Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Сот сараптамаларының ғылыми-тәжірибелік орталығында болып, Әділет министрімен және орталық ұжымымен кездесті. Жүздесуге қатысушылар сот-сараптама қызметіндегі заңнаманы жетілдіру және өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады.
Іс-шара кезінде комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров сот-медициналық сараптама сот ісіндегі мән-жайды объективті анықтауда және сот төрелігінің сапасын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Сот-сараптама қызметі саласында білікті мамандардың жетіспеушілігі сезіліп отыр, ал кейбір өңірде материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі өте төмен. Өзекті мәселелердің бірі – маман сарапшының жетіспейтіні, оған жалақының аздығы, еңбек жүктемесінің жоғарылығы және әлеуметтік кепілдіктің көңіл көншітпеуі себеп болып отыр. Қазіргі уақытта 140 бос жұмыс орны ашылды. Аумақтық бөлімшелер ғимаратының тозуы және олардың қажетті жабдықпен қамтамасыз етудегі кемшіліктер де өзекті мәселелер қатарында. Бұл қылмыстық істерді тергеу сапасына, сот талқылауына және азаматтардың құқықтарын қорғауға кері әсерін тигізуі ықтимал», деді Нұрлан Бекназаров.
Әділет министрі Азамат Есқараев сот медицинасын одан әрі дамыту мақсатында аудандық және ауданаралық сот медицинасы бөлімшелерін, сондай-ақ молекулалық-генетикалық зертханаларды ашу үшін қаржы бөлу қажеттігін атап өтті. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру аса маңызды екені айтылды. Бұл мәселені облыс әкімдіктерінен сот-медициналық сарапшыларды оқытуға арналған мақсатты гранттар алу арқылы шешуге болады. Сонымен қатар синтетикалық есірткі мен киберқылмыстың жаңа түрлерінің үнемі өсуі сот сараптамасы қызметін үздіксіз жетілдіруді талап етеді.
Сенаторлар химиялық және биологиялық зерттеулер қызметтерінде, сондай-ақ гистологиялық және химиялық-токсикологиялық бөлімдерде болды.