Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұсынылған «Әділетті Қазақстан» ұғымын мемлекет бағдарының басты идеологемасына айналдыру күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе екені анық. Ал бұл бағытта мемлекеттің қоғамға заңнамалық бастама беру арқылы демократиялық үдерістерді жалғастыруы, адамдардың еңбек жағдайларын жақсартуда олардың өкілетті өкілдерімен ынтымақтасты одан әрі жетілдіруі – маңызды шарттардың бірі.
Осы орайда Сенаттың Жобалық кеңсесі депутаттардың заң шығару құқығын іске асыруға жәрдемдесетін жаңа тетік ретінде белсенді жұмыс атқарып келеді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамашылығымен өткен жылы құрылған Жобалық кеңсе бүгінде түрлі өзекті мәселе талқыланып, реформаларға бастама жасайтын қоғамдық алаңға айналды.
Кеңсе Maqsut Narikbayev University ғалымдары және сарапшыларымен бірге дайындап, ұсынған бірқатар құжаттың қатарында Еңбек кодексіндегі жекелеген өзгерістер мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бар. Заң жобасы Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асановтың қатысуымен алғаш рет биыл ақпан айында таныстырылды. Сондай-ақ биыл наурыз айынан бері Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің жанындағы жұмысшы тобында салалық кәсіподақтар, сараптамалық қауымдастықтар, қоғамдық ұйымдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, орталық және жергілікті атқарушы, өкілді органдар өкілдерінің қатысуымен тұрақты талқыланып, ұсынылған әр позиция бойынша қызу пікірталас жүргізіліп келеді.
Әрине, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы қарым-қатынастың негізгі мәселелерін реттейтін еңбек заңнамасы статикалық болмауға тиіс. Құжат жүйелі талдау негізінде халықаралық тәжірибе мен істердің қазіргі жағдайына сүйене отырып, үнемі жетілдіріліп отыруы керек.
Кәсіподақтар жұмыс берушілермен қарым-қатынаста тең құқылы серіктес болуға тиіс. Тек осы жағдайда ғана табысты әлеуметтік диалог және тиімді ынтымақтастық орнайды. Сол себепті, еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу де – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Алайда бұл мәселеде шамадан тыс реттеуге түспеуіміз керек. Қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастары әлеуметтік диалог негізінде құрылуы қажет.
Заң жобасында шартты түрде 7 негізгі бағытқа топтастыруға болатын тұжырымдамалық өзгерістер бар:
1) еңбек табыстың жалғыз немесе негізгі тәсілі болып саналатын кез келген экономикалық тәуелді адамдарды (оның ішінде платформалық жұмыспен қамту аясында) қоса алғанда, еңбеккерлердің ұжымдық еңбек құқығының қолданылу аясын кеңейту;
2) қоғам мен мемлекетті әлеуметтік-еңбек қатынастарының жай-күйі туралы ақпаратты қамти отырып, 3 жыл сайын Президентке қарауға енгізілетін Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы Ұлттық баяндаманы енгізу;
3) әлеуметтік әріптестіктің жаңа нысандары мен деңгейлерін, кәсіподақтардың жаңа түрлерін енгізу есебінен әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақ қызметінің қолданылу аясын кеңейту;
4) ұжымдық еңбек дауы бойынша талаптар қою құқығын беру, кәсіподақтар мәртебесін нығайту, сондай-ақ кәсіподақішілік демократия туралы және кәсіподақтардың жұмыс берушілер мен мемлекеттің араласуынан тәуелсіздігінің кепілдіктері туралы нормаларды енгізу;
5) адалдық қағидатын енгізуді және жұмыс берушілер тарапынан кәсіподақ фаворитизмін шектеп, ұжымдық келіссөздер жүргізу рәсімдерін оңтайландыру;
6) дауды созу үшін мүмкіндіктерін шектеу және еңбек төрелігі шешімінің сот тәртібімен мәжбүрлеп орындалуын қамтамасыз етуді қоса алғанда, ұжымдық еңбек дауларының құралдарын кеңейту және рәсімдерін оңайлату;
7) ереуіл құқығының кепілдіктерін кеңейту.
Заң жобасының бастамашылары бұл шаралар еңбек жағдайларына наразылықтың қордаланбауы және стихиялық наразылыққа айналмауы, келіспеушіліктерді бейбіт тәсілдер арқылы шешу жолын табу үшін «қауіпсіздік тетігі» болады деген пікірде. Сонымен қатар еңбек заңнамасын сәтті толықтыра алатын басқа да ұсыныстар бар. Мысалы, өткен жылы елімізде қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысты көптеген оң өзгеріс болды. Азаматтардың қоғамдық белсенділігі «Қоғамдық бақылау туралы» заң нормаларымен бекітіліп, халықтың қоғамдық бақылауға кеңінен араласуына өкілетті тетіктер заң нормаларымен жүйеленді.
Қоғамдық бақылау – өте маңызды құрал. Дегенмен оны толық қолдану үшін мемлекеттік еңбек инспекциясының тексерулері және алдын алу шаралары жеткіліксіз, сол себепті кәсіподақтардың көмегін назардан тыс қалдыра алмаймыз. Жоба бастамашылары бұл мәселеге де баса назар аударып отыр.
Ереуілдер мен бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге кәсіподақтарды тарту туралы ұсыныс та маңызды. Қатысушылардың ниеті мен талаптарының бытыраңқылығы, бұқараның басқарылмауы, сондай-ақ тәртіпсіздіктерге жол бермеу кәсіподақтың басты міндеті болуы керек. Мәселені іштей білетін, заңнама мен медиация мәселелерінде беделді және құзыретті орган ғана келіссөздер үдерісін тиісті деңгейде ұйымдастыра алады. Бірақ келіссөздерден бас тартқаны үшін жауапкершілік бөлігінде кодексте жауапкершілікпен қоса барлық қажетті түсініктеме жеткілікті түрде көзделген. Бұл мәселеде кәсіподақтар тарапынан бастамашылықты арттыру орынды.
Жалпы, еңбек заңнамасы үнемі жетілдіріліп отыруы керек. Биыл 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексінің жобасын, құжаттағы шамадан тыс жүктемені сынға алғанын қаперде ұстағанымыз жөн. Кодекс сияқты құжаттар тым көлемді болмай, қатаң ережелермен шамадан тыс жүктелмегені, белгілі бір жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, жедел әрекет ету мүмкіндігі қарастырылғаны дұрыс.
Қазіргі таңда жұмысшы топ отырыстарында түрлі салалық кәсіподақ, қоғамдық ұйым, жергілікті атқарушы және өкілді орган өкілдерінің, сарапшылардың пікірін ескере отырып, жекелеген ұстанымдарды тәжірибе жүзінде іске асыру бойынша қосымша зерделеу жұмыстары әлі де жалғасып келеді. Сондай-ақ Қылмыстық, Азаматтық кодекстер мен «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылғанын ескере келе, талқылауға Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Әділет, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері де қатысып жатыр. Басты мақсат – заңнаманы жетілдіруге барынша байсалдылықпен қарау, әлеуметтік әріптестіктің барлық тарабын ескере отырып бастамаларды саралап, талқылау.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Сенат депутаты