• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Маусым, 2024

Адал қоғамның басты қағидасы

55 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Жиында сенаторлар зиялы қауым өкілдерімен, сарапшылармен бірге қазіргі жаһандық сын-қатерлер кезеңінде жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру, жетілдіру және дәріптеу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Қоғамды ұйыстыратын құндылықтар

Қоғамды жалпыұлттық мақсаттар мен ортақ құндылықтарға жұмылдыру – Әді­летті Қазақстан құру жолындағы күн тәртібін іске асырудың және ғасыр­лар бойы қалыптасқан мемле­кет­тілікті сақ­таудың негізгі шарты. Сенат төр­ағасы атап өт­кендей, қазіргі таңда жалпы­ұлт­тық құн­ды­лықтардың заманауи әлеуметтік-мәдени нормалармен үйлесім табуы – әлемнің көптеген елі үшін маңызды міндет.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай­дың үшінші отырысында осы мәселеге тоқталып, негізгі құндылықтарды атап өткені белгілі. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған озық әрі табысты елге айналу жолында айрықша маңызға ие.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идео­логиялық тұжырымында осы бағыт­­тағы негізгі бағдарды айқындап берді. Олар – Тәуелсіздік және Отаншыл­дық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік пен Жауап­кершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Бұл құндылықтар азаматтық жауапкершілікті нығайтып, қоғамның дамуына серпін беретін ұлттық сипатқа ие. Сондықтан оларды дәріптеу – баршамыз үшін маңызды міндет», деді Мәулен Әшімбаев.

Кез келген қоғам белгілі бір құнды­лық­тар аясында топтасатыны анық. Мұның бәрі негізінен ұзақ уақыт бойы қалып­тасып, дамитын тарихи және мәдени тәжірибелерден туындайды. Осы орайда Сенат төрағасы қоғамды ұйыстыратын бірыңғай құндылықтардың болуы өте маңызды екенін атап өтті.

«Бұл ең бірінші кезекте мемлекеттің біртұтастығын қамтамасыз ету үшін қажет. Себебі жаһандану заманында әртүрлі идео­логиялар, болмысымызға жат мәдени-рухани таным-түсініктер кеңінен таралып жатыр. Осындай теріс үдерістердің әсерін біздің қоғам да айқын сезініп отыр. Мұның бәрі өзара алауыздықты күшейтіп, мәмілені азайтатыны белгілі. Сондықтан мұндай сын-қатерден қашық болу үшін елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын құндылықтарға табан тіреу аса маңызды. Президентіміз жариялаған идеологиялық тұжырымның өзектілігі де осында», деді ол.

М.Әшімбаев Ұлттық құрылтайда айтыл­ған идеялық негіздер бірінші кезекте әм­бебаптығымен ерекшеленетінін атап өтті. «Жоғарыда аталған ұғымдар қатар жүрмесе, құндылықтың қадірі болмайды. Мұның бәрі тұтасып келіп, елдікті сақтау, мемлекеттілікті нығайту сияқты асқақ мақсат-міндеттерге жалғасады. Сондықтан аталған қастерлі құндылықтарды қоғамдық санаға барынша орнықтыру – баршамыз үшін жауапты міндет. Ол үшін білім саласына айрықша мән беру қажет деп есептейміз. Әсіресе аталған идеологиялық тұжырымды оқу бағдарламасына енгізу аса маңызды. Әрбір жас азамат адалдық қағидаларын мектепте жүріп санаға тоқығаны абзал. Сондай-ақ құндылықтарды төл мәдени өнімдер арқылы бойға дарытудың берері мол», деді Сенат төрағасы.

 

«Заманына қарай адамы»

Іс-шараға қатысқан ҰҒА академигі Ғарифолла Есім «Адал азамат» ұғымы – қазіргі кезеңнің аса қажетті құндылығы екенін, өткен ғасырдың басында дәл осы мәселемен Алаш қайраткерлері шұғыл­данып, өздері Отанға деген адалдықтың үлгісін көрсеткенін атап өтті.

«Заманына қарай адамы» деген ертеден жеткен нақыл сөз бар. Біз тәуелсіздік заманында нарықтық либералды қатынастарды құрып жатқан демократиялық әрі ақылға сыйымды қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай қоғам үшін адал азаматтың қажет­тілігі – табиғи жағдай. Адал азамат­ қызметінің көрінуі де – табиғи жағдай. Мемлекет басшысының қазіргі таңда осы тұжырымды көтеруі – құптарлық мәселе. Демек елдің азаматтары заманға сай болуы керек», деді ол.

Ғарифолла Есім кеңес заманында да адалдық мәселесі қатты дәріптелге­нін, адал коммунист, адал педагог, адал дәрігер тұлғалары құрмет тұтылғанын еске алды. «Табиғатынан таза, ізгі қоғамды аңсаған жандар сол кезде көп еді. Мысалы, өздеріңіз білесіздер, Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» атты шығар­масы көпке үлгі болды. Сондағы Павел Кор­чагинді біз «өз ісінің әулиесі» деп айтып жүрдік. Бірақ шын мәнінде бұл фанатизмге құрылған дүниетаным болатын. Адал азамат болу үшін қоғамдық тарихи кеңістік қажет. Ал қазір біздің қоғамда адал азамат атану үшін барлық жағдай жасалған», деді ол.

 

Абай дәріптеген адал еңбек

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркология кафедрасының профессоры Амантай Шәріп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауларында, сөйлеген сөздерінде, жастармен кездесулерінде мемлекеттің әділдігі, қоғамның берекелігі, ұлт­тың біртұтастығы мәселелерінде еңбек­тің орны үлкен екенін ұдайы айтып келе жатқанын, сол идеялардың бәрі соңғы кезде қанат жайып, адал еңбек тұжы­рым­дамасына айналып отырғанын айтты.

«Осы тұжырым-қағидалардың арғы жағына қарасақ, түп бастауы Абайдың дәуірінде екенін көреміз. Мұхтар Әуезов «Абайдың еңбекті қадірлеуі – қазақ қоға­мы үшін соны сөз еді» дейді. Ол уақыт­та қазақ қоғамы отырықшыланып, құн­ды­лықтардың өзгеріп жатқан кезі. Осы өзге­рістерге халықты қалай бейімдеу керектігін Абай көрсетіп берді. Ол бір сөзінде «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі» дейді. Тағы бір өлеңінде:

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң, қуан сол кезде», деген. Ал адал табыс мәселесіне келсек, хакімнің ол туралы да «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез cуалар» деген сөзі бар. Бүгінгі таңда Президенттің адал еңбек жайындағы ойы да осы айтылып отырған қағидаларға келіп саяды», деді ол.

Оның айтуынша, біз көбіне Абайдың еңбек етуге қатысты 2-3 сөзін ғана жаттап алғанбыз. Ал оның қарасөздері мен өлеңдерін мұқият қарап отырсақ, ішінде адал еңбек пен еңбекқорлыққа қатысты айтқан ойлары өте көп. Соның бәрін теріп алып, арнайы жинақ құрастырып, бала­бақ­шадан бастап жоғары оқу орындарына дейін жастарды тәрбиелеуге пайдаланса, тигізер әсері мол.

 

Құқықтық сауаттылықтың маңызы

Отырысқа қатысқан заң ғылымдары­ның кандидаты Алмас Жұмағали қоғам­ның құқықтық сауаттылығына тоқталды. Оның айтуынша, мектеп – болашақ қоғам мү­ше­лерін даярлайтын қалып болса, сол мек­тепте құқықтық сауаттылықты оқы­ту көңіл көншітерлік деңгейде емес. «2003–2008 жылдары 9-10 сыныптарда «Құ­қық негіздері» деген міндетті пән болатын. Оның оқулығын дайындауға мен де тіке­лей қатыстым. Сонда біз жоғарыда м­инистр­лікте отырған сарапшылардан көп таяқ жедік. Себебі олар «Жас балалар­ға кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық, т.б. ауыр қыл­мыстар жайында айтуға болмайды. Ол қа­ты­гездік» деген уәж айтты. Сонда 10-сыныпта оқитын 16-17 жастағы балалар­ға қыл­мыс туралы айтуға болмайды да, 14 жастан бастап соттауға болады. Бұл парадокс емес пе? Сол кезде 14 жастан бас­тап жауапкершілікке тартуға болатын 21 қылмыс түрі бар еді, ал қазір оның саны 30-ға дейін көбейді», деді ол.

Сонымен қатар Алмас Жұмағали мектепте құқық пәнінен мұғалім даярлау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазір «Құқық пәнінің мұғалімі» деген мамандық жоқ. Ал ол сабақты тарихшылар өткізеді. «Бұл пәнді енгізу не үшін керек? Тарихтан білеміз, барлық империяны құлатқан екі нәрсе бар: олар – жемқорлық пен азғындық. Біз жемқорлықтың зияны, парақор адам Отанның жауы екенін баланың миына жастайынан сіңіруіміз керек. Сол арқылы оларды адал адам қылып тәрбиелеуіміз қажет. Бүгінгі отырыста көтеріліп жатқан құндылықтарды құқық пәні аясында оқытуға әбден болады», деп сөзін түйіндеді ол.

 

Сыртқы фактордың қысымы қатты

ІТ-сарапшы Тимур Бектұр адал қоғам құру­да дамыған технологияны, соның ішін­де жасанды интеллектіні игеру де бас­ты ба­ғыт­тардың біріне айналуы керек деп есеп­­тейді. «Бүгінгі жиында аса маңызды мә­се­­лелер көтеріліп жатыр. Дегенмен мұ­ның бәрі ішкі факторлар. Қазір одан да қуат­­ты сыртқы факторлардың қысымы қат­­­ты болып тұр. Ол – технологиялық жарыс. Кім бұл жарыста алға озса, соның айы оңы­­нан туып тұр. Бізде бүгінде ақпараттық тех­­но­ло­гияны, жасанды интеллектіні тек ІТ-ма­ман игеруі керек деген қасаң түсінік бар. Шын мәнінде, оны қазір тіл маманы да, тарихшы да, кәсіпкер де, тіпті арба сүйреуші де үйренуі керек. Бұған дейін біз смартфонды он үшінші мүшемізге айналды деп келсек, қазір жасанды интеллект біздің екінші миымыз һәм он төртінші мүшемізге айналып жатыр. Қазақ тілі мен мәдениетінің, өнері мен тарихының ғұмыры ұзақ болуы үшін осы технологиялық жарыста тізе қосып, көптен қалмауымыз керек»,  деді ол.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы­ның директоры Айсұлу Ерниязова қазіргі таңда ел халқының 40 пайызға жуығын жастар құрайтынын айтты. Оның сөзінше, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы кейінгі он жылдан астам уақыт бойы жастар арасын­да жүйелі түрде қоғамдық пікір өлшем­дерін жүргізіп келеді. Соның негізінде ол оты­рыс­та өз ұсыныстарын жеткізді. «Әуелі, келе­шек ұрпақ сапалы білімге қол жеткізіп, әле­у­меттік тұрғыда қамтылып, лайықты жал­а­қы­сы бар жұмысқа тұра алуы қажет. Екін­ш­і­ден, жастар үлесі артып келе жатқанын еске­ріп, «Тәуелсіз ұрпақтың бейнесі» кешен­ді зерттеуін жүргізу орынды саналады. Біз өз көзқарасымызды дамытып, ұлттық теория­лық және эмпирикалық негіздерімізді қа­лап, ұлттық ғылыми мектептеріміз үшін инсти­ту­циялық ортаны құруымыз қажет. Үшінші­ден, жастар прекариаттар сапын толтырып жатыр. Олардың көзқарасы, сұраныстары мен мәселелерін анықтау мақсатында «Жас прекариаттың образы» кешенді зерттеуін жүргізу ұсынылады. Осылайша, көлеңкелі экономикаға және платформалық жұмысқа кетіп жатқан азаматтарды қолдаудың нақты тетік­терін айқындау мүмкіндігі туады. Төр­тін­шіден, «Адал азамат» тұжырымын мемле­кет­тік жастар саясаты жүйесіне енгізетін сәт туды. Әділетті Қазақстанды тек саналы азаматтар құра алады. Бұл ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты. Осы орайда жүйе құраушы нормативтік-құқықтық актілерді, қолданыстағы стратегиялық құжаттарды қайта қарап шыққан маңызды», деді ол.