• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 17 Маусым, 2024

Мажарстандағы маңызды кездесулер

136 рет
көрсетілді

Мажарстан Ұлттық сайлау кеңсесінің шақыруымен ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров пен комиссия хатшысы Мұхтар Ерман Еуро­па­лық Парламентке сайлау, жергілікті билік орган­дарының өкілдерін сайлау және ұлттық азшылық муници­палитеттерінің мү­ше­­лерін сайлаудың ха­лық­­ара­­лық байқауына қатысты.

Сапар аясында Нұрлан Әбдіров Мажарстан Ұлттық сайлау кеңсесінің Президенті доктор Аттила Надьпен кездесті. Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жәнібек Әбдірашов қатысқан кездесуде екі ел сайлау органдары арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

«Меморандумға қол қою біздің кәсіби ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады деген сіздің сеніміңізді бөлісеміз», деп атап өтті Нұрлан Әбдіров. Ол сондай-ақ Меморандумда қамтылған тәжірибе алмасу жөніндегі ережелерді осы жылда іске асыруға кірісуді ұсынды. Атап айтқанда, дауыс берудің баламалы әдістері, сайлаушыларды сайлауды ұйымдастырушылармен ақпараттандыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, интернетте үгіт жүргізу, сондай-ақ сайлау науқандарын қаржыландырудың жекелеген аспектілері бойынша мажар әріптестерімен онлайн-кеңес өткізуге қызығушылық білдірді.

Кездесу барысында ОСК төр­ағасы сайлау саласында тәжірибе алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, қазақстандық сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіруде ескерілуі мүмкін құнды шетелдік тәжірибе ретінде Мажарстан азаматтары үшін пошта арқылы дауыс беруді өткізу, сайлаушылар тізі­лімін қалыптастыру, жергілікті сай­лау науқандарын ұйымдастыру бо­йын­ша осы елде жүргізіліп жат­қан жұ­мыс­тарға қызығушылық танытты.

Сондай-ақ ол 2022 жылғы референдум және Президенттің сай­лауы және 2023 жылы Парламент Мәжілісі мен мәсли­хаттар депутаттарының сайлауы сияқты Қазақстандағы ірі сайлау науқандарын халықаралық байқауға Мажарстан өкілдерінің белсенді қатысқаны үшін риза­шылығын білдірді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Мажарстанның сайлау ұйым­дастырушылары сайлау комис­сиясы мен сайлау кеңсесі арасын­д­ағы міндеттерді бөле отырып, ара­лас жүйесі бойынша жұмыс істей­тінін айта кету керек. Жалпы, Мажар­станның сайлау органдары біртұ­тас жүйе емес, себебі сайлау комис­сия­­лары­ның барлық деңгейі бөлек ұйым­­дастырылған және мәртебесінде, өкілеттіктерінде және қалыптасу тәртібінде айтарлықтай айыр­машылықтар бар.

Мажарстандағы сайлауды бай­қауға барлығы алты делегация қатыс­ты. Қазақстандық делегация Әзер­байжан, Грузия, Босния және Герцеговина, Черногория және Түркия делегацияларымен бірлесіп байқау жүргізді.

Халықаралық байқау бағдар­ламасы аясында Әзербайжан ОСК төрағасы Мазахир Панаховпен және Түркия ОСК төрағасы Ахмед Йенермен екіжақты кездесулер өтті. Осы елдердегі ағымдағы сайлау үдерістері бойынша пікір алмасып, сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

9 маусымда – дауыс беру күні ҚР ОСК өкілдері Будапешт қала­сы­ның бірнеше ауданындағы сайлау учаскелеріне барды. Көп жағдайда сайлау учаскелері жалпы білім беретін мекемелерде орналасқанын айта кету керек. Дауыс беру еркін, қалыпты өтті. Астана тұрғындары белсенді болды, сайлау учаскелерінде кезекке тұрды, олардың көпшілігі ересек азаматтар, олардың арасында егде жастағылар да аз емес.

Сайлау учаскелерінде Қазақ­стан ОСК басшысы сайлау ко­мис­сияларының құрамын қалып­тастыру үдерістеріне, сайлаушылар тізімімен жұмыс істеуге, дауыстарды санау барысына және басқа да дауыс беру рәсімдеріне қызығушылық танытты.

Мажарстанның негізгі заңы 18 жастан асқан барлық азаматына Ұлттық жиналыс, жергілікті өзін-өзі басқарудың және Еуропалық Парламенттің депутаттық сайла­уында дауыс беру құқығын береді. Сайлау заңнамасына сәйкес, Ұлттық жиналыс депутаттарын сайлауда, егер олар некеде болса, 16 жасқа толған азаматтар да дауыс беруге құқылы. Бұл жас шегінің төмендеуі жас отбасыларды елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді тартуға бағытталған.

Еуропалық одаққа мүше ел­дер­дің азаматтары, егер олар Мажар­станда тұрақты тұрса, жер­гілікті өзін-өзі басқару орган­дарына, қала басшысын және Еуро­палық Парламентке сайла­у­да белсенді сайлау құқығына ие. Мажарстанның сайлау заңнамасы бұл құқықты босқын мәртебесі бар адамдарға, иммигранттарға және тұрақты тұруға рұқсаты бар адамдарға да береді. Мажарстан Конституциясы муниципалдық сайлауда белсенді сайлау құқығын алу үшін міндетті тіркеуді қарас­тырады, ал сайлаушылардың өздері тек тіркелген жерінде дауыс бере ала­ды. Сот қылмыс жасағаны үшін сай­лау құқығынан айырған немесе сот әре­кетке қабілетсіз деп таныған адам­дардың дауыс беруге құқығы жоқ.

Ұлттық сайлау кеңсесі тұрақты тұрғылықты жері (пошталық мекенжайы) бар әр азаматтың атына барлық қажетті түсіндірме ақпарат­ты көрсете отырып, сайлауға қаты­суға шақыру-хат жібереді. Бір қы­зығы, сайлауалды үгіт дауыс беру күнінен 50 күн бұрын басталып, сайлаушылар дауыс берген күні аяқталады, осылайша «тыныштық күні» болмайды. Алайда дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жай­­дың ішінде және дауыс беру­ге арнал­ған үй-жайдың кіребе­рі­сі­нен 150 метр қашықта үгіт жүр­гізуге ты­йым салынады. Дауыс беру үдерісі дәстүрлі түрде – қағаз бюл­ле­­теньдерді қолдану арқылы жүр­гі­зі­леді. Дауыстарды санау кезінде элек­трондық жүйелер де қолданылмайды.

Мажарстаннан тыс жерде тұратын, бірақ оның аумағында тұр­ғылықты жері бойынша тір­келген сайлаушылар Ұлттық жиналыс, Еуропарламенттің депу­тат­тарын сайлауда және ұлттық рефе­рендум өткізу кезінде дипло­матия­лық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің үй-жайында дауыс бере алады. Шетелде тұратын, бірақ Мажарстанда тұрақты тұрғылықты жері жоқ сайлаушылар пошта арқылы дауыс береді.

Сайлау учаскелерінде ұлттық байқаушылардың болмауын атап өту қажет. ҰСК-ның жауапты қыз­меткерлерінің айтуынша, ондай қажеттілік жоқ және бұл заңмен де қарастырылмаған, өйткені учас­келік сайлау комис­сияларының мүшелері түрлі саяси партия мен қоғамдық бірлес­тіктен жасақталған. Дауыс беру учас­келерінде бейнемониторинг те жүргізілмейді. Жалпы, Мажарстанда дауыс беру барысы халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнаманың талаптарына сәйкес өтті, халықаралық байқаушылар үшін сайлау барысын толыққанды байқау үшін барлық қажетті жағдай жасалды.