• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Маусым, 2024

Ауылдың әрін кіргізетін нысандар

63 рет
көрсетілді

Биыл Батыс Қазақстан облысында ауыл мен қаланың ажарын келтіріп, халықтың тұрмысын жақсартатын бірнеше әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Көпшілігі білім саласына тиесілі. Оның жөні де бар. Өйткені облыс орталығында үш ауысымды мектеп мәселесі болса, ауылдық жерлерде әбден тозған, апат жағдайында тұрған ғимараттар да баршылық еді.

«Биыл Батыс Қазақстан облысында білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен апатты мектептер мәселе­сін шешу мақсатында Орал қаласын­да №31 мектептің құрылысы басталды» дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Дархан Абдрашитов. Осы мақсатқа 2,5 млрд теңге бөлініп, мердігер «Альтаир» ЖШС іске кірісіп те кеткен. Бүгінде ғимараттың қабырғасы қаланып, еден плиталары орнатылып жатыр. 

Бір тәуірі, әлеуметтік ғима­раттар бірнеше мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатыр. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен ғана өңірде 2023-2025 жылдары 18 мектеп салынбақ.

Соның ішінде өткен жылы 9 мектептің құрылысы бас­талып та кетті. Олар – Орал қаласындағы №53, №60 және №65 мектеп ғимараттары. Соң­­ғы­­сы медициналық колледж ай­ма­ғына салынып, «Құс фаб­рикасы» деп аталатын ауданда тұратын тұрғындардың балаларына қызмет көрсетеді. Бұрын сая­жай жері саналған бұл аудан­да бүгінде мыңдаған халық тұрақты тұрғанымен, дәл осы мектеп мәселесінде көп жылдан бері қағажу көріп келе жатқан еді. Міне, халықтың өтініші ескерілді.

Бөрлі ауданында да 3 «жайлы мектеп» бой көтереді. Оның екеуі Ақсай қаласында болса, енді бірі Пугачево аулындағы орта мектеп ғимараты. Бәйтерек ауданының Достық және Бай­қоныс ауылдарында, Теректі ауданының Подстепное кентінде де мектеп құрылысы басталды.

«Биыл Ұлттық Қордан Батыс Қазақстан облысында жаңа 9 жайлы мектеп құрылысы үшін тағы да 19,2 млрд теңге бөлінді» деген қуанышты хабарды құрылыс бас­қармасы және жария етіп отыр.

Бұдан басқа, жайлы мектеп­тер­ге сыртқы инженерлік желі­лерді жүргізу үшін жобалық-сме­талық құжат әзірленген, 8 мектеп бойынша сараптама жасалып, мақұлданған, жер­гілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген.

Батыс Қазақстан облысының бір ерекшелігі – өңірде шағын елді мекендер саны өте көп. Бұл шағынжинақты мектепке үлкен сұраныс тудырып отыр. Мәселен, өңірдегі алпауыт Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. ком­паниясының қаражаты есе­­бінен Бөрлі ауданындағы Жар­суат аулында және Қазта­лов ауданының Саралжын аулында шағынжинақты мектеп құрылысы жүріп жатыр. Таяу болашақта дәл осындай 8 мектеп құрылысы басталмақ. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құ­жат­­тар әзірленіп жатыр екен.

Әлеуметтік құрылыс дегенде, оған тек білім ошақтары емес, мәдени-спорттық нысандар да кіретіні анық қой. Ауылдық жерде спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Қазталов және Тасқала аудандарында 2 дене­­шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Құры­лыс­шылар уәдесінде тұрса, осы жы­л­дың ІІІ тоқсанында аталған ауыл халқы су жаңа спорт кеше­ні­нің қызығын көре бастайды.

Ал жоғарыда айтқан ҚПО б.в. компаниясының қаражаты есебінен өңірде 4 мәдени-спорт кешені, 2 мәдениет үйі, 2 денешынықтыру-сауықтыру кешені, 5 мемлекеттік мұрағат салу жоспарланған.

Айтпақшы, «Ауыл – ел бесігі» деп аталатын тағы бір тамаша бағдарлама бар. Осы ұлттық жоба аясында бүгінде облыстың 5 ауданында 6 мәдениет нысаны салынып жатыр. Олар – Қазталов ауданының Қайыңды, Жаңақала ауданының Қырқопа, Сырым ауданының Тоғанас, Бәйтерек ауданының Щапов, Тасқала ауданы Мерей ауылдарындағы жаңа мә­дениет үйі және Тасқала ауда­ны орталығындағы мұражай ғимараты.

– Бұлардан бөлек, тағы да 4 мәде­ниет нысаны құрылысын биыл бастаймыз деп отырмыз. Осы мақсатқа республика қазы­насынан – 0,9 млрд теңге, жергі­лікті бюджеттен – 0,2 млрд теңге, бар­лығы 1,1 млрд теңге бөлінді. Жалпы, жыл соңына дейін 7 мәде­ниет нысаны құрылысын аяқтап, халықтың пайдалануына береміз, – дейді Дархан Ережепұлы.

Әлеумет ерекше күтіп жүр­ген құрылыстың бір парасы ден­саулық сақтау саласына тиесілі. Биыл Теректі ауданында салынып жатқан 200 орындық емхана құрылысын аяқтау үшін Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен қоса алғанда 0,5 млрд теңге бөлінген еді. Мердігер «Оңдасын Строй» ЖШС қазір жұмыс үстінде.

Сонымен қатар облыста оңал­ту орталығының құрылысы да жал­ға­сып жатыр. Биыл бұған 2,2 млрд теңге бөлінген. Мердігер – «Альтаир» ЖШС.

Өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы да қызу жүріп жатыр. Осы жоба шеңберінде Батыс Қазақстан облысының ауылдық елді мекен­дерінде 2025 жыл­ға дейін 50 нысан – алғашқы медициналық-санитарлық кө­мек көрсететін амбулатория салу жоспарланған болатын. Өткен 2023 жылы өңірде 12 медицина нысаны – 4 амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілді. Оның кейбірі газет оқырмандарына жақсы таныс, өйткені бұл нысандардың ашылу салтанатына өзіміз қатысып, егжей-тегжей ақпарат берген болатынбыз.

Қазірдің өзінде Жаңақала ауданының Мәштексай аулында, Сырым ауданының Бұлдырты аулында жергілікті бюджет қара­жаты есебінен құрылыс бас­та­лып та кетті. Жалпы, 2024 жылға арналған жоспар бойынша 38 ме­­дициналық нысанның құжаты мақұлданып, 18 нысанның құры­лыс-монтаж жұмысын жүргізу үшін республика бюджеті есе­бі­нен 2,1 млрд теңге, жергілік­ті бюд­жеттен 650 млн теңге бөлінген екен. Қазір 11 жобаның мердігері анықталды, құрылыс-монтаж жұмысы басталды. Тағы 24 жоба бойын­ша мердігерді анықтау үшін байқау өткізіледі.

Бұл айтылғандардан бө­лек, Орал қаласында салынып жатқан әкімшілік ғимарат құ­ры­лысын жалғастыру үшін жер­гі­лікті бюджет қаражаты есебі­нен 1,5 млрд теңге бөлінген екен. 2023 жылы бөлінген 350,0 млн теңгені мердігер «Kaz­ConstructionGroup» ЖШС сәті­мен игерген болатын. Жұмыс жал­ға­сады.

Айтпақшы, Теректі ауданында 99250 әскери бөлімінің әскери қалашығы құрылысы басталған. Сондай-ақ Бөкей ордасы ауда­нының орталығы Сайхын аулында да жаңа әкімшілік ғимарат бой көтеріп жатыр. Бұлардың бәрі елдің, өңірдің әлеуметтік тұрмысын жақсартуға ерекше серпін берері анық.

 

Батыс Қазақстан облысы