• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Маусым, 2024

Тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігі артады

141 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен палата­ның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібінде негізінен әлеумет­тік, құқықтық мәселелерді қарас­тырған заң жобалары тал­қы­ланды. Сондай-ақ бірқатар ха­лықаралық келісімді ратифика­ция­лауға бағытталған заңдар қабылданды. Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.

Қазақстан-Сингапур қатынасы нығая түспек

Күн тәртібінде қаралған алғашқы екі заң жобасы туралы, яғни «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем алу тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жайлы ілеспе баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева жасады. Сондай-ақ ол осы мәселеге байланысты еліміздің Салық ко­дексін жетілдіру бойынша өзге­ріс­тер енгізу туралы да баяндады.

Сондай-ақ жалпы отырыста қарал­ған халықаралық келі­сім­дерді ратифи­кация­лауға қатысты заң жобаларынан Қазақстан-Син­гапур ынтымақтастығы аясын­да­ғы келісім де мақұлданып, тиіс­ті ше­шімі шығарылды. Осы рати­фи­ка­цияның арқасында енді елі­міз­дің қызмет экспорттаушылары Сингапур нарығына шыға алады.

Мәжіліс ратификациялаған Қазақ­стан мен Сингапур ара­сындағы көрсеті­летін қызмет­тер саудасы және инвестициялар туралы келісім былтыр 22 мамырда Астанада жасалған. Қос тараптың сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуді көздеген құжат екі ел арасында көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы туралы алғашқы келісім болып отыр. Бұл туралы жалпы оты­рыста депутаттар алдында елі­міз­дің Сауда және интеграция ми­нистрі Арман Шаққалиев хабарлады.

– Сингапур көрсетілетін қыз­меттерде дамудың озық тәжі­ри­бе­сіне ие, бұған оның эконо­ми­ка­лық көрсеткіштері мен инно­ва­циялық жетістіктері дәлел бола алады. Бұл ел – Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы және жал­пы әлемдік экономикадағы флаг­ман, сондай-ақ ірі IT және қар­жы хабы. Қазақстан мен Син­гапур арасындағы тауар ай­на­лымы өткен жылы 1,8 млрд дол­ларды құрады, оның ішінде, отандық экспорт – 94%. Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы былтыр 9,6 млн долларға жетіп, Қазақстан тарапының қызметтер экспор­тының үлесі 37%-ды құраған. Яғни еліміздің қызмет берушілері – 3,5 млн, ал сингапурлықтар 6 млн долларға қызмет көрсетті, – деді министр А.Шаққалиев.

Жалпы, бұл келісімді ратификациялау отандық қызмет берушілердің серіктес нарыққа қолжетімділігін арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Соны­мен қатар Қазақстан капи­­талының қатысуымен кәсіп­орындар құруға, өзара инвести­ция­ларды тартуға және қорғау­ға бағытталған қосымша мүмкін­діктер қарастырылады. Кейінгі 10 жылда Сингапурдың Қазақстанға салған тікелей инвестициясының жалпы көлемі 1,7 млрд долларды құраған екен.

 

Көлік саласындағы өзекті мәселелер

Мәжіліс көлікті дамытуға және көлік саласындағы мемлекеттік бақы­лауды қамтамасыз етуге бө­лінген бюджет қаражатын пай­да­ланудың тиімділігі туралы Жоға­ры аудиторлық палатаның есебін тал­қылады. Алдымен осы мәселе туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов есеп берді. Оның айтуынша, «Қазақ­стан темір жолы» АҚ компаниялар тобының қарызы 10 жылда 928 млрд теңгеден 2,9 трлн теңгеге дейін немесе 212,7 пайызға ұлғайған.

Жоғары аудиторлық палата есебінде республикалық ма­ңызы бар жолдарды күтіп ұстау сапасының төмендігі де айтылды. Оған басты себеп – жолдардың пайдалану техникасы мен нормативке сәйкес жабдықталмауы. Сонымен қа­тар талқылауда вагондардың же­тіс­пеушілігі, вагондардың сани­тарлық талапқа сай келмеуі, жол сапасын бақылауды толық цифр­ландыру, реконструкциялау жұ­мы­с­тарының ұзаққа созылуы мен құ­нының жоғарылауы сынды сала­дағы өзекті мәселелер сөз болды.

Отырыс барысында Үкімет пен Көлік министрлігіне және «Қазақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ-на қарыз жүктемесін азайту ша­ра­ларын қабылдау, темір­­жол кө­лігі саласындағы мемле­кеттік бақы­лауды күшейту, тасы­мал­дау­шының жаңғырту бағы­тын­дағы міндеттемелерін белгілеу, активтерді реконструкциялау және жаңарту шараларын жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ конкурс­тар өткізу үдерістерін цифрлан­дыру арқылы әлеуметтік маңы­зы бар теміржол тасымалдарын мем­лекеттік қолдау шарала­рын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету, жеке инвестициялар арқылы магис­тралдық темiржол желi­лерiн дамыту үшiн жағдай жасау, сал­мақ өлшемдері артып кеткен ауыр салмақты автокөлік құрал­дарын автомобиль жолдарына жібермеу шаралары да жүктелді.

 

Арнайы орталық құрылады

Мәжіліс тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бо­йынша заңды екінші оқы­лым­да қабылдады. Заңды Мем­лекет басшысының азаматтар­ды қол­жетімді баспанамен қамта­масыз ету мәселесін шешу туралы тапсырмасын орындау мақ­сатында Үкімет әзірлеген.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша, биылдан бастап елімізде Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылмақ. Осы мақ­сат­та «Отбасы банкі» АҚ ұлттық даму институтына айналады. Тұрғын үйді орналастыру, есепке алу және бөлу функциялары жергілікті атқарушы органдардан осы институтқа беріледі.

Екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар «Отбасы банкінің» екінші деңгейдегі банк­тер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталуына бағытталған түзе­ту­лер енгізді. Сондай-ақ банк қыз­метін ли­цензиялау жалғаса беретін болды.

Сонымен қатар «Тұрғын үй­мен қамтамасыз ету орталығы» жаңа электронды деректер базасы құрылады, онда баспанаға мұқт­аж және «Отбасы банкінде» тір­келген азаматтар туралы мәлі­меттер қамтылады. Бұған қоса заң жобасына «сатып алу құ­қы­ғынсыз» аза­маттарға жалға беріл­ген тұрғын үйлерге енді «жеке­шелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізіліп, қолдау тапты.

– Сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі. Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жеке меншік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді. Мұндай жаңа жекешелендіру құқығын барлық өңірдегі халықтың әлеу­меттік осал топтарына жататын 51 мың азамат пайдалана алады, – деді Ұ.Тұмашинов.

Ендігі жерде бұрын мемле­кеттік тұрғын үй қорынан баспана алып, оны жекешелендіріп алған азаматтарды тіркеуден бас тарту нормасы да енгізіледі. Мем­лекеттік бағдарламалар бойынша ипотекалық несие алғандар да тіркелмейді.

– Жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйге жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Ол да қолдау тапты. Бұл ұсыныс 1 600 астам азаматтың мәселесін шешуге бағытталған. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 13-бабының 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрып жатқан үйлерді 11 санатқа «меншігіне өтеусіз алуға» қолданыстағы құқық сақталды. Депутаттардың түзетуіне Үкімет оң қорытындысын берді, – деген баяндамашы мемлекеттік қордан баспана алу басымдықтарының тізбесі кеңейтілетінін де жеткізді.

Жаңа заңда халықтың әлеу­мет­тік тұрғыда аз қамтылған топтары­ның төрт санаты үшін мем­лекеттік тұрғын үй қоры­нан баспана алудың басым құқы­ғы сақталады. Бұлар – соғыс ардагер­лері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы аналар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ көпбалалы отбасылар.

Қызмет бабында қаза тапқан­дардың отбасыларына баспана беріледі. Заңда мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери бо­рышын өтеу кезінде, адам өмі­рін сақтап қалу және құ­қық­тық тәртіпті сақтау кезінде қаза тап­­қан адамдардың отбасылары­на тұр­­ғын үй беру ұсынылып отыр. Жер­гілікті атқарушы органдар осы санаттағы азаматтарды қыз­мет­кер қайтыс болған күннен бас­тап бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндетті.

Бұдан бөлек халықтың әлеу­мет­тік тұрғыда аз қамтылған топ­­­­­тары­ның тізімі кеңейтіледі. «Же­­сір­­лер» санаты жеке тәуелсіз санат­­қа бөлінеді. Түзету­лер асы­рау­­­­шы­­­сынан айырылған­дардың мү­д­­д­е­­лерін қорғау үшін енгізіліп отыр.

Азаматтар апатты үйлердің орнына берілген тұрғын үйлерді жеке­шелендіруге мүмкіндік алады. Депу­таттар енгізген түзетулердің арқасында бірқатар отандасымыз өздері тұрып жатқан баспанаға меншік құқығын ала алады. Оларға берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығы жалғыз баспанасы қауіпті деп танылған азаматтарға беріледі.

Отырыс соңында депутаттар депутат­тық сауалдарын жария етті. Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға са­уал жолдаған «Amanat» партиясы фрак­циясының депутаты Қазыбек Әлішев Ақтөбе қаласы Алматы ауда­нында жаңа ауру­хана қажеттігіне қатысты мәсе­ле көтерді. Ол Ақтөбе қаласының шал­ғай шетінде орна­ласқан Алматы ауданы­ның 35 мың тұрғынының игілігі үшін заманауи аурухана салу қажет дейді.

– Ауданның 35 мың тұрғыны қыста борандатып, көктем мен күзде жаң­быр­­латып 7-8 аялдама қатынап, №2 қала­лық ауруханаға баруға мәжбүр. Сауа­лы­мызды бұған дейін Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне жолдағанбыз. Алайда, бүгінгі таңда, «өңірлерде денсау­лық сақтау ұйымдарын дамыту шара­ларын қабылдау жергілікті атқару­шы ор­гандардың құзыретінде» деген шыға­рып салма жауабын алдық, – дейді депутат.

Ал Наурыз Сайлаубай қоғам­дағы жең ұшынан жалғас­қан жемқорлық жайын қозғады.

– Тарихы терең білім орда­ларындағы жемқорлық және балдырғандардың тамағына талас­қандар қазіргі таңда тыйылмай тұр. Жемқорлық әрекеті мектепке қарапайым еден жуушы, күзетші және аула сыпырушы болып жұмысқа тұрайын десең де жағаңнан алып, тығырыққа тірейді. Ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеймін десеңіз оның ставкасы бөлек әңгіме. Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істегісі келетін жас маманның сағы сынып, осының кесірінен басқа салаға кетуге мәжбүр, – деген депутат сөзінің дәйектілігі үшін біраз фактіні мысалға келтірді.

Депутат Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа есеп жүйелері арасындағы байланысты түзету, яғни саладағы басшылар мен есепшілер арасындағы сыбай­ластық­ты жою, мектептерде мұға­лімдерден «белгісіз қор­ларға» қаражат жинауды тыю, бюд­жеттік жоспар мен бөліністің ашықтығы және осы жүйені цифр­ландыру арқылы ақпараттық ашықтықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету, еңбекақыны есептеу және жергілікті жерлердегі білім саласындағы бюд­жеттің ашықтығын қамтамасыз ету сынды ұсыныстарын жолдады.