• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Білім 14 Маусым, 2024

Үмітті үкілеген ұлттық жоба

89 рет
көрсетілді

Қазақстанда әлі күнге дейін үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер бар. Дәл осы мәселені шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Жоба бойынша 2025 жылдың соңына дейін 401 жайлы мектеп салынып, пайдалануға берілуге тиіс. Бұған бюджеттен тиесілі қаражат, дәлірек айтқанда, 2,6 трлн теңге қарастырылған. Жобаның жүргізілу барысы қалай? Орын тапшылығы шынымен толық жойыла ма? «Жайлы мектеп» қай тілде оқытады? Жауап іздеп көрдік.

«Жайлы мектеп» несімен жайлы?

Үкіметтің ресми сайтындағы 2022 жылғы 29 қарашада жарияланған ақ­па­ратта аталған ұлттық жоба мектептегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге бағытталғаны, сондай-ақ өңір әкімдері жайлы мектептерді салуға жыл соңына дейін жер телімдерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруы қажет екені жазылған. Осы орайда оқырман ойында «Жайлы мектеп» несімен жайлы?» деген сұрақ туатыны сөзсіз.

Үкіметтің таратқан ашық дерегінде бұл туралы: «Жайлы мектептердің айыр­ма­шылығы – бірыңғай стандарт бо­йынша жобаланатынында, яғни пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар, бәрі бірыңғай стандарт негізінде жабдықталады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақ­тауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша, оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүм­кіндік туады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр қабат­та оқушыларға арналған тынығу алаң­дары болады. Мекетептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жасалады. Сонымен қатар бас­тауыш және жоғары сыныптарға арнал­ған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы бар», делінген. Мұндай мектепте оқуды әр оқу­шы қалай­ды, кейбірі әлі де армандай­ды, түп­теп келгенде балалардың барлығы да жай­­лы жағдайда білім алуға құқылы. Мұны­ талай рет жаздық. Бірақ көп жоба­ның соңы сиырқұйымшақтанып кететіні бар. Сол себепті жан-жақты бақылау керек-ақ. Сонымен, қазіргі істің барысы қан­дай?

 

Орын тапшылығы жойыла ма?

Біз Оқу-ағарту министрлігіне «Соңғы дерек бойынша елімізде қанша оқушы бар, қанша балаға орын жетіспейді, қанша мектеп үш ауысымды, тағы қанша мектеп апатты жағдайда, жаңадан салынатын жайлы мектептер жоғарыда аталған барлық мәселені шеше ала ма?» деп сауал жолдадық. Министрлік бұған: «2023-2024 оқу жылын 3 820 703 оқушы аяқтады, оның ішінде 186 мың түлек мектеппен қоштасты. Елімізде 106 үш ауысымды және 56 апатты мектеп бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәл осы үш ауысымды оқытуды жою, қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты азайту мақсатында елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба бойынша 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орны бар 369 мектеп ашу жоспарланған. Биылғы 1 қыркүйекке дейін 98 мектеп, 2024 жылдың соңына дейін 119 мектеп, ал қалғандары 2025 жылдың соңына дейін ашылады. Бұл елдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешеді», деп жауап берді.

Негізі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын бекіту туралы 2022 жылғы 30 қарашадағы Үкіметтің №963 арнайы қаулысысында 2 жыл бұрынғы дерек бар. Сол құжатта: «Орта білім беру саласында, әсіресе, ірі қалалардағы ең өзекті мәселе – оқушы орнының тапшылығы. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз бо­йынша мектептер желісі 1,4 мың бірлікке (9 мыңнан бас­тап 7,6 мыңға дейін) қысқарды, олардың басым бөлігі болашағы жоқ елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде білім алушылар санының қысқаруына және жабылуына байланыс­ты болды. Білім алушылар контингенті 3,7 миллион білім алушыға жетті, оның 2,2 миллионы қалалық мектептерде, 1,5 миллионы ауылдық мектептерде оқиды. 2022 жылы оқушы орындарының қазіргі тапшылығы 270 мың орынды, оның ішінде қалада – 174 мың орынды, ауылда 96 мың орынды құрады», делінген.

Осы жоспар нәтижелі, өз ретімен іске асса, елімізде үш ауысымды және апатты мектептер, оқу ошақтарындағы орын тапшылығы шынымен толық жойыла ма? Жоғарыдағы деректерден көз жеткізіп отырғанымыздай, еліміздегі мектептерде орын тапшылығы, көбейтіп айтқанда, 300 мың десек, 2026 жылға қарай жайлы мектептерде 740 мың жаңа оқушы орны пайда болады. Бірақ бұл жерде екі мәселені ескерген жөн секілді. Оның бірі – халықтың өсімі, екіншісі – урбанизация, яғни халықтың қалаға ағылуы. Бірінші мәселеге зер салсақ, жыл сайын 400 мыңның шамасында бала мектепке қабылданады, мектепті көп дегенде 200 мың оқушы бітіреді. Демек, елдегі оқушы саны жылына 200 мыңға көбейіп жатыр, бұл дегеніміз – мектептердегі орын тапшылығы осыншама санға артып отырады деген сөз. Ал екінші мәселеде осыған дейінгі бар түйткіл тереңдей беретіндей көрінеді. Мұқият оқыған жан аңғаратын шығар, жоғарыда оқушылар саны ұдайы өсіп отырса да тәуелсіздік жылдары еліміздегі мектептер желісі 9 мыңнан 7,6 мыңға дейін қысқарғаны, бұған шалғайдағы елді мекендерде орна­ласқан шағын жинақты мектептердің жабылғаны себеп болғаны айтылды, яғни бір жағынан мектеп жетіспей жатса, екінші жағынан оқу ошағы жабылып жатыр. Қысқаша айтқанда, оқушы жоқ жерге салынған жаңа мектеп түптің түбінде жабылып қалуы ғажап емес. Мұндай жағдайда қалалардағы мектептерде орын тапшылығы тағы да пайда болуы мүмкін.

Негізі «Жайлы мектеп» ұлттық жоба­сының іске асырылу жоспарында бәрі болжанған. Айталық, жоғарыда аталған қау­лының мәтінінде «Астанадағы мектеп­терде қазіргі орын тапшылығы 20 973 деп көрсетілген. Ал 2026 жылғы 1 қаң­тарға оқушы орындарының болжамды тап­шы­лығы (бала туу көрсеткіштерін, урбанизацияны, өңірішілік және өңіраралық көші-қонды, сондай-ақ ғимараттардың тозуын ескере отырып) 127 263-ті құрады» делінген. Елорданың білім басқармасына арнайы сұрау салғанымызда, бізге: «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру аясында 2024-2025 жылдары бас қалада екі ауысымды 90 мың оқушы орнына арналған 24 мектеп салу жоспарланған. 2024 жылдың қыркүйек айында екі ауысымда 27 600 орындық 8 мектеп пайдалануға беріледі. Тағы екі ауысымды 25 200 орынға лайықталған 7 мектепті 2024 жылдың желтоқсан айында, екі ауысымды 36 000 орындық 9 мектепті 2025 жылы пайдалануға беру жос­парланып отыр. 15 жайлы мектеп қарқынды дамып келе жатқан «Есіл» (6) және «Нұра» (9) аудандарында орналасады», деп жауап берді. Демек бас-аяғы 2026 жылға қарай Астанада 88 мың 800 жаңа оқушы орны пайда болады. Бұл қаулы-құжаттағы Үкіметтің талдауында болжанған орын тапшылығы толық жойылмайды дегенді білдіреді. Өйткені онда 2026 жылы 127 мыңнан аса орын тапшы болатыны жазыл­ған, сонда 40 мыңдай балаға орын жетіспеуі мүмкін. Яғни екі ауысымдағы 600 орындық тағы 33 мектеп керек болады.

 

Жаңа мектептер қай тілде оқытады?

Жайлы мектептердің артықшылығы қандай болатынын жоғарыда баяндадық. Ал мұндай мектептерде жұмыс істеуге арнайы мұғалімдер даярланады. Бұл туралы 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жобасы туралы үкімет қаулысының жобасында бекітілген. Енді дәл сондай жағдайы жақсы, іші заманауи жабдықталған, жаңа форматта даярланған білікті мұғалімдер еңбек ететін әрі тегін оқытатын мектепке баласын кез келген ата-ана беруге мүдделі болатыны заңдылық. Осы орайда ата-аналарда «Жайлы мектептер» қай тілде білім береді?» деген сұрақ туатыны түсінікті. Бұл сауалды министрлікке де, материалымызда мектептер санын мысалға келтірген және мемлекеттік тілдің қолданылу аясына қатысты мәселе жиі кездесетін Астана қаласының білім басқармасына да қойып көрдік. Оқу-ағарту министрлігі: «Мектептегі оқыту тілін тұрғындардың сұранысына қарай айқындау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде», деп жауап берді. Ал Астана қаласы білім басқармасының аталған сұраққа берген жауабында: «Мектептер пайдалануға берілгеннен кейін оқыту тілі және бағыты анықталады. Қай тілде білім беретіні мектепті ашу қарсаңында мектептің қызмет көрсету аумағындағы тұрғындардың сұранысы мен мектеп әкімшілігінің жарғысы негізінде бекітіледі. Астана қаласы Білім басқармасы тарапынан жыл сайын мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен сыныптардың санын көбейту бо­йынша жұмыстар жүргізіледі», делінген.

Жоғарыдағы жауаптардан ұққаны­мыз­дай, жайлы мектептердің оқыту тілін сол мектепке баратын оқушылардың ата-аналары шешеді. Бірақ оның шешімі нақты қандай жолмен шығарылатыны, шешім қабылдауда дауыстар қалай есептелетіні ашық айтылмайды. Дәл осыған қатысты Үкіметке ашықтық керек секілді. Себебі жағдай әртүрлі болуы мүмкін әрі соған сай сұрақ та, мәселе де көбейетіні анық. Мысалы, бір мектепке баласын беретін ата-аналардың 95 пайызы қазақ тілінде оқытылуын қаласа, қалған 5 пайызының орыс тілінде білім беруін сұрағаны үшін мектеп аралас тілді бола ма, әлде көп дауыс жеңіп, көпшіліктің сұранысына сай тек қазақтілді мектеп бола ма немесе дәл сондай жағдай керісінше болса, таза орыстілді мектепке айнала ма? Сұрақ та, белгісіздік те көп. Шындығында, жақсы жағдай мен жайлылық, бұған қоса сапалы білім мемелекеттік тіл жағында болса, дәл осы жайтты сәтті пайдаланып, мемлекеттің қаржысына салынған мектептерге тек мемлекеттік тілде білім беретін талап енгізілсе, қазақ тілін дамытуға кеткен есепсіз қаржының тиімді қайтарымы болар ма еді дерсіз. Бұл белгісіздікке нүкте қояр батылдық керек-ақ...