Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігері, торакалды Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігері, торакалды хирург, онколог Нұртас Қалибеков өкпе ауруларын емдеуге маманданған. Осы орталықта 15 жылдан бері еңбек ететін маман ізденістен қол үзбейді. Қал-қадірінше өкшелеп келе жатқан жастарға түйген-білгенін айтып отырудан жылақпайды.
Нұртас Қалибековтың медицинаны таңдауына алғаш анасы ой салыпты. Соны санасына құйып алған ойын баласы өсе келе бала арманынан айнымапты.
– Өзім Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласының тумасымын. Бала күнімде анам «сен түбі дәрігер боласың, сенің болмысың, мінезің дәрігерге келеді» деп айтатын. Содан дәрігерлікке ерте жастан әуес болдым. Әне-міне дегенше, Астанадағы медицина университетіне оқуға түстім. Университеттегі алғашқы жылдар мен ақылы негізде оқыған соң ба, әйеуір қиын болды. Оқуды орта жолдан үзсем бе екен деген ой келді. Жақындарымның қолдауымен әйтеуір жинақталып, оқуымды жалғастыруға бел будым. Жоғары курста хирургия саласын таңдадым. Сол кез 7 курста емхананың шұғыл хирургиясында кезекшілікке түсіп, операцияларды көріп, үйреніп жүрдім. Интернатураны тәмамдап, диплом алған соң, резидентурада оқыдым. Ол кезде осы онкология орталығы республикалық шұғыл медициналық көмек ауруханасы еді. Осында салаға дағдыланып, мамандықты тереңірек зерделей бастадым. Асан Жексембаев секілді білгір профессордың тәлімін алдық, – дейді Н.Қалибеков.
2015 жылы мекеме Ұлттық ғылыми онкология орталығы болып бекігенде, басшылық дәрігерлерді бөлек-бөлек бағытқа нұсқаған. Сонда Нұртас Қалибеков өкпе, өңеш обыры бағытын таңдап, бөлімде Александр Дигай сынды білікті дәрігерлердің шарапатын көрген. Осылайша, кейіпкеріміз алғашында тек пациенттің іш, өт құрылыстарына операция жасаса, 2015 жылдан кейін кеуде қуысына операция жасауға дағыдылана бастаған. Сөйтіп жүріп, Корея, Израиль және басқа да Еуропа елдерінде тәжірибесін шыңдауға барған.
– Өкпе обыры – өте күрделі аурулардың бірі. Науқастар өте көп. Былтыр бізге 130 науқас келсе, соның ішінде 70 науқастан өкпе обыры анықталып, оларға операция жасадық. Басқасы, қатерсіз ісік, туберкулезге шалдыққандар еді. Оларға да жәрдемдестік. Қазіргі операциялар бұрынғыдай емес, біраз шираған. Шетелдік озық тәжірибені пайдаланамыз. Сала жылдан жылға жетіліп келеді. Әр науқасты өзімнің тусымдай көремін. Егер менің туыстарым осындай жағдайға тап болса, не істер едім деген сауалды өзіме қоямын. Торакалды хирургияға келгенде ең бірінші шағын операция жасадық. Оған 6 сағат жұмсағанбыз. Сонда қасымдағы хирург «бұрын жасағансың ба» деп сұраған. «Жоқ», деп бірінші рет жасап жатқанымды айтқан едім, ол таңқалды. Алты жыл өтті, әлгі пациент әлі күнге хабарласып тұрады. Өкпенің тамырлары үлкен болады. Ол қанап кетсе қиын. 10-20 секундтың ішінде тамырды ұстап қалу керек болады. Әлгі операциядан кейін араға шамамен екі ай салып, тура сондай жағдайда тағы бір науқас келді. Операция кезінде қан кетті. Тамырды лезде қысып ұстап үлгердік. Пациенттің қан қысымы 40-қа бір-ақ түсті. Сонда сектор меңгерушісі Мейрам Асқарұлы бәрі дұрыс екенін айтты. Мен тамырды қысып тұрып, басқа бір тұсты кескенде қолымды қоса тіліп өтіппін. Сол кезде меңгерушіміз қолыңды ал енді мен қысайын десе, тамырды тас қылып ұстаған мен алақанды әзер ашқанмын. Қолымнан қан саулап жатыр. Операция сәтті аяқталып, операциядан кейін кесілген қолымды тіккеніміз бар,– деп еңбек жолындағы алғашқы жылдарын еске алды Н.Қалибеков.
Осы жағдайдан кейін тәжірибелі хирург үрейленбей, керісінше, шынығып, қайта операция жасауға кірісе бастаған. Қазір жылына шамамен 150-ге жуық операция жасайды. Дәрігер қатерлі ісік неғұрлым ерте сатыда анықталса, емі жеңілірек болатынын айтады. Яғни пациенттің өмірін ұзартуға мүмкіндік көбірек болады. Ал ісік асқынған болса, жағдай қиын. Мұның барлығын дәрігерлер пациентке, туыстарына байыппен нақты түсіндіріп айтады. Н.Қалибековтің айтуынша, қатерлі ісік жастарда агрессивті түрде өтеді. Тез таралады. Оларға дәрігер хабарды айтарда ерік-жігерін жиып, өзін барынша салмақты ұстауға тырысады.
Кейіпкеріміз жары Меруерт Калибековамен бір топта оқыпты. Қазір үлгілі отбасы төрт бала тәрбиелеп отыр. Меруерт қалалық онкология орталығында сәулелік диагностика дәрігері. Нұртас Қалибеков мінезі салмақты, артық-ауыс сөйлемейтін үлкен ұлына «сен түбі дәрігер боласың, сенің болмысың, мінезің дәрігерге келеді» деп кезінде өз анасы айтқан сөзді қайталап отырады екен. Бірақ әкесінің жұмыстан кеш келетінін, кейде түн жарымда жұмысқа баратынын көріп-біліп жүрген бала дәрігер болуға қазірден жүрексінетін көрінеді. Бір жағы әкесінің талай адамның жүрегіне үміт ұялатқан дәрігер екенін түсінетіндей.