Қарағанды қаласы білім бөлімінің ерекше дәстүрі десек те болады, жыл бойы үздік деп танылған оқушыға «Жыл оқушысы» марапатын табыстайды. Қазылар алқасының шешімімен бұл жолғы жеңімпаз – Қарағандыдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның 6-сынып оқушысы Тоқтар Кәрібаев.
Жыл сайын оқу жылының соңында облыс орталығындағы 80-нен астам мектеп оқушысы арасынан үздік анықталады. Талапқа сай, оқуда озат болуымен қатар өнерлі, өрелі, талантты, талапты болуы шарт.
Тоқтар Ерсінұлы байқау барысындағы бірнеше кезеңнен сүрінбей, үздік шыққан. Эссе жазудан, шешендік өнерден қатарластарының алды болып, басым ұпаймен оқ бойы озық шықты.
Байқауды ұйымдастырғандар Тоқтардың әртістік қабілетіне ерекше көздері түскенін, өнерге, оның ішінде кино және театр саласына деген қызығушылығын айрықша атап айтып отыр.
Тоқтарға бес кезең бойы қолдау көрсеткен ұстазы, сынып жетекшісі Эльмира Сыздықова талантты шәкірті Тоқтардың топ жарғанына бек қуанышты екенін толғаныспен жеткізді.
– «Жыл оқушысы» сайысы күзде басталып, жыл бойы жалғасты. Оқушылар бес турдан өтті. Білімі, таланты, қарым-қабілеті, қызығушылығы жағынан сынға түсті. Жалпы есепте Тоқтар 497 ұпаймен алға шықты. Қоғамның бар саласынан хабары бар талантты оқушымның білім көкжиегі өте кең. Кез келген пәнге икемді. Тарих пен әдебиетті сүйіп оқиды. Таңдауы – театр саласы. Ал арманы – кинорежиссер болу, – дейді Эльмира Сыздықова.
Оқырманның есінде болса, жақында газетімізге «Оқушылардың ерекше күнделігі» деген атаумен мақала жазып, білім саласындағы басшылардың тарапынан ұлттық күнделікке қолдау көрсетілсе дегенбіз. Көп ұзаған жоқ, қалалық білім бөлімінің әдіскерлері Тоқтардың мұғалімі Эльмира Сыздықованың еңбегіне, жобасына жан-жақты демеу көрсетіп, қала мектептеріне енгіземіз деген жақсы жаңалық айтқан еді. Енді, міне, төл шәкірті топ жарып жатыр.
Бала Тоқтардың биіктен көрінуі де тегін емес. Өйткені есімі түбі бір түркі жұртынан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің құрметіне қойылған. Бала Тоқтардың тұсауын батыр Тоқтар кесіп, батасын берген.
Қарағанды облысы