• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Зерде 14 Маусым, 2024

Кәрім Мыңбаевтың мұрасы мен мұраты

201 рет
көрсетілді

1948 жылы 30 қыркүйекте Сарыарқаның оңтүстігінде, Балқаш көлі мен Бетпақ­даланың түйіскен жерінде алапат апат орын алды. Алматыдан шыққан ұшақ Балқаш қаласынан жанармай құйып, әуеге көтерілген соң 15 минуттан кейін жарылып кетті. Ұшақтың ішінде Мәскеуге, Сталин қолдан жасаған академик Т.Лысенконың 50 жас­қа толған тойына ша­қырылған Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымының бетке шығатын тұл­ғалары – академик Кәрім Мыңбаев бастаған ғалым­дар – Қылыш Бабаев, Сапар Нұғыманов, Хасен Нау­рызбаев, Федор Солодников бар еді. Бәрі қайғылы қазаға ұшырады.

Республика басшылы­ғын­дағы біраз адам, ұлт зиялыларының бір тобы ұшақ апаты ұшқыштардың қателігінен немесе техника қауіпсіздігін сақтамағандықтан болмағанын сол кездің өзінде жақсы білді. Бірақ ашық айта алмады. Өйткені бұл сапарға себепші Т.Лысенко өзін мансаптың төріне шығарған ұстазы академик Н.Вавилов бастаған ондаған ғұламаны «халық жауы» деген жаламен кеңестік өлім машинасына жібергені ұмытыла қой­маған. Америкалық журналист, жазушы-деректанушы Сэм Кин «Ғылыми мақсат үшін! Өлтіру, азаптау, тыңшылық және басқа да қылмыстар» деген еңбегінде ғылым тарихында динамит, улы газ немесе ядролық қарумен мыңдаған адамның түбіне жеткен күмәнді жетістіктер бар. Дегенмен ғылыми мақсаттағы жауапсыздықтың жүлдесі сөзсіз сталиндік акаде­мик Трофим Лысенкоға тие­сілі. Ол жалған ғылыми зерттеу­лерімен миллиондаған адамды шімірікпестен аштықтың аранына айдап салды деп өте дәл си­паттады. Яғни Қазақстан ғалым­дарын құрбандыққа шалу шы­бын өлтіргеннен де жеңіл әрі пайдалы еді. Өйткені олар нақты нәтижелі ғылыми зерттеулер жүргізу үстінде болатын. Николай Вавилов қолымен құрған ВАСХНИЛ-дың (В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы) Қазақстандағы бөлімшесін басқарып келген шәкірті Кәрім Мыңбаев мұндағы қызметін, кейбір деректер бойынша, әріптесі Қылыш Бабаевқа тапсырып, өзі Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) ВИР (Бүкілодақтық өсімдіктер шаруашылығы инс­титуты) зертханасына ауысып, ғылыммен айналыспақ болған.

Профессор Хайдар Арыс­тан­беков: «Мемлекеттік комиссия ұшақ өздігінен жарылмағанын анықтады. Бұл Кәрім Мыңбаевқа жасалған қастандық екенін жұрт іштей білді. Жарылғыштың қуат­тылығы соншалық, ондағы адамдардың денелері кесек-кесекке бөлініп, шашылып кеткен. Мыңбаевтың мәйітін костюмінің бір жапырақ матасы мен сондағы түймесінен анықтадық» деп жазған екен естелігінде.

Кеңестік дәуірдегі тотали­тарлық биліктің қазақ халқына жасаған орасан қиянаты мен ешқашан орны толмас зардабын айта отырып, мемлекеттік жүйені қалыптастыруға, соның ішінде білім мен ғылымды дамытуға тигізген оң ықпалын жасырып қалу жарамас. Кеңес одағы құ­рылған 1920 жылы өсімдіктер мен жануарлар тұқымын сұрыптау ісімен 26 ғылыми мекеме айналысса, 12 жылдан кейін елдегі сұрыптау стансаларының саны 185-ке жетіпті. Сондай-ақ талапты жастың іскерлік, ізденгіштік қабілетін таныған шынайы ғалым­дар оларды кез келген республикадан шақырып алып, ғылым жолына түсуіне жәрдем бергені – ақиқат. Осының айқын мысалы, Алматыда Ауыл шаруашылығы институтының доценті, Қазақ егіншілік институтында ғылыми қызметкер Кәрім Мыңбаевты академик Н.Вавилов Ленинградтағы өзі басқаратын Бүкілодақтық өсімдіктану институтының аспирантурасына шақырып, білімін жетілдіруге, Қазақстанда бастаған зерттеу жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берді. Сөйтіп, Николай Ивановичтің жетекшілігімен «Көк­сағызды жақсартудың негізгі жолдары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, каучукты өсімдіктер ішінде тиімдісі көксағыз екенін дәлелдейді. Сол, 1940 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының аспирантурасына қабылданып, ВИР-дегі зерттеу жұмысын жалғастырады.

1940 жылдың соңында Кә­рімнің ұстазы академик Н.Ва­вилов тұтқынға алынады. Т.Лы­сенко бастаған топтың жаласымен. Мыңбаевтың да зерттеулері мен қызмет жолына бөгет жасалуы мүмкін еді. Өйткені ака­демиктің достары мен шәкірт­теріне сенімсіздік пайда болып, бақылауға алынды. Дегенмен ғалымды тергеу ісі бірнеше айға созылып, әуелде шығарылған өлім жазасы 20 жыл абақтыға жабу үкіміне ауыстырылып, Лысенколар үшін «майда шабақ» және «жабайы» Қазақстаннан келген Кәрім сияқты жастар назардан тыс қалған. Оның үстіне, Екінші дүниежүзілік соғыс қимылдары КСРО аумағына ауыс­қан соң, саяси бюро барлық қажыр-қуатын майданға жұмсап, ел ішіндегі ұсақ-түйек мәселеге мойын бұра қоймайды.

Соғыс басталысымен зайыбы мен балаларын Қазақстанға жіберген Кәрім жау әскері Ле­нин­градқа таяған кезде халық жасақшылары сапында қаланы қорғауға қатысады. С.Дүйсен мен Ж.Қалиевтің «Ұлы дала тұл­ғалары» сериясымен шыққан «Кәрім Мыңбаев» кітабында ғылым кандидаты дәрежесі бар, коммунист кейіпкерімізді 1941 жылы 6 қыркүйекте Қызыл Армияның тұрақты бөліміне, 114-дербес автобронды ротаның саяси же­текшісі етіп жібергені туралы дерек берілген. Студент, оқытушы, ғылыми қызметкер, аспирант, докторант болған кездерінде өзі оқыған, қызмет істеген мекеменің қоғамдық жұмысына белсене араласқан, іскерлігіне қоса жауынгерлерге жігер бере алатын шешендік қабілеті зор, қиын-қыстау сәтте тез шешім қабылдай алатын батылдығы да бар Кәрімнің майдангерлік жолы төрт айдан соң, 8 қараша күні аяқталып, ғылыми жұмыспен айналысуға Қазақстанға қайтарылады. Өйт­кені әскери ұшақ пен автомобиль шығару өндірісіне, кейбір ақпаратқа қарағанда, танктер бронын күшейтуге қажетті каучук талшықтарын беретін көксағызды мол мөлшерде өсіру қажет еді. Сондықтан респуб­лика басшылығының өтініші бойынша Жоғары бас қолбасшы И.Ста­линнің тікелей рұқсатымен елге оралады.

Қазақстанда К.Мыңбаев Қазақ КСР Жоспарлау комитеті төр­аға­сының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, ғы­лыммен айналысуына рұқсат бе­ріледі. Ол негізгі қызметіне қоса, Қазақ ауыл шаруашылығы инс­титутында өсімдіктер селекция­сы және генетикасы, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-де дарвинизм кафедрасын басқарады. Сонымен қатар Мақтаарал, Қызылқұм, Ильичев, Киров аудандарында каучук өндірісі үшін шаруашылықтар құрумен шұғылданады. Оның жетекшілігімен Алматы облы­сының Жамбыл ауданында тә­жірибе танабы, Ақмола облы­сында Шортанды ауыл шаруа­шы­лық тәжірибе стансасы ұйым­дас­тырылады.

Әрине, Кәрім Мыңбаевтың алдында Алаштың алып тұлға­лары жасаған ұлы істердің, күрес­керліктің қайталанбас үлгісі бар еді. Кеңестік екіжүзді идеология­мен сиыспайтын көзқарастары мен әрекеттері үшін олардың саяси қуғын-сүргінге қалай ұшы­рағаны оның көз алдында өтті. Кәрім кеңестік дәуірдегі қазақ зиялысының көрнекті өкілі болды. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ғылым табалдырығын аттаған қазақ азаматтары аға ұрпақтың ізденімпаздық, өзіне қатал талап қою қасиеттерін, күрес­керлік қабілеттері мен қа­жыр-қайратын сақтап қалып, кеңестік-коммунистік идеоло­гияның қосарлы стандартына төзу иммунитетін бойына қа­лыптастырып үлгерді. Соның нәтижесінде ғылымды игерудегі зор мүмкіншілігін көрсетті, өзгелерді мойындатты.

Кәрім Мыңбаевтың және оның тұсындағы ғалымдардың отан­шылдық, мемлекетшілдік қасиетіне, алға қойған мақсатына же­туге құштарлықпен ғана емес, өлермендікпен еңбек еткен жан­себілдігіне таңғалмасқа шара жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстың екі жарым жылында толық қоршауда қалған қалада орналасқан ВИР қой­маларында сақталған, Вавилов бастаған ғалымдардың экспедициялар кезінде жинаған дәнді дақыл тұқымдары, Ресейдің заманауи есебі бойынша, 8 триллион долларға бағаланады екен. Ленинградтың халқы өзек жалғар талғажу таба алмай аштан өліп жатқанда институт ғалымдары бір түйір тұқымдық дәнді пайда­ланбай, аман сақтап қалады. Осы кездері ВИР-дің 28 ғылыми қызметкері аштан өлген екен. Бұл – қантөгіс шайқастағы көзсіз ерліктен де асқан қаһармандық, төзімділік екенін мойындамасқа болмайды. Айтпақшы, елінің, адамзаттың болашағы үшін осынша қазынаны тірнектеп жинаған Н.Ва­вилов та 1943 жылы 26 қаң­тарда Саратов түрмесінде аштан өледі.

Елдің өнеркәсіп және қорғаныс салалары үшін қажетті каучук беретін көксағыз өндірісін жолға қоюмен қатар, Кәрім Мың­баев халықты азық-түлікпен қам­тамасыз ету үшін алдына асқақ мақсат қойып, оларды жүзеге асырудың іс-шараларын белгіледі. Обалы не керек, кеңес билігі қо­лында нақты жоспары бар ғалымға қолдау білдірді.

Кәрім Мыңбаевтың асыл мұратының бірі – Бетпақдаланы бақ далаға айналдыру еді. Ол үшін Ертіс, Сарысу, Шу, басқа да өзен­дерді және жерасты суын тиімді пайдаланудың жобасын жасады. 1944 жылы ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалының басшысы болуы Кәрімнің мақсатты арманы орындалуын жақындата түскендей еді. Соғыс жылдарының және одан кейінгі ауыр шақтың қиындығына қарамастан, республиканың өсімдік шаруашылығын дамыту ғана емес, мал тұқымдарын асылдандыру мәселесін де көтерді, шешті. 42 жасында осындай игілікті жасап үлгерген ғалымның аяқ алысы, табыстары Лысенко сияқты алаяқтарды шошытпай тұра алмады. К.Мыңбаев, басқа да қазақ ғалымдары мінген ұшаққа қастандық жасалуы ықтимал деуіміздің себебі де – осы. Олар аман жүрсе, Қазақстан ғылымы қандай дәрежеге көтеріліп, экономикасы қаншалықты көтерілер еді... Әрине, қазір өкінгеннен пайда жоқ. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі 33 жыл ішінде Кәрім Мыңбаев бастаған ондаған ғалым жасаған игіліктен айырылып қалдық. Көпірте мақтаған «сарабдал саясаттың» салдарынан асыл тұқымды мал басы жойылып, өсімдік шаруашылығы күйреуге жақындады. Бетпақдаланы игеру былай тұрсын, Ертіс – Қарағанды каналы бойындағы кеңшарлардың шаңырағы ортасына түсті. Нақты ғылым мен ғалымның құны түсіп, жалған ғылым мен ғалымды төрге шығарған қоғамға тән көрініс.

Қарақұлақ болған кезінен Ташкентке оқуға аттанғанға дейінгі бозбала, жігіттік шағы өткен Ақмолада (қазіргі Астана) академик Кәрім Мыңбаевтың атында бір көше жоқ екен. Енді ғана №59 мектеп-лицейге ғалымның есімі беріліп, «Кәрім Мыңбаев: мұра және тағылым» атауымен оны ұлықтау рәсімі өтпекші. Бұл қоғам өміріне оң өзгеріс, жаңа леп келе бастағанының белгісі болар деп үміттенейік.

 

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

Мәдениет қайраткері