• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 13 Маусым, 2024

Шеберлік пен шыңдалу мектебі

108 рет
көрсетілді

Еліміздің Қарулы күштер қатары жаңа офицерлермен толықты. Биыл мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен 158 түлек­­ке Ұлттық қауіпсіздік және әскери істер магистрі дәрежесі беріл­ді.

Ұлттық қорғаныс уни­вер­ситеті жыл сайын Қарулы күштер бас штабының академиясы факуль­тетінде жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық деңгейдегі бас­қару мамандарын дайын­дап шығарады. Офицерлер магистра­тура­ның білім беру бағдар­ла­масына сәйкес теориялық оқыту мен әс­кери тағылымдаманың толық курсынан өтеді. Биылғы түлектер 9 маман­дық пен 22 біліктілік бойынша Мемле­кеттік аттестаттау комиссиясы жүр­гіз­ген қорытынды аттестаттау барысында жоғары білімдерін көрсетті.

Офицерлік шен тапсыру рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚК бас штабының басшысы, генерал-лейтенант Сұлтан Қама­летдинов арнайы келді. Сөз арасында офицерлердің, болашақ әскербасылардың және әскери басқару органдары басшыларының жаңа плеядасы дайындалып жатқа­нын атап өтті.

– Егемен Қазақстан Қарулы күш­тері құрылған алғашқы күннен бас­тап нормативтік-құқықтық базаны қалып­тастырумен, ұйым­дық-штаттық құрылымды оңтай­лан­дырумен және әскерлерді тех­никалық жарақ­тан­дырумен қатар әскери кадрларды дайын­даудың көпдеңгейлі жүйесін құру басым бағыт болғанын атап өткен жөн. Бұл қадам бүгінде өзін толық ақтады деуге негіз бар. Ұлттық қауіпсіздікті қамтама­сыз етуде адам әлеуетіне ерекше маңыз берілген. Ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күш­тердің одан әрі дамуына баса назар аударып келеді. Бізге басқару жүйесін жаңғырту, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыру, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, роботтандыру мен жасанды интеллектіні енгізумен айналысу керек. Армияның кадрлық әлеуетін нығайтудағы Ұлттық қорғаныс уни­вер­­си­тетінің рөліне тоқталғанда, мұнда бірегей ғылыми зерттеу және білім беру ортасы құрылғанын да ескеру маңызды. Алдағы уақытта да ҰҚУ-дың дамуы жалғасып, келесі оқу жылынан бастап жаңа кафедра, факультет пен зертханалар ашылады. Сонымен қатар магистранттар мен докто­ранттарға арналған білім беру бағдарламалары мен пәндер желісі де кеңейтіледі, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Жоғары оқу орны ведомст­во­аралық ғылыми білім беру орта­лығы болып есептеледі. Мұны ескерген Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары құт­тықтау сөзінде профессорлық оқы­ту­шылар құрамына, ғылыми қыз­мет­керлерге алғысын білдірді. Әрі Қазақ­стан армиясының қатары ең беделді әскери оқу орнында білім алған жоғары білік­ті мамандармен толы­ғатынын және түлектердің алдында офицерлер корпусының беделін жоғары деңгейге көтеру міндеті тұрғанын жеткізді.

Биыл магистратураны «Әскери істегі стратегиялық менеджмент» бағ­дарламасы бойынша 8 офицер бітір­ген. Олардың қатарында оқуын үздік аяқ­таған полковник Мұрат Жүсі­пов бар. Ал оқудың барлық кезеңінде жан-жақты қамтамасыз ету факуль­теті­нің түлек­тері, подполковник Диас Қана­­фин мен майор Иван Битюков өте жақсы білімін көрсетіп, қорытынды аттес­тат­тауды тек «өте жақсы» бағаға тапсырған.

Оқудың барлық кезеңінде «өте жақсы» деген баға алып, қорытынды аттестаттаудан «өте жақсы» өткен магистранттарға төсбелгі беріліп, олардың аты-жөні оқу орнының Құрмет тақтасына жазылады.

Бір айта кетерлігі, білім ордасы магистратураның білім беру бағ­дар­ламалары негізінде Қазақстанның басқа әскерлері мен әскери құра­лым­дары үшін кадр дайындауды жүзеге асырады. Биыл оқу орнын Ұлттық ұланның 23 әскери қызметшісі, ҰҚК Шекара қызметінен 14 адам және Төтенше жағдайлар министрлігінен 5 адам бітіріп шықты. Сондай-ақ Тәжікстан Республикасының 16, Қырғыз Республикасының 4 әскери қызметшісі бар. Университетте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің офицерлері де тұрақты негізде оқып, білім алады.