• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 21 Маусым, 2024

Мал өсірсең, қой өсір...

159 рет
көрсетілді

Кеңес заманында «Қазақстандағы қой санын 50 млн-ға жет­­кізейік!» деген ұран тасталғандықтан, Шопан ата түлі­гі­нің қадірі артып, озат шопандар жоғары мемлекеттік мара­паттарға ие болып, атақ-даңқы дүрілдеп тұрды. «Қой шаруа­шы­лығы – екінші тың» атанып, мектеп түлектері сыныптас­тарымен бірге шопандардың комсомол-жастар бригадаларын құрып, қой бағумен айналысты. Алайда жалпақ дүниеге жар салып жариялаған межеге жеткен жоқ.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның мәліметіне қа­ра­­ғанда, 1990 жылы елі­міз­дегі қой мен ешкі саны 35,6 млн-ға ғана жеткен. Қазақстан осы көр­сет­кіш бойынша тек Ресейден кейін қалып, екінші орынды еншілеген. Өкінішке қарай, одақ күйреп, еліміз жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық қатынасқа көше бастаған кезде қой шаруашылығы саласы күрт құлдырап, атакәсібімізге жете мән берілмеді. 2000 жылы ұсақ мал саны 10 млн басқа дейін азайғаны – соның айғағы. Кеңшарлар жаппай жабылып, ауыл адамдары тұрақты жалақыдан қағылған, зей­неткерлер зейнетақысын айлап ала алмаған қиын уақытта қо­ра­дағы төрт түлік бірден-бір күн­көріс көзіне айналып, әсіресе қой басы үлкен шығынға ұшырады.

Өтпелі кезеңдегі эконо­ми­ка­­­лық дағдарыс жаңа ғасыр ба­сын­­да еңсерілген соң ғана қой ша­­руа­­шылығы саласын қайта дамы­ту қолға алынды. Биыл 1 сә­уір­­дегі жағдай бойынша рес­пуб­ли­камыздағы қой мен ешкі саны 23,7 млн болыпты. Бірақ ұсақ тү­лік басы былтырғы сәйкес ке­зең­мен са­лыс­тырғанда 762,7 мыңға аза­йып­ ке­тіпті.

Мемлекет басшысы агро­өнер­кәсіп кешенінде нақты серпіліс жасап, елімізді Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде алға қойып отырған қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі қой шаруашылығы саласын дамытуға жете мән берсе, құба-құп. Себебі көптеген елде қой шаруашылығы аграрлық саланың басым бағыты саналады. Әлемдік статистикада қой етін өндіру және тұтыну бойынша алғашқы бестікке Қытай, Аустралия, Жаңа Зеландия, Түркия, Алжир кірген. Ең ірі экспорттаушы ел – Аустралия (жылына 503,6 мың тонна) болса, ең ірі импорттаушы ел – бізбен көршілес Қытай (357,8 мың тонна).

Қой етін өндірушілердің әлем­дік рейтингінде Қазақстан 1,2% үлеспен (155,4 мың тонна) 16-орынды місе тұтып отыр. Отан­дық қой еті негізінен Өзбекстанға (8,1 мың тонна немесе барлық өнімнің 78,6%-ы), Біріккен Араб Әмірліктеріне (1,9 мың тонна немесе 18,9%), Кувейтке (216 тонна немесе 2,1%) экспорттала­ды. Қой шаруашылығымен не­гі­зінен оң­түстік өңірлер (58,9%) айна­лысады. Қой етін экспорттаушы өңір­лердің үштігіне Түркістан (79,2%), Жамбыл (8,8%) және Алматы (4,5%) облыстары кіріп отыр.

Біздің ел үшін қой етін экс­порт­таудың келешектегі нары­ғы – Қытай (350 мың тонна), Пар­сы шы­­ғанағы елдері (100 мың тонна). Сон­дай-ақ Судан, Иран, Өзбекстан, Алжир, Түркия, Оман, Тәжікстан, Йемен, Әзер­бай­жан – әлеуеті артып келе жатқан негізгі тұтынушы мем­лекеттер.

Мамандардың айтуынша, елі­мізде бос жатқан жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалану қой басын екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте қой өсірудің бұрынғы әдістерін қолданудың тиімділігі аз екені ескеріліп, заманауи аустралиялық әдісін қол­дану ұсынылып отыр. Аталған әдіс жайылымдарды тиімдірек пай­да­лануға, технологиялық инновацияларды енгізуге, қой тұқымын асыл­дандыруға, ветеринарлық күтімді жақ­сартуға мүмкіндік бере­тін жаңашылдықтарды қамтиды. Бүгінде қой шаруа­шы­лығы саласында қалыптасқан жағдайға Мәжілістегі «Ауыл» пар­тиясы фрак­циясының депутаттары алаң­дау­шылықпен назар аударып, дабыл қағып жатыр. Мәселен, биыл 2 мамырда Премьер-ми­нистрдің орынбасары Серік Жұман­ғарин­нің атына Жигули Дайра­баев депутаттық сауал жолдады.

Бүгінде қой басының саны 19,7 млн-ға жетті. Егер бұл малдың са­­пасын сараласақ, онда асыл тұ­­қым­ды саулық қой басы тек 1,5 млн-ды құрайды. Сонда жыл сайын­ қой шаруашылығына бөлінетін 9 ба­­ғытқа арналған 23,6 млрд тең­ге­нің нə­ти­жесі қайда дейді депутат.

«Селекциялық-асыл тұқым­дық жұмыстарға жыл сайын­ 15,7 млрд теңге субсидия ре­тін­де қаралған. Отандық асыл тұ­қым­ды қойларды сатып алу үшін 7,2 млрд теңге бөлінген. Осы мемлекеттік қолдауды жыл са­йын шаруашылығын жолға қойған фермерлер ғана алады. Олардың атқарған жұмыс­та­рының сəйкестігі мен нəтижесін тексеретін инс­пекторлар мен ғылым қайда? Екін­­шіден, қой шаруашылығының өзекті мəсе­лелерін терең білмесе де, кеңес беруге құлшынып тұратын кей­бір популист сарапшылардың шетелдік тұқымды қошқарларды қолдану арқылы еттің де, жүннің де, терінің де мəселесін тез арада шешеміз дегені қатты алаңдатады. Мысалы, жақында бір фермер қойдың жаңа тұқымына патент алыпты. Жаңа тұқым шығару үшін қойылатын арнайы талаптар бар, тиісті селекциялық, ғылыми ізденістер жасалуға тиіс. Бұл апробация жұмыстары кем дегенде бір-екі жыл көлемінде жүргізіледі. Ал жаңа мал тұқымын шығару – ғылыми жұмыс. Бірақ іс жүзінде ғылыми институттар бұл жұмысқа тартылмайды. Бізде осы тəртіпті кім қадағалайды?» дейді депутат.

Айтуынша, будандастыру­ арқылы өнімділікті арттыру мәселесі министрлік назарынан шет қалмауға тиіс. Сонымен қатар ол қойды асыл тұқымды деп танитын 15 республикалық палатаның жұмысына байланыс­ты көзқарасты саралап, дұрыс жолға қоймасақ, ғылым да, өндіріс те, малдың гене­тикасы да дамымайды жəне мемлекеттік қолдау «тістегеннің ­аузында, ұстағанның қолында» кетеді дегенді айтады. Депутаттың сөзінше, қой шаруашылығын дамыту үшін мына басым бағыттарға айрықша көңіл бөлінуге тиіс:

Жүн мен теріні өңдеу кə­сіп­орын­дарын ашуға бағыт­тал­ған баста­маларды шұғыл қар­жы­лан­дыру; Жергілікті асыл тұқымды қой­ларды сапаландыру мақ­сатында кемінде 1000 бастан тұ­ра­­тын отан­дық репродуктор құру; Осы бағыттағы ғылым мен бизнестің əлеуетін біріктіру, мамандар даярлауды жүйелі жүзеге асыру үшін Қ.Медеубеков атын­дағы Қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институты базасында оқу-əдістемелік орталық құру.

Вице-премьер Серік Жұман­ғариннің жауабына сүйенсек, қа­зір­гі уақытта бұл мәселе мем­­­ле­кеттік органдармен келісілген ұста­нымды әзірлеу бағытында егжей-тегжей қарас­тырылып жатыр және қосымша зер­делеу қа­жеттілігі туындап тұр. Бұл де­пу­таттар жиі сынап жүре­тін «сыр­ғытпа жауапқа» ұқса­майды. Соған қарағанда, Үкімет пен Ауыл ша­руашылығы министрлігі қой ша­руашылығын өркендету мәсе­ле­сіне шындап бет бұрған сияқ­ты. Әрине, оны алдағы уақыт көрсетеді.