• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Банк 18 Маусым, 2024

Нарыққа шетелдік банк келді

93 рет
көрсетілді

Банк секторына жаңа қаржы институты қосылады деген хабардың тарағанына біраз болған. Президент бұған дейін үш банк келуі мүмкін дегенді айтты. Бірақ сарапшылардың ешбірі нақты қандай ұйымның қосы­луы мүмкін екенін тап басып айта алмады. Одан кейін микроқаржы ұйым­дары банкке айналуы мүмкін деген әңгіме арагідік сөз болып жүрді. Мұн­дайда «KMF» пен «Solva» ауызға ілігетін. Бірақ бұл болжамның бірі де орын­далмады. Бірер күн бұрын білгеніміздей, кореялық микроқаржы ұйымы енді отан­дық нарықтағы жұмысын банк ретінде жалғастыратын болды.

«BNK Financial Group Inc.» ком­па­ния­сының құрылымына кіре­тін «BNK Finance Kazakhstan» микроқаржы ұйымы екінші деңгейлі банкке ай­на­луға рұқсат алды деп хабарлады Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі (ҚНРДА). Бұл туралы Корея Респуб­ли­касының президенті Юн Сок Ёльдің елімізге мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылған Қазақстан – Корея бизнес-форумында мәлім болды. ҚНРДА, Қаржы қызмет­те­рі жөніндегі комиссия (FSC) және Корея Республикасының Қаржылық қа­дағалау қызметі (FSS) арасында «Банктік қа­дағалау саласындағы өзара түсіністік» туралы меморандумға қол қойылды.

«Құжат (меморандум) инвестиция­лар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Біздің елде жұмыс істейтін Кореяның «BNK Finance Kazakhstan» микроқаржы ұйымын екінші деңгейлі банкке айналдыру туралы шешімді қолдаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«BNK Financial Group Inc.» – Оңтүс­тік Кореяның 129 млрд долларлық ак­тив­тері мен ұлттық «AAA» рейтингі бар ең ірі қаржы тобы. Топ құрылымына «А2» халықаралық рейтингіне сай 300-ден астам филиалы бар 2 банк кіреді. «BNK Finance Kazakhstan» 2021 жылғы сәуірден бастап ҚНРДА лицензиясына ие. МҚҰ-ның тікелей акционері – 6,7 млрд доллар мөлшерінде активі бар «BNK Capital» болып саналады. Үш жыл ішінде МҚҰ активі 5 есе ұл­ғайып, 20,3 млрд теңгені құраған. Несие портфелі 6 есе артып, 18,8 млрд теңгеге жеткен.

«Микроқаржы ұйымының екінші деңгейлі банкке айналуы Қазақстанда алғаш рет болып отыр. Мұндай ауы­суды жүзеге асыруға мүмкіндік бе­ретін тиісті заңнамалық базаны біз өткен жылы қабылдадық. Қаржы рет­теу­шісі ретінде осындай бірінші рұқ­сатты бердік және бұл халықаралық қаржы конгломератын білдіретін шет­ел­дік банк екендігі қуантады. Бұл  – бү­кіл нарық үшін маңызды оқи­ға. Үдерістің басты ерекшелігі – ми­кроқаржы ұйымы өз қызметін тоқ­татпайды. Банктік лицензия алғанға дейінгі кезеңде де микроқаржы ұйымы операцияларын стандартты режімде жалғастырады», дейді агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Айтуынша, «BNK Finance Kazakh­stan»-ның жаңа рөлі мен мәртебесі банк секторындағы бәсекелестікті күшейтеді.

«Жаңа банктің пайда болуынан бірінші кезекте клиенттер, қаржылық қызметтерді тұтынушылар ұтады. Шетелдік банк халықаралық топтың үздік корпоративтік стандарттарына сәйкес қаржылық қызмет көрсетеді. Жаңа ойыншының жос­пары орасан. Шетелдік банк шағын және орта бизнеске несие беруді, кор­поративтік кредиттеуді, сауда-саттықты қаржы­лан­дыруды, қаржы лизингін, жобалық қар­жы­ландыруды және бөл­шек бизнесті қаржыландыруды жоспарлап отыр», деді Мәдина Әбілқасымова.

«Tengenomika» телеграм арнасы­ның хабарлауынша, биылдың өзінде екінші деңгейлі банктер клубына төрт жаңа қаржы ұйымы қосылуы мүмкін.

«Активтер мен несие портфелінің елеулі үлесін бірнеше ірі банк алып жатқан еліміздің банк секторы жоғары шоғырланған деп бекер айтылмайды. Сол себепті, Президенттің бәсекені арттыру үшін шетелдік банктерді шақыруы өте қисынды болды. «Сбердің» бұрынғы еншілес банкі, қазіргі «Bereke Bank» қатарлық «Lesha Bank»-ке сатылып, шетелдік акционерге ие болды. «KMF» пен «Solva» да биыл банкке айналуды көздеп отыр. Осылайша, жыл соңына дейін сектор жаңа қатысушылармен толығуы мүмкін. Бұл қаржы қызметін тұтынушылар үшін позитивті жаңа­лық», деп жазады канал авторлары.

 

Әсем Жанатова,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті