«Дала тазармай – сана тазармайды» деген осы, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ашылған алғашқы экохаб алматылықтарға қоқысқа лақтырылатын тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратуды үйрете бастады десек те болады.
Қай тұрғыдан алсақ та, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы талай жақсы бастамаларға мұрындық болып жатыр. Креативті экохабты құрушылардың ойынша, мұндай ізгі шара қоқысты міндетті түрде бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Экохаб идеясы – Алматыда экологиялық жобаларға арналған жаңа алаң. Біз экологияға ерекше мән беретіндердің бір жерде тоғысуына мүмкіндік береміз. Басқа қабылдау орындарынан айырмашылығы, мұнда тек қоқыс қана әкелінбейді, сонымен қатар пластиктен немесе шыны бөтелкелер қалдықтарынан түрлі шырақтар, сағат жасауға болады. Ол үшін қоқысты өңдейтін құрылғылар сатып алдық. Бұл жер қоқысты кәдеге асатын бұйымға айналдыра алатын орын», дейді Eco Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджанов.
Экохабта экологиялық өнім өндірумен айналысатын кәсіпкерлер мен стартаперлердің өнімдері ұсынылған. Мысалы, кейбіреулер үй өсімдіктеріне органикалық тыңайтқыштар шығарса, екіншілері – елдегі алғашқы әрі жалғыз экохимия, қалғаны – жануарларға арналған биологиялық қоспалар.
Тағы бір тиімді тұсы – орталықта тұрақты негізде қайта шикізаттан бұйымдар жасау жөніндегі оқыту дәрістері, экосағаттар, тимбилдингтер және шеберлік дәрістер өткізілмек.
Сол сияқты «Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматыдағы комьюнити-орталықтарында жастардың назарын қоршаған ортаны қорғау мен ластануды азайту мәселелеріне аудару үшін бірқатар іс-шара өтіп жатыр.
Алматының комьюнити орталықтарында экологияға қатысты шаралардың тұтас сериясы өтуде. Экобелсенділер және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын қала тұрғындары экологияны сақтау тақырыбын талқылайды, қалдықтарды жинау және сұрыптау бойынша шеберлік сыныптары мен тренингтерге қатысады. Алдағы уақытта осындай қауымдастық-орталық базасында шығармашыл жастарға, экобелсенділер мен экостартаптарға арналған аудандық экохабтар ашылмақ.
Оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылар арасында кітаптармен, газет-журналдармен алмасу акциясы өткізіледі.
Оған қоса осы ауқымды шара аясында Алматыдағы көппәтерлі тұрғын үйлердің аумағында апатты жағдайдағы ағаштарды санитарлық мақсатта кесу және алып тастау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биылғы 29 мамырдан бастап 29 маусымға дейін ағаштарды санитарлық мақсатта кесу Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, 1, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, жалғыз ілікті жандар, кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар сынды әлеуметтік осал топқа (ХӘОТ) жататын жандардың ауласында жүргізіледі.
Ең бастысы, жел, қатты дауыл соққанда құлау қаупі бар апатты жағдайдағы діңі шіріген ағаштарды алып тастау жұмыстары ерекше бақылауға алынды. Кәрі ағаштарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Ауру, қураған, қауіпті ағаштар кесіледі. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін ағаш кесу туралы шешім жалпыға бірдей қорытынды шыққан соң қабылданады. Оның орнына 10 есе көп көшет отырғызылады.
Бұдан басқа, Алматыда «Мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді тапсырыңыз, табиғатты сақтаңыз» экологиялық акциясы жалғасуда, оны тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылданды.
АЛМАТЫ