• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 21 Маусым, 2024

Мұнайлы өңірге таза ауа мұң

191 рет
көрсетілді

Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында аты­рау­лықтарды алаңдатқан экология мәселесіне назар аударған еді. Өйт­кені Атырау облысында қоршаған ортаны ластау әлі тоқ­­та­м­ай тұр. Сол себептен, мұнайлы өңірдің ауасы таза емес.

Экологтердің пікірінше, таза ауаның бүлінуіне мұнай-газ саласындағы кәсіп­орындардың «үлесі» аз емес. Мәселен, биылғы 4 айда 7 кәсіп­орын­ға 13,7 млрд теңге­нің айып­пұ­лы салынған. Өйт­ке­ні бұ­ған кәсіп­орындардың эко­ло­гия­лық талап­ты сақтамағаны себеп болып отыр.

Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есе­нов­тің мәліметіне сүйенсек, жос­пар­дан тыс жүргізілген 7 тек­серу кезін­де 7 бұзушылық анық­та­лып­ты. Ал рұқсат беру талабы 3 рет бұзыл­ған.

«Департамент мамандары тексерудің қорытындысымен құқық бұзушылыққа қатысты бірнеше дерек тіркелді. Оның ішінде қауіпті қалдықтарды рұқсатсыз жинау, мемлекеттік экологиялық сараптама қоры­тындысын орындамау, рұқсат етілмеген шығындылар шығару, міндетті мәліметтерді ұсынбау, жер бедерін бүлдіру және экологиялық талаптарды бұзуға бай­ланысты деректер бар. Бақы­лау жүргізу нәтижесімен 13 млрд 704 млн 771 мың теңгенің 45 әкім­ші­лік айыппұлы салынды», дейді Е.Есенов.

Оның дерегіне жүгінсек, кәсіп­­орындарға салынған айып­пұл­дың 18 млн 555 мың теңгесі өнді­ріліп отыр. Бұл айыппұлды кәсіп­орындар өз еркімен төлеуге ықылас танытқан.

«Қазір сотта үш әкімшілік іс қаралып жатыр. Бұл істер бойынша салынған айыппұлдың көлемі 13 млрд 686 млн теңгені құрайды», деп мәлімдеді Е.Есенов.

Тұмса табиғаттың тазалығын сақтауды Атырау облыстық прокуратурасы да айрықша назарға алып отыр. Сол себептен, қадағалаушы органның қызметкерлері табиғат қорғау заңнамасының сақталуына ұдайы тексеру жүргізіліп келеді. Заңдылықты бұзушылардан биылғы 5 айда бюджетке 15,2 млрд теңгеден астам қаржы өтелді.

«Жер қойнауын пайдаланушы экологиялық рұқсатсыз 5 млн текше метр көлемінде күкіртті газды жаққаны анықталды. Прокурорлық қадағалау шараларымен кінәлі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігі (Қоршаған ортаға антропогендік әсер ету нор­ма­тивтерін бұзу) бо­йын­ша жа­уапқа тартылды. Кінә­ліге 12,2 млрд теңге көлемінде айып­­пұл салынды», деп хабарлады про­ку­ратураның баспасөз қыз­меті.

Жергілікті белсенділер де қоршаған ортаның жиі бүлінетіні жөнінде дабыл көтеріп жүр. Сондай белсендінің бірі Нұрлан Жонасов әлеуметтік желідегі парақшасында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қондырғыдан сары түтіннің будақтағаны түсі­ріл­ген видеоны жүктеді. Бұл көрі­ніс атыраулықтардың алаң­дау­шылығын тудырды. Осы­ған байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының қоғам­мен байланыс бөлімі түтіннің ката­ли­ти­калық крекинг қондыр­ғы­сы­нан шыққаны туралы ақпарат таратты.

«Каталитикалық крекинг қон­дыр­ғысының «Белко» бло­гін­дегі мұржадан сары түсті түтін газы шықты. Алайда сол уа­қытта каталитикалық крекинг қон­дыр­ғысының жұмысында ауытқу болмады. Атырау мұнай өңдеу зауытының мамандары «Белко» блогінен шығатын түтін газының құрамын арнайы анализатордың көрсеткіштері арқылы үнемі бақылауда ұстайды. Түтін газы құрамында күкірт қосылыстары көрсеткішінің шамадан асу фактісі анықталмады. Түтін газының сары түсті болуы – бұлтты күнгі көк фондық түске байланысты жиі орын алатын құбылыс», деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.

Алайда зауыттағы ката­лити­ка­лық крекинг қон­дыр­ғы­сының жұмысы тоқтатылған жоқ. Ал барлық газ анализаторы қайта тексеріліпті. Атырау мұнай өңдеу зауыты мен экологиялық бекеттердегі, «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес атмо­с­фе­ралық ауа құрамында күкірт қосы­лыстарының шектен асу фактісі тіркелген жоқ. Зауыт қондырғылары штаттық режімде жұмыс істеп тұр.

 

Атырау облысы