Адам папилломасы вирусы (АПВ) қаншалықты қауіпті? Жатыр мойны обырын алдын алуға септесетін АПВ-ға қарсы вакцинация елде қашан жүргізіледі? Бұл тақырыпты Астанада өткен форумда қоғамдық, ғылыми, халықаралық ұйым мүшелері (ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰДБ, ЕО), Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, сондай-ақ белгілі дәрігерлер, ғалымдар, дін қызметкерлері мен қоғам белсенділері талқылады.
Мамандардың ай-туынша, биыл АПВ-ға қарсы вакцинация қайта басталады. Жалпы, адам папилломасы вирусы (АПВ) – әлемде өте кең таралған, шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустар тобының жалпы атауы. Осы вирустың 200-ге жуық түрі белгілі, олар кемінде 13-і қатерлі ісіктің дамуына әкеледі. АПВ-ға жиі әсер ететін анатомиялық аймақ жатыр мойны болғандықтан, осы ағзаның онкологиялық аурулары әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Бүгінде аурудың алдын алудың жалғыз жолы – вакцинациялау.
Қазақстандағы ДДСҰ өкілдігінің иммунизациялау бағдарламасының үйлестірушісі Қанат Суханбердиевтің айтуынша, халық вакцина жасаудың қаншалықты маңызды екенін түсініп, ауырмайтын жол іздеуге белсене қолдау білдіргені жөн.
«Адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау 2006 жылдан бері 135 мемлекетте жүзеге асты, 100 миллионнан астам адам бұл вакцинаны салдырды. Вакцина салдырған Швеция, Аустралия, АҚШ секілді тәжірибелі мемлекеттер де бар. Мысалы, Аустралияда 20-25 жас аралығындағы екпе салдырған қыздарда мұндай ауру түрі мүлдем анықталмаған. Біздің елде де аурудың алдын алу үшін вакцина салу өте маңызды. Қазақстанда вакциналау шарасы қыркүйек айының басында басталып, 2 рет егіледі. Бірінші екпе егу сатысы қыркүйек айында болса, екіншісі 6 айдан кейін ғана жасалады. Айта кету керек, көрші Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан мемлекеттерінде АПВ-ға қарсы вакцинаның егіліп жатқанына 2 жылдан астам уақыт өтті», дейді Қ.Суханбердиев.
Коронавирус пандемиясы кезінде вакцинаға күмәнмен қарағандар болғаны рас. Дегенмен аталған дертке қоғамдық иммунитет қалыптастырып, ауруды жеңетін бірден-бір жол вакцина салдыру екенін жұрттың дені түсінді. Яғни қоғамда вакцинаға деген түсінік өзгерді. Форумда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова адам папилломасы вирусынан болған қайғылы жағдайлар туралы статистиканы келтіре отырып, аурудың алдын алуға жауапкершілікпен қарау керек екенін еске салды.
«Елімізде жатыр мойны обыры – барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі өлімнің екінші себебі. Жыл сайын елімізде жатыр мойны обырының 1 900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Өкінішке қарай, жылда 600-ден аса әйел осы паталогиядан қайтыс болады. Сол үшін вакцинация туралы жұмысты дұрыс үйлестіру, халыққа жеткізу мәселесі баршамызға байланысты», деді Денсаулық сақтау министрі.
Форумға қатысушы шетелдік қонақтар мен мамандар, қоғам белсенділері пікір білдіріп, АПВ-ға қарсы салынатын вакцинаны қолдау үшін қандай жұмыс жүргізетіндерін ортаға салды. Сонымен қатар басқосуда сала мамандары вакциналауға қанша қаражат бөлінгенін де атап өтті.
«Бізде әзірге тек екі және төрт валентті вакцина салу ойластырылып отыр, егер екі және төрт валентті вакцина ойдағыдай өтсе, басқа мемлекеттегідей біздің де елде тоғыз валентті вакцина салынады. Еліміз бұл вакцинаға 9,6 млрд теңге қаражат бөлді. Арнайы препараттарды сатып алу бүгінде басталып, ендігі кезекте халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, вакцинаның маңыздылығын жеткізуіміз керек», деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.
Жәния ӘБІЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті