Еліміз энергия қуатының 70%-дан астамын көмірден өндіріп отыр. Экономиканың олқы түскен бір тұсын көтеріп тұрған да көмір. Дәл қазір бұл ресурсты барынша тиімді пайдаланудың жолын табуға тынымсыз талпына берген абзал дейді мамандар.
Көмір химиясы – келешегі бар сала. Көмірді экспорттап қана қоймай, одан сапасы жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаруға болады. Оны энергетикалық отын ретінде ғана емес, химия өнеркәсібі үшін шикізат түрінде пайдаланудың да технологиясы бар. Көмірден 400-ден астам түрлі өнім алуға болады. Өңделіп, қайта өндірілген өнімдердің құны көмірдің өзінен 20–25 есе қымбат.
Көмірден жаңа өнім түрін өндіру жаңа жұмыс орындарын құруға, бюджетке салық түсімдерінің түсуіне, жаңа өткізу нарықтарына шығуға, республиканың экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Қазір елде шамамен 34 млрд тонна көмір қоры бар. Бұл көрсеткіш бойынша біз әлемдегі көшбасшы елдердің ондығына кіреміз. Көмірді терең өңдеуді дамыту – көміртегі бейтараптығына, дамудың «жасыл» траекториясына бағыттау тұрғысынан ерекше өзекті.
«Astana Mining %& Metallurgy» халықаралық тау-кен металлургия конгресі шеңберінде өткен Көмір өнеркәсібінің V форумында көмір химия өнеркәсібінің дамуы, оның даму үрдістері мен келешегі туралы сөз болды. Алқалы жиында қатты отынды байыту мен қайта өңдеудің заманауи технологиялары, құны жоғары өнімдер мен көмірді таза және тиімді пайдаланудың өзге де жолдары қызу талқыланды. Сондай-ақ алғаш рет көмір химиясын дамыту жөніндегі ғылыми жетістіктер жұрт назарына ұсынылды. Көмір химиясы саласын дамытудағы шетелдік тәжірибе де таныстырылды.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков саланы дамытудың маңызды мәселелері мен келешегі туралы айтты.
«Көмір өнеркәсібі электр энергиясын өндірудің 70%-дан астамын, кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық сектор мен ел халқының қажеттіліктерін қанағаттандырып отыр. Ол – бүгінде елдің аса маңызды ресурстық салаларының бірі. Салада 32 мыңға жуық адам жұмыс істейді», дейді вице-министр.
Оның айтуынша, қазіргі өндіру қуатының қарқынымен біздің ел 300 жыл бойы өзін көмірмен қамтамасыз ететін мүмкіндігі бар. Соның нәтижесінде еліміз көмір өндіру деңгейінен әлемдегі жетекші орындардың біріне тұрақтай алады. Алайда сала «жасыл» энергетикаға көшу, логистикалық проблемалар және әлемдік нарықтағы бағаның құбылуына байланысты бірқатар қиындыққа тап болды.
«Бұл факторлар көмір өндіру көлемінің төмендеуіне әкелді. 2023 жылы 113 млн тонна өндірілді. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға аз. Ал осы жылдың алғашқы төрт айында өндіру былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,7 млн тоннаға кеміді. Министрлік осы тәуекелдерді азайту мен көмір өндіру деңгейін сақтауға қатысты белсенді түрде жұмыс істеп жатыр», деді вице-министр.
Ол қазіргі мәселелерді шешуге көмектесетін үш негізгі бағытты атап көрсетті.
Біріншіден, көмір өндірісін таза көмір технологияларын қолдану арқылы сақтауға болады, бұл қазірдің өзінде бірқатар Еуропа және Азия елінде қолданылады. Министрлік осы технологияларды енгізу үшін энергия өндіруші компаниялармен және Энергетика министрлігімен, сондай-ақ шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты күшейтуге ниетті.
Екіншіден, көмір химиясын дамыту – көмір өндіруді сақтауға және ұлғайтуға ғана емес, өңдеу өнеркәсібінің өсу көзіне айналатын болашағы бар бағыт. Қазір еліміз көмір химиясын дамыту үшін Қытай капиталы мен технологиясын тартатын жұмыс жүргізіп жатыр.
Үшінші маңызды бағыт – логистиканы жақсарту. Шекара маңындағы елдерге байланысты конвенциялық тыйымдар жағдайында біздің ел көмірді экспорттық жеткізудің едәуір бөлігін жоғалтты. Министрлік осы мәселелерді шешу үшін Көлік министрлігімен және шекаралас елдердің тиісті органдарымен жұмыс істеуге ниетті.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев көмірден жоғары технологиялық тауарлар өндіру үшін жаңа инвестициялық жобалар жасауға мүмкіндік бар екенін айтты. Сөйтіп, көмір химиясы саласы елдегі химия өнеркәсібінің жаңа өсу нүктесіне айнала алатынын және өңдеу секторының дамуына ықпал ететінін алға тартты.
«Кең ресурстық базамызбен, географиялық тиімді орналасуымыздың арқасында біз көмір химиясы саласының әлеуетін жоғары деңгейде іске асыруымыз керек. Жалпы алғанда, көмірді өңдеу арқылы 400-ден астам түрлі өнім алуға болады. Олардың құны көмірдің өзінен 20–25 есе қымбат. Ал көмірді терең өңдеу кезінде шикізатқа қарағанда бағасы 25–30 есе қымбаттайтын өнім алуға болады. Бұл өнімнің бағасы газ бен мұнайға қарағанда әлдеқайда төмен және тұрақты. Алдын ала есептеулер саладағы пайдаланылмаған әлеует 25 млрд долларды құрайтынын көрсетті», деді ұлттық компания басшысы.
Саладағы маңызды мәселенің бірі – өндірілген өнімді тасымалдау ісі. Бұған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жауапты. Сондықтан көмірді тасымалдауды қамтамасыз ету үдерісін сапалы бақылау үшін ҚТЖ күнделікті жоспардың орындалуын тиімді бақылауды қамтамасыз ететін, оған қоса көмірдің нақты тиелуін қадағалауға және талдауға мүмкіндік беретін интерактивті жүйе әзірлепті. Анығында ҚТЖ жыл сайын мемлекеттік орган өкілдерімен, жүк жөнелтушілермен жазғы маусымда көмір тасымалдауды ұйымдастыруда дәстүрлі кездесулер өткізеді. Өткен мамыр айында көмір шахталарымен бірқатар кездесу өткізіліп, онда тасымалдың бағыты және оның біркелкі болу мәселесін талқылаған.
Дүниежүзілік банк дерегіне сәйкес елде 46 трлн доллардан артық сомаға 5000-нан астам барланбаған кен орны бар екен.
Биылғы төрт айда елімізде 36,2 млн тонна көмір өндіріліпті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға аз. Бірінші тоқсанда елде көмір экспортының жиынтық көлемі заттай түрде 6,5 млн тоннаны құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,2%-ға кем. Біздің көмірді негізгі тұтынушы елдер – Ресей (4,3 млн тонна), Латвия (847,1 мың тонна), Польша (407 мың тонна), Израиль (220,5 мың тонна), Өзбекстан (133,4 мың тонна) және Түркия (107,9 мың тонна). Келтірілген цифрлық дерек биылғы үш айдағы көрсеткіш екенін де айта кетейік.