• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 14 Маусым, 2024

«Хат қоржын»

33 рет
көрсетілді

Мәлік туралы кино түсірілсе игі

Мәлік Ғабдуллин – Кеңес Одағының батыры атағын алғаш болып алған тұлғаларымыздың бірі. Ал осы атақ мерзімінен өте кеш берілген қолбасшы Бауыржан Момышұлы замандасына: «Мәліктің ғалымдық, педагогикалық еңбегі өз алдына, ол кешегі қан майданда ел қорғаған ер, батыр... Ол – халық батыры. Мәлікті сыйлау ол үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін керек», деп өзінің құрметін білдірген екен.

 

Жыр алыбы Жамбыл болса: «Батырым – Мәлік, беренім, Жүйрігім – озған өренім. Халқы сүйген қалаулым, Жырымды саған төгемін», деп жырлайды.

Алдағы жылы туғанына 110 жыл толатын Мәлік ағамыз хақында бұған дейін талай жазылды. Батырдың сұрапыл соғыстағы ерлігі туралы алғаш рет кеңестік белгілі жазушы Борис Полевой 1943 жылғы 25 сәуірде «Правда» газетінде «Елдің ері» деген тақырыппен көлемді мақала жариялап, жалпыға әйгіледі.

М.Ғабдуллин маған нағашы ағайым болып келеді. Ол Желтау тауының Зеренді жағында орналасқан Қойсалған аулынан болса, біз екінші жағында орын тепкен Құлет аулынан едік. Мәлік ағайым өз аулында мектеп болмағандықтан, біздің ауылдағы төрт жылдық мектепте сауат ашып, бастауышты сонда бітіріпті.

Негізгі айтпағым, батырдың 110 жылдығына орай бірнеше бөлімнен тұратын көркемсуретті фильм түсірілсе деген ұсыныс еді. Мен осыдан оншақты жыл бұрын осы мәселені көтеріп, Мәдениет және ақпарат министрлігіне хат жазғанмын. Бірақ ондағылар сол кезде Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов туралы фильмдер түсірілгенін, қазір ондай кино түсіруге қаржылай мүмкіндік жоқ екенін көлденең тартқан болатын.

Болашақ ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, аға ұрпақтың ерлік істерін кеңінен насихаттау үшін батырларымыз туралы фильм­дер керек-ақ дер едік.

Серік НАУҚАНБАЙҰЛЫ,

еңбек ардагері

 

КӨКШЕТАУ

 

 

Еңбекқордың ертеңі еңселі

Әкемнің арқасында көптеген парасат биігіндегі адамдармен таныстым. Мысалы, шежірелі Төменгі Барысхан жерінде Жәмила Божбамбаева, Александр Нахманович, Орынкүл Атабаева, Елена Свинковская, Дариха Жантоқова сынды еліміздің бірқатар Еңбек ерлері өсіп шықты. Олардың жасампаз істерін бүгінде ауылдастары жалғас­тырып отыр. А.Нахмановичтің тракторшыдан елге танымал ұжым­шар төрағалығына дейін көтерілгенін айта кеткеннің артықтығы жоқ.

Талас пен Қостөбе ауылдары бұрын қандай болса, қазір де сол деңгейде. Айналасы бау-бақшаға оранған. Қостөбе ауылдық округінің әкімі Нұрғали Қожабергенов, өндірістік кооператив директоры Закир Муминов  қызметтерін алуан меншікті ауыл экономикасының маңызды бөлігі болып табылатын шаруа қожалықтарын, жеке кәсіпорындарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағыттай жүргізеді. Қайрат Туғанбаев пен Саламат Рахманбердиевтің кенттік болысу қағидатымен жұмыс істейтін жекеменшік кәсіпорнының даңқы ауданнан тыс жерлерге де тараған. Олар жұмыстарын ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде өңдеп, ұқсату, кәсіпорынның қаламен өндірістік интеграциясын қалыптастыру, тұрғындардың бір бөлігін жұмысқа тарту мүмкіндігін кеңейту бағыттарында жүргізіп келеді және ол өз жемісін беріп отыр.

Қайрат Мәмбетовтің шұжық, Сергей Лесняктың сүт өнімдері цехы, ал Закир Муминовтің өсімдік майын шығаратын жеке кәсіпорны өңірге жақсы танылып қалды деуге болады. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен көпұлтты ауыл тұрғындарының 1 250 жеке аула шаруашылығы айналысады. Кейінгі жылдары дәнді дақылдар, ет, сүт өндіру көлемі артқан.

Ауыл экономикасының негізгі салмағын тұрғындардың жеке ауыл шаруашылығы көтеріп тұрғанын да атап көрсеткен жөн. Қала базарларын ірімшік, сары май, шұжық өнімдерімен қамтамасыз етуде олардың үлесі үлкен. Шаруа қожалықтарында дәнді және мал азығы дақылдарының 65 пайызы өсіріледі. Егер ең басты проблемалар: су ресурстарын тиімді пайдалану, ирригациялық жүйелерді реттеу, жерді мелиорациялау, жайылымдарды суландыру, табиғи газбен жабдықтауды қалпына келтіру сияқты мәселелер оң шешілсе, онда ауыл экономикасы қазіргіден де жақсара түсер еді.

Ғайни КӨШЕКБАЕВА,

психолог

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы

 

 

Белсенді қызметкер белесі

Денсаулық сақтау министрлігі белді қызметкері Жұмағыз Жарасова – мақтан тұтар әріптесіміз. Өзі өте қарапайым да кішіпейіл, сонымен бірге, білікті фармацевтика ісін ұйымдастырушы кәсіби маман.

Жұмағыз Ғалымжанқызы Астана қаласының дәріханалық және медициналық денсаулық сақтау мекемелерінің мемлекеттік жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Өзінің көп жылғы адал еңбегі, жоғары іскерлік, адами қасиеті үшін әріптестері оған әркез үлкен құрметпен қарайды. Осы қызметте істеген жылдары осы салада жүрген ондаған жас маманға оң бағыт сілтеп, өзін білікті тәлімгер ретінде де көрсете білді.

Ж.Жарасова «Aqniet» Денсаулық сақтау қызметкерлері бастауы­ш кәсіподақ ұйымының мүшесі ретінде департаменттің қоғамдық өміріне де белсене қатысады. Атап айтқанда, түрлі спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырады. Департамент қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық сауатын арттыруға бағытталған ұжымдық шартын әзірлеуге үлкен үлес қосты. Ұжымдағы кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғауда да әркез алдыңғы қатардан табылады.

Белсенді еңбегі елеусіз қалмай, комитет пен департаментті былай қойғанда, салалық министрлік тарапынан да бірқатар марапатқа ие болып жүр. Мәселен, былтыр Медицина қызметкерлері күніне орай Астана қаласындағы Қазақстан салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды. Әріптесіміздің бұдан басқа да көптеген грамотасы мен алғыстары бар.

Майра БАЗЫЛБЕКОВА,

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша

департаментінің заңгері

 

АСТАНА