Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі жөндеу-қалпына келтіру жұмысының орындалу барысы қаралды. Сондай-ақ қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселесі мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы күн тәртібіне шықты.
Үйді мерзімінде сапалы аяқтау маңызды
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазіргі жағдай туралы баяндады. Қазақстанда су тасқыны салдарынан 18 005 жылжымайтын мүлік бүлінген деп танылған. Оның 17 295-інің зерттеу нәтижесі дайын. Бір аптада ресімделген қорытындылардың өсімі 1 375-ті құрады. Сондай-ақ 2 245 нысан құрылысын бастау мен жылжымайтын мүлік нарығында 5 235 үй мен пәтерді сатып алу және 9 819 тұрғын үйді жөндеу жоспарланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің айтуынша, бүгінде елімізде 1 828 үйдің құрылысы басталды, бұл 81%-ды құрап отыр. Осы ретте Батыс Қазақстан облысы мен Ақмола өңіріндегі жұмыс қарқыны төмен екенін айтқан жөн. Өкінішке қарай, Ақтөбе мен Батыс Қазақстанда 2 122 үй әлі де су астында қалып отыр екен.
Жылжымайтын мүлкі жарамсыз деп танылған отандастарымыз үшін 1 943 нысан сатып алынды. Бүгінде 1 772 үйдің иесі төлемдерін алған. Ахуал және Еңбек ресурстарын дамыту орталығы eGov және «Әлеуметтік көмек» ААЖ арқылы азаматтардан өтініштерді қабылдау мен өңдеу үдерісін үнемі бақылап отыр. Цифрландыру есебінен іске асыру кезеңдері бойынша мониторингі қамтамасыз етілген. Әр өңірдегі құрылыс алаңдарында тәулік бойы онлайн қолжетімділігі бар 52 камера орналастырылған. Алдағы аптада Ақтөбе облысында қосымша тағы 6 камера қосылады.
Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысындағы жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы деп баға берді. Аймақта 53 отбасына жаңа үйдің кілті табысталды.
«Мен өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала алмай отыр. Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасау талап етіледі. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Белгіленген мерзімді бұзуға мүлдем болмайды. Бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды. Оған да жіті назар аудару керек», деді О.Бектенов.
Сондай-ақ өңірдегі аумақтарды тиісті формаға келтіру жөнінде тапсырма берді. Мәселен, бірқатар өңірде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылды. Сондықтан әкімдіктерге экологияға зиян келтірмеу үшін барлық қапшықты жинап алып, қайыра кәдеге жарату тапсырылды.
Халық таза ауызсумен қамтылады
Отырыста қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаев пен Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз және бірқатар өңір әкімінің баяндамасы тыңдалды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалаларда сумен жабдықтау қызметтері 98,9% қолжетімді болды. Ауылдық елді мекендердің тұрғындары 96,6%-ға ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте 9 өңірдің қала халқы 100% таза ауызсумен қамтылған. Бұл елдік шарада ең төменгі деңгей Абай және Павлодар облыстарында байқалады.
Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 млрд теңге қарастырылған. Оның 106 млрд теңгесі қалаларда, ал 112 млрд теңгесі ауылдардағы жобаны іске асыруға бөлінеді.
Үкімет басшысы 2025 жылдың соңына қарай халық 100% таза ауызсумен қамтамасыз етілуі керек екенін айтты. «Бұл – маңызды әлеуметтік міндеттің бірі. Уақыт тығыз, небәрі 1,5 жыл қалды. Әкімдіктер сумен жабдықтау ісінде ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сумен қамтамасыз ету жұмысы басымдықпен қаржыландырылуға тиіс. Елді мекен ішінде су желілерін жүргізу жұмыстарын топтық су құбырларының инфрақұрылымын ауыл шекарасына дейін тарту жоспарымен үйлестіру керек», деді ол.
Кейбір топтық су құбырларын салу жобасыы жылдар бойы іске асырылып келе жатқанына назар аударылды.Мәселен, Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында ауыл ішіндегі желілер тартылған. Ал Кенжебай және Рақымжансай кен орындарына топтық су құбырын салу жобасы әлі күнге іске асыру сатысында тұр.
Сонымен қатар жұмыс кестесінің сақталмауына байланысты өткен жылы бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылды.
«Бұл – дұрыс жоспарламаудың салдары. Ақмола облысының әкіміне аталған мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация министрліктері жобалардың іске асырылу барысын апта сайын қадағалап, бұзушылықтар анықталған жағдайда маған тікелей баяндауға тиіс», деді Премьер-министр.
Былтыр жылдың басынан бері тек мемлекеттік органдардың өзіне тұрғындардан 43,5 мыңға жуық ресми өтініш келіп түскен. Көпшілігі әбден тозығы жеткен желілердің жиі істен шығатынына шағымданады.
Үкімет басшысы дайын жобалардың жоқтығынан Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалмай қалу қаупі жоғары аймақтарға тоқталды. Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Сондай-ақ Маңғыстау облысының әкіміне су тұщыту зауыттары мен қондырғыларды салу жобаларын жандандыруды тапсырды.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі судың сапасы мен тазалығына бақылауды күшейткені ләзім.
О.Бектенов сумен қамтамасыз ету саласын автоматтандыру мен цифрландырудың маңыздылығын да назардан тыс қалдырмады. Оларды енгізу су каналдарының жұмысын жеңілдетіп, су шығыны мен апат санын азайтады. Бүгінде Қызылорда мен Атырауда дайын автоматтандыру жобалары бар. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде Қаржы министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге, осы жобаны қаржыландыруды тапсырды. Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін өндірістік үдерістерді цифрландыру бойынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтауға тиіс.
Денсаулық саласында мамандар тапшы
Үкімет қаулысымен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжатты министр Ақмарал Әлназарова ұсынды.
Кейінгі 5 жылда Қазақстанда 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық жабдықтарды сатып алуға 261 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Десе де инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары 50% күйінде қалып отыр. Жұмыс істеп тұрған нысандардың жартысы 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Министр елімізде медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 80%-дан асса да, қызмет көрсету сапасы техниканы тозуы салдарынан төмендеп тұрғанын айтты. Денсаулық сақтау жүйесінің қосымша проблемалары аурухана төсек қорын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ дәрігерлер мен медбике тапшылығы екен.
Үкімет басшысы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға кешенді көзқарас қажет екеніне назар аудартты. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, медициналық мекемелердің құрылысына арналған орындарды анықтау үдерісі ұзақмерзімді болжамдар мен халықтың әртүрлі көмек түріне қажетін ескере отырып қайта қаралады.
Бұған дейін министрлік 2,5 мың денсаулық сақтау нысанын жаңғырту қажет екенін анықтады. Бірінші кезең, 11 440 төсек орынды 34 негізгі жоба құрылысын қамтиды. Бұл жүйе құраушы медициналық мекемелер – атап айтқанда, ұлттық балалар онкологиясы мен гематология және балалар кардиохирургиялық орталығы, сондай-ақ өңірлердегі көпсалалы университеттік ауруханалар. Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, денсаулық нысандарын жаңғыртуды жалғастыру жоспарланған.
Премьер-министр жобаларды іске асыру барысында құрылыс материалдарын, жиһаздар мен жабдықтарды алу шарасына отандық өндірушілерді барынша тарту маңызды екенін еске салды. Бұл игілікті іс жергілікті кәсіпкерлердің ісін ілгерілетіп, өңірлердің экономикасына оң әсерін тигізеді. Дегенмен халықаралық сапа стандарттары сақталуы керек.
«JCI (Joint Commission International) халықаралық стандартына Қазақстанда тек 9 медицина ұйымы сәйкес келеді. Олардың қатарында «Ұлттық ғылыми кардиохирургия», «Ана мен бала» ұлттық орталығы және басқалары бар. Осы стандарттар бойынша аккредиттелу денсаулық сақтау сапасының «жоғары деңгейін» көрсетеді. Барлық денсаулық сақтау мекемелері осындай деңгейге ұмтылуы керек. Сондықтан негізгі объектілерді жобалау кезеңінен бастап JCI халықаралық стандартының талаптары ескеріліп, көзделуге тиіс», деді Үкімет басшысы.
Денсаулық сақтау саласына жеке инвестиция тарту бойынша әлемдік тәжірибені қолданудың керегі де атап өтілді. Таяу болашақта медициналық нысандарды жарақтандыру мен басқарудағы мұндай әдіс инфрақұрылымды дамытудың басым шарасы болуға тиіс. Үкімет басшысы Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу облыстары әкімдерінің назарын осы мәселеге аударды. Инвестицияның басым бөлігі Астана мен Алматыға, сондай-ақ Түркістан және Атырау облыстарына тиесілі.
Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысында денсаулық сақтау объектілерінің тозу деңгейін 30%-ға дейін төмендету, жарақтандыруды 88%-ға дейін ұлғайту және нормативтерге сәйкес медицина мамандарымен жеткілікті қамтамасыз ету жоспарланған.