».
Ақын тәрбиешісінен тек ертегі тыңдаған жоқ. Сонымен қатар ол көптеген діни мінәжатты да құлағына құйып өсті. Арина Родионовна өте діндар адам болған. Бұл туралы Александр Сергеевич Взямскийге жазған хатында атап өтеді.
Екі жылдан кейін, Михайловскоеден шығуға рұқсат алғанда әзиз тәрбиешісі Пушкинге сағынышқа толы толассыз хат жолдап отырады. Ол қалам ұстап, жазу жазып көрмеген еді. Әйтсе де, арнайы адам алдырып Пушкинді қалай жақсы көретінін қағазға түсіртіп отыратын. Міне, Пушкинге жолдаған хатында былай дейді: «Мен сізді күтемін. Құдайдан амандығыңызды және тезірек жолығуымызды тілеймін».
Өкінішке қарай, олар қайта қауыша алмады. Арина Родионовна 1828 жылы 70 жасында бақиға бет алады. Алайда мейірімді тәрбиеші ақын шығармашылығынан сондай биік орын алды. Себебі Пушкин дәл Арина Родионовнаны жырлағандай, анасына немесе әкесіне өлең арнамаған еді. Кім білсін, анасынан ала алмаған мейірімді ақын тәрбиешісінен алғаннан болар...