• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Маусым, 2024

Шығыста 10 «жайлы мектеп» бой көтереді

66 рет
көрсетілді

Айтты, айтпады, Шығыс Қазақстан өңірі мектептерден таршылық көріп келе жатқаны жасырын емес. Сол үшін ғой, облыста бір емес, ұлттық қанатқақты жоба аясында он «жайлы мектеп» салу жоспарда бар дегенді естіген ел шынайы қуанған. Оның жетеуін биыл аяқтауды көздеп отыр.

Сөзіміз дәлелді болсын, мәселе етіп көтерген бірқатар мектеп­тер­ді атайық. Риддердегі тоз-тозы шығып тұрған «Шаңырақ» білім ошағының мәселесі итіс-тартыс бо­лып жүріп шешілгендей болған, алайда нүктесі әлі қойылған жоқ секілді. Ғимараты ескі қазақ мектеп-гимназиясының оқушыларын судай жаңа орыс мектебіне апа­рып араластырған. Ол төңіректе де азды-көпті наразылық туында­ған. Ал Алтай ауданына қарасты Жаңа Бұқтырма кентінің оқушылары ба­лабақшаның ескі ғимаратында әлі білім алып жатыр. Ол мектеп бірнеше жылдан бері санитарлық талапты ұмытқан. Тазалық талабын сақтау мүмкін емес-ті. Иә, кентте жаңа мектептің құрылы­сы басталған. Қашан аяқталады, бізге беймәлім... Сонымен қатар Өскемендегі физика-математика лицейінің де мәселесін жо­ғарыға жеткізгендей болған­быз. Бұл мектептің төбесінен тамшы тамып, іші-сырты ескіргені өз алдына, интернаттың оқушылары су­ды батареяға жылытып жуына­ды. Со­дан-ақ жағдайдың қаншалық­ты күр­делі екенін байқауға болады. Ол туралы да Білім басқармасы өкіл­дері жауап берген. Құрылысы қа­ңырап қалған колледж ғимаратын осы физика-математика лицейіне беріледі дескен. Тағы да қашан екенін дөп басып айтқан біреу болмады. Интернат дегеннен шы­ға­ды, Марқакөл ауданы, Төсқайың ауылындағы мектеп жанындағы интернаттың жағдайын көріп жаға ұстағанбыз. 1948 жылы салынған жалқы қабатты жадау үй. Тым ескі. Дәретханасы да далада. Ол жаққа Оқу-ағарту министрлігі өкілдерін қойып, басқарма басшысы аяқ баспаған. Жоғарыда аталған мектеп мәселелері бір емес, бірнеше рет «Egemen Qazaqstan» газетінің бетінде көтерілген. Көтеріп қана қоймай, редакция назарында.

Өңірде «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы жоспардағыдай жү­зеге асса, көптеген оқушы сапалы білім алып, болашақтарына се­німмен аттанар еді. Жо-жоқ, бұл де­генім Риддер, Жаңа Бұқтырма се­кілді мек­тептердің білімі сапасыз дегені­­міз емес. Ол мектептердегі мүм­кін­дік­тің жоқтығына қарамас­тан, оқушы­­лары сенім үдесінен шығып жүр. ­Егер шынайы жана­шыр­лық таны­­тып, жағдай жасалса, одан да биік­терді бағындырар ма еді?

Айтқандай, облыс орталығында «Жайлы мектеп» жобасымен үш бірдей білім ошағының іргетасы қаланып жатыр. Алдағы оқу жылында Есенберлин даңғылы мен Уәлиев көшесінде және Бабкина мельница ауданында жаңа мектеп бой көтереді. Естеріңізге салсақ, 2025 жылдың аяғына дейін өңірде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен жалпы құны 34,7 млрд теңге болатын 4 200 орындық 10 мектеп қолданысқа берілуі керек.

– Биыл облыс бойынша жеті мектептің құрылысын аяқтауды жос­парлап отырмыз. Оның үшеуі жаңа оқу жылында пайдалануға бе­ріледі. Олар – Өскемендегі Уәлиев, Тимофеев көшелерінде және Рид­дер қаласында салынып жатқан мек­тептер. Қазіргі уақытта директор­лары тағайындалып, қажетті құ­жаттар рәсімделіп жатыр, – деді об­лыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.

Аталған құрылыс нысандарын аралап шыққан облыс әкімі Ермек Көшербаев та жұмыстарды сапалы жүргізіп, дер кезінде аяқтау керектігін қадап айтты. Айтса, айт­қандай-ақ. Облыста сақалды құ­рылысқа айналған нысандар аз емес. Сондықтан да көпшілік күтіп отырған білім ошақтары уақтылы аяқталып, оқушылар игілігіне берілсе жақсы. Бұл – көптің тілегі.

– Жұмыстарды көрдік. Қажет болса, заң аясында қосымша жұмыс күшін тарту керек. Біз де өз тарапымыздан кез келген уақытта көмектесуге дайынбыз. Білім бас­қармасы өкілдері ақпараттық, тү­сін­діру жұмыстарына баса назар аударғандары дұрыс. Тұрғындар­ға барлық ақпарат қолжетімді болуы қажет, – деді облыс әкімі Ермек Кө­шербаев.

Бірқатар жаңа мектептердің салынып жатқанына ата-аналар да алғыстарын айтып жатыр. Мәселен, Өскеменнің шетіндегі Бабкина мельница шағын ауданында бүгінгі күнге дейін мектеп болмаған. Оқушылар орталықтағы мектептерге қатынап жүрді. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін қиын еді. Жаңа оқу жылында тұрғындар асыға күткен 300 орындық білім мекемесі есігін айқара ашады. Ал Уәлиев көшесі мен Есенберлин даңғылында орын тепкен әр мектепте бір ауысымда 600 оқушы білім ала алады. 19 шағын аудандағы екі мектепте де бала саны нормадан әл­де­қайда асып кеткен. Алдағы уақыт­та ол мәселе де шешімін таппақ.

Сондай-ақ Риддер қаласындағы 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл пайдалануға берілуге тиіс. Айта кетейік, облыстық білім басқармасы мамандары ұсын­ған ақпаратқа сүйенсек, бұл жаңа мектеп аралас болады. Дәл осы бағдарламамен Шемонаиха қала­­сында, Глубокое ауданының Бело­усовка, Опытное поле ауылдарында да 300 орын­дық білім ордасы салынып жатыр. Олар да аралас мектеп бо­лады деп жоспарланған.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ 1 қыркүйекке дейін 3 мектеп, 31 желтоқсанға дейін қалған 4 мектеп құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы