Ұмыт болған дәстүрді ұлықтауды жамбылдық жастар өткен жылы бастады. «JasSaq» телевизиялық этнореалити жобасы 2023 жылы облыстық деңгейде ұйымдастырылса, осы жылы республикалық деңгейде өткізілді. Облыс әкімдігі жастар саясаты басқармасы мен жергілікті «Jambyl» телеарнасының бірлескен жобасын еліміздің әр қиырындағы жастар жұмылған жұдырықтай қолдады.
Этноауыл. Тау баурайына жақын маңдағы Жасөркен ауылының табиғаты көздің жауын алады. Сегіз қанатты қазақ үйлердің түстігінде бұлақ суының сыңғыры естіледі. Таудан соққан салқын самал кекіліңді тарап, жаныңды бір ғажап күйге бөлейді. Еліміздің әр түкпірінен келген 65 жастың қуанышында шек жоқ. Этноауылдағы этнографиялық стильде киінген «Нақыш» тобының әндері рухыңды көтереді.
Атырау мен Алтай арасынан келген жастар 6 командаға бөлінді. Ұлдар жағы ләңгі тебу, дәстүрлі садақ ату, қазақ күресі, қол күресі, қой көтеру, арқан тартыс секілді спорт түрлерінен бақ сынаса, қыздар жағы сиыр сауып, таба нан жауып жарысты.
Әр саланың жастары бас қосқан этнографиялық жоба қызыққа толы болды. «Сақ» командасының құрамында топқа түскен қостанайлық Жасұлан Бекболатты жауырыны жерге тимейтін палуан ба дедік. Жамбас, іштен және сырттан шалу әдістерін тамаша қолдана білген оғлан қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, ұлттық спорттан хабары бар екенін көрсетті.
Ақтөбелік Жанболат Себешов небір жуан білекті жігіттерді жеңіп, қол күресі жарысында білек күші мол екенін байқатты. Дәстүрлі садақ ату сайысында түркістандық Айбек Тәшкенбай құралайды көзге атқан мерген екенін аңғартты.
Қой көтеру додасында бақ сынаған әріптесіміз Дәурен Доғдырбайдың өнері жұртты тамсандырды. Бәкене бойлы, шағын денелі журналист небір алып қарсыластарының алдын орап кетті. Қойды сексен мәрте серпи көтерген Дәуренді басып озуға ешкімнің шамасы келмеді.
Балалық шақтың дәмі. Таба нан жапқан арулар қазір «қызыл кітапқа» еніп кеткендей көрінетіні рас. Шіліңгір шілденің кезінде мехнат тартып, қидың шоғына нан пісіретін кейуаналардың жалғасы жоқ па деп күдіктеніп жүрген едік. Бар екен. Уақыттың тығыздығы әсер етсе керек. Кей командадан топқа түскен арулар пісірген нан күйіп кеткенін көз көрді. Әйтсе де алматылық Дана Нұржанқызы қарсыластарынан оқ бойы озық екенін көрсетті.
Сиыр сауу бәсекесіне келгенде қызықтың көкесі басталды. Кейбір қатысушылар осы күнге дейін сиыр сауып көрмеген екен. Қобалжып, қорыққандары жүздерінен айқын аңғарылып тұрды. Әйтсе де, ауылда өскен Аяулым Мұхаметқалиқызының шеберлігі көз сүйсінтті.
Жоба қорытындысында бірнеше спорт түрінен үздік шыққан «Сақ» командасы жеңістің ең биік тұғырынан көрініп, 700 мың теңгелік сертификатты иеленсе, «Алаш» командасына екінші орын және 500 мың теңгенің сертфикаты бұйырды. Үздік үштікті қорытындылаған «Сұңқар» командасы 350 мың теңгеге ие болды. Сондай-ақ 21 қатысушыға арнайы ынталандыру сыйақысы табысталды.
«Екі жыл қатарынан ұйымдастырылған жобамыз мәресіне жетіп отыр. Ұлттық дәстүр мен спортты дәріптеу мақсатында біз бұл жобаны телеарнамен бірлесіп ұйымдастырдық. Еліміздің әр қиырындағы жастар Жасөркен ауылында болды. Әулиеата өңірінің тарихымен танысты. Бастысы, олар қазақы дәстүр мен спортты насихаттауға үлес қосты. Енді біз эстафетаны Түркістан облысына жолдаймыз» деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар жоба қорытындысында сөйлеген сөзінде.
Талай өңірден бұрын Жамбыл облысында жастар саясаты мәселелері басқармасы ашылған болатын. Бізге бұл жоба жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған соңғы іс-шаралардың бірі секілді көрінді. Өйткені бұл басқарма жақын күндері ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қатарына қосылады.
Қалай десек те жастар саясаты басқармасы соңғы онжылдықта көптеген жаңа жобаларды дүниеге әкелгені анық. Әр іске жаңашылдықпен қараған ұжым бір жылдары жамбылдық жастардың жыр жинақтарын да шығарып жүрген еді. Жаңа басқармаға қосылғаннан кейін тынысы тарыла ма, әлде жұмысы жандана ма? Уақыт көрсетер. Бастысы, олар қолға алған «JasSaq» - өңірлік жобадан өмірлік жобаға айналғанын көз көрді.
Жамбыл облысы