• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Зерде 18 Маусым, 2024

Могикандардың соңғы тұяғы

106 рет
көрсетілді

Өткен аптаның соңында майдангер, көрнекті қай­раткер Шәңгерей Жәні­беков Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлы­ғымен I дәрежелі «Барыс» орде­німен марапатталды. Бұл орден ғасырлық тойын атап өткелі тұрған абыз ақсақалға соғыс кезіндегі ерлігі, мем­лекеттік және қо­ғам­дық қызмет­тегі еңбегі, ардагерлік бел­сен­ділігі үшін берілді.

Абыз ақсақалдың ға­сырлық мерейтойын Десанттық-ша­буылдау әскерлері қолбас­шы­сының орынбасары полков­ник Раджан Жанысов, Медеу ауданының қорғаныс істері жө­­ніндегі басқармасының бас­­­тығы подполковник Бек­мырза Жүсіп және «Қарулы күш­­тердің ардагерлері» РҚБ Ал­маты филиалының төрағасы отстав­кадағы полковник Төлеген Мұстафин құттықтап барды, Қорғаныс министрі мен десант­тық-шабуылдау әскерлері қол­бас­шылығының құттықтауын жеткізіп, мықты денсаулық пен амандық тілеп, еңбегі үшін шын жүректен алғыс айтты.

Шәңгерей Жәнібеков Қос­танай облысы Денисов ауданы Қарпық ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, туыстарының тәрбиесінде өсті. Соғысқа шақырту қағазы келген кезде, бозбала шақ, небәрі 18 жаста еді. Соғыс өрімдей боз­баланың өмір ағысын кенеттен өзгертті, жоспарын басқа арнаға бұрып жіберді. Кировоград артиллериялық дивизиясының құра­мында Мценск, Орел бағы­тындағы шабуылдарға қатысып, Белгород пен Украинаның оң жағалауындағы бірқатар қала­ларды азат етті. Корсунь-Шев­ченков операциясына қатысты. 12 шілдеде Брянск майданының әскерлері Орел қаласы түбінде ірі шабуылдау операциясын бастағаны тарихтан белгілі. 1945 жылғы 5 шілдеде Ш.Жәнібеков құрамында болған 16-арт­ди­ви­зияның атына Жоғарғы бас қолбасшы, кеңес одағының маршалы И.Сталиннің алғысы жарияланды.

Шәңгерей Жәнібековтің одан кейінгі жауынгерлік жолы Молдавия жерінде өтті. Көп ұзамай 2-Украина май­да­нының алға жылжып келе жат­қан бөлімдерімен бірге оның бөлімшесі КСРО-ның мем­­ле­кеттік шекарасына өтті. Же­ңіс туралы хабарды Аус­трия-Чехословак шекарасында ор­наласқан Лаа қаласына жақындаған кезде естіді. Сол қуанышты күндерді ардагердің өзі былайша әңгімелейді: «Түн­де біздің полк Аустрияның Пойсдорф ауылының жанын­дағы орман саябағында болды. Жеңіс күнін мерекелеуге түні бойы қызу дайындық жүр­гізілді. Келесі күні таңертең полк жасақталып, салтанатты жиын өтті. Түскі ас кезінде офицерлер мен сарбаздарға ме­рекелік дастархан жайылды. Полк командирі подполковник Го­руппа баршамызды Жеңіс кү­німен тағы да құттықтап, тілек айтты. Мен өткен соғыс туралы киноларды көп көрдім. Бір­ақ олардың бірде-бірі дәл осындай жайлы атмосфера мен адамдардың жүзінен шынайы қуанышты көрсете алған емес», дейді Шәкең.

Шәңгерей Жәнібеков – кеңес дәуірінің перзенті. Аудан­дық, облыстық партия ұйым­да­рында сыннан өткен азамат республикамыздың Ми­нистрлер кеңесі төрағасының орын­басарына дейінгі бас­палдақтардан өтті. Өмір-та­ри­хына қарап отырып, мо­ги­кандардың соңғы болмаса да сирек тұяғы ма дерсің. Қы­лышынан қан тамып тұр­ған кеңес жүйесі кезінде де ана сүтімен бірге дарыған бол­мы­­­сынан аттап кетпеді. Дінмұхамед Қонаев бас­таған, Бәйкен Әшімов қостаған көр­некті кемелдер шоғырының қатарынан табылды, оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеу­меттік қамсыздандыру, дене тәрбиесі мен спорт, бас­па қыз­меті, шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар мәселелерімен айналысты. Ал­матыда музыкалық аспаптар мен кітап мұражайларының, Түр­­кістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Жәркент мешіті, Алтын Емелдегі Шоқан Уә­­лиханов кешенінің музей­лендірілуіне көңіл бөлді. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына біз­дің спорттық делегацияны ұлттық киіммен баруына ық­пал етті. Жергілікті билік органдарына біртіндеп ұлттық киім үлгілерін, озық халықтық дәс­түрлер мен ұлттық спорттық ойындарды жаңғырту жөнінде нұс­қаулар берілді. Тіпті 1984 жылы қазақтың мәдени дәстүрлерін бар тарапта жаңғырту жөнінде арнайы кеңес өткізді. Мұндай шаралар қазір айтуға ғана оңай.

Қысқасы, біздің кейіпкеріміз осындай мәселелерде ба­тыл­дықтың, ұлтына адал­дық­тың ала жібінен аттап кетпеді, ұлт­тық дүниелерді ұлықтауға бүй­регі бұрып тұрды. Қазақстан Компартиясы съездерінің делегаты, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің VII-X шақырылымының депутаты, 1987-1991 жылдары КСРО халық депутаты болды. 1987-1990 жылдар аралығында Рес­публикалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы болған кезінде де ардагерлердің мәселесін шешуге атсалысып, республика көлемінде ірі жұмыстар атқарды. Өзі де майдан шебінде жүріп, жеңістің қандай қиындықпен келгенін көзімен көрген азамат ретінде ардагерлердің мәселелеріне қа­­райласып, оларға деген құр­меттің жоғары болуын ойлап, толғандырған мұң-мұқтаж­дарының оң шешім табуына ық­пал етті. Ардагер «О пройденном пути и попутчиках» кітабының ав­торы. Онда өзінің өмір жолы мен мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуде қызметтес болған адамдар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Дана Абай «Адамның адам­дығы істі қалай бастаған­дығынан білінеді» дейді. «Адамның қан­дай екенін білгің келсе, оған белгілі бір дәрежеде мансап пен қызметтің тұтқасын ұстату ке­ректігін» ескерткен есті сөз бар. Өмірде маңдайына, тағдыр талайына жазылып қойған биігінен әсте пәс тартпайтын тұлғалар бар. Заман, уақыт, саясаттың ықпалы болмысына ықпал етіп, беделіне нұқсан келтірмеді. Жадында естелік – қазына қатта­лып жатса да байырқалы қал­пынан танбады. Кешегі асыл алыптарымыздың сынығындай ар­дақты ақсақалдарымыздың көзіндей болып ғасырлық мерей­тойын абырой биігінде қарсы алды. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» ме­далімен, Чехословакияның «Антифашистік күреске белсенді қатысқаны үшін», «Қазан революциясы» орденімен, төрт медальмен ма­рапатталған. Еңбек Қызыл Ту, Халықтар дос­тығы ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі Құр­мет грамо­тасымен, Қазақ­стан Рес­публикасының «Құр­мет»,«Парасат» ордендерімен мара­патталған.

Өткен ғасырдың от пен оғын көрген қарт майдангер немере-шөберелерінің қызығына, қуа­нышына кенеліп, әр күніне, арайлап атқан таңына шүкірлік етті. Тамырын тереңге тартқан бәйтерекке айналған тұлғаға Жаратқан күш-қуат пен амандық бер­сін дегіміз келеді.

 

АЛМАТЫ