Ал өз тіліңді құрметтеу – парызың. Әр қазақ үшін бойтұмарға айналған Қадыр ақынның әйгілі сөзінің қадіріне жеткен қазақ қызы жат елде көпті тәнті етті.
Иә, әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, талап-талантымен көпті мойындатып жүрген жастар қазақта көп. Соның бірі – осы Мәлика. Ол Нью-Йорктегі әскери академияны табысты тәмамдап, бітіру кешінде ең үздік студент ретінде сөз сөйлеу мәртебесіне ие болған. Көпті тәнті еткені оның үздік атанғандығынан бұрын, мұхиттың арғы бетінде алты құрлық өркениетінің басын қосқан АҚШ-та ана тілінде үн қатып, ата-анасына алғысын жеткізуі болды.
«Әрдайым маған жақсылық тілеп, еркелігімді көтеріп, алыстан уайымдап, мені сағынып жүретіндеріңіз үшін көп рақмет! Ауырмаңыздар, өмір жастарыңыз ұзақ болсын!» деп жас түлек ата-анасына алғысы мен перзенттік жүрекжарды лебізін білдірді.
Бітіру кешіндегі толқынысты сәт таспаланған бұл видеоны Нью-Йоркте жүрген Қазақстан фотографы Аркен Аван жақында өзінің Instagram парақшасында жариялады. Айтулы шараға арнайы тапсырыспен басқа баланы суретке түсіруге барған ол мінберден сөйлеп тұрған қазақ қызын көргенде таң қалғанын және шынайы қуанғанын жасырмады.
«Мен үшін бұл бір күтпеген жайт болды. Жұмыс барысымен Нью-Йорк әскери академиясының түлектерін фотоға түсіруге барғанмын. Диплом алу сәтінде білім саласында жоғары нәтиже көрсеткен қазақ қызын үздік студент ретінде сахнаға шақырды. Мінберге жарқырай көтерілген Мәлика әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қауым алдында қазақ тілінде үн қатып, ата-анасы мен ұстаздарына алғысын білдірді. Қазақ қызының қайсарлығы мен ұлтжандылығы сүйсінтті. Бұл сәт мені ерекше толқытты», деп жазды фотограф әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бейнежазбада таспаланғандай, Нью-Йоркте өткен өміріндегі маңызды сәттерінің бірі – диплом алу кешінде Мәлика өзінің жүрекжарды лебізін ағылшын тілінде бастап, қазақша жалғастырып, кейін немісше сөйлейді. Жанарына ұлтына деген ұлы махаббатты сыйдырған Мәликаға біз де сәт сапар тілейміз.