• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 22 Маусым, 2024

Бюджеттің жүйелі басқарылуы – басты мәселе

89 рет
көрсетілді

Кеше Мәжілісте Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттар күн тәртібіне енгізілген үш мәселені талқылап, бір заң жобасын мақұлдады.

5 мыңнан аса өтініш түсті

Бірлескен отырыстың күн тәр­­тібінде алғаш талқыланған мә­се­ле – Конституциялық сот­­тың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы. Осы жайында баяндама жасаған КС төрағасы Эльвира Әзімова елі­міздегі конституциялық заң­дылықтың 2023 жылдағы жай-күйі туралы жолдауын ұсынды.

Оның айтуынша, өткен жылы конституциялық бақылау органына азаматтардан бес мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олар не­гізінен зейнетақы заңна­ма­сының, Қылмыстық және Қыл­мыстық-процестік кодекстердің, Әкімшілік құқық бұзушылық тура­лы кодекстің және Жоғар­ғы соттың нормативтік қаулы­лары­ның жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеруге қатысты жүгінген.

«Азаматтардан келіп түскен өтініштердің басым бөлігі нақты істер бойынша жалпы юрисдикция сот шешімдерінің күшін жою немесе оларды қайта қарау туралы, сотқа дейінгі тер­геп-тек­серудің және құқық қор­ғау органдарының жекелеген қыз­мет­керлерінің өзге де әре­кет­тері­нің заңдылығын тексеру туралы болды. Негізінен мұн­дай өтініштердің нысанасы Конс­титуциялық соттың құзыреті­­не кірмейді. Олар жалпы юрис­дик­ция соттарының немесе бас­қа мем­­ле­кеттік органдар­дың қа­рауы­на жатады», деді КС төрағасы.

Эльвира Әзімованың айтуын­ша, құқықтық қатынастарды реттеу­дің жеткіліксіздігі және жі­берілген құқықтық олқы­лық­тар азаматтардың құқықтары­на нұқсан келтіруге және олар­дың конституциялық кепілдік­терін бұзуға әкеп соғады. Конс­ти­ту­циялық сотқа жүгінген азамат­тардың қолданыстағы құқық қорғау институттары туралы қажетті түрде хабардар болмауынан не оларға сенімсіз қарауынан қолжетімді құқық құралдарын уақтылы пайдалана алмауы да сирек емес.

«Конституциялық нормалар­дың сақталмауына байланысты жеті заңның және Жоғарғы соттың бір нормативтік қаулысының ере­желері Конституцияға сәй­кес келмейді деп танылды. Қазір­гі уақытта анықталған құ­қық­тық қайшылықтар екі заңда және Жоғарғы соттың нор­ма­тивтік қаулысында жойылды. Мемлекеттік қызметке және оның ерекше түрлеріне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, сондай-ақ қорғаушының кас­сациялық іс-жүргізудегі өкілет­тігіне қатысты мәселелер бойын­ша тиісті заң жобалары Пар­ламентте қаралып жатыр. Со­ны­мен қатар қолданыстағы заң­дар­дың Конституциялық сот түсін­дірме берген нормаларына заң шығарушы барынша тиімді нормативтік-құқықтық реттеуді әзірлеу бөлігінде назар аударуы қажет», деді ол.

Оның айтуынша, мәселен, Семей ядро­лық сынақ по­ли­­г­о­­нын­дағы ядролық сынақ­тардан зардап шеккен аза­мат­тарды әлеуметтік қорғау мәсе­лелері бойынша Үкіметке зақым­дал­ған аумақтардағы қазіргі радиоэко­логиялық ахуалды, сондай-ақ әлеуметтік, экологиялық, демо­графиялық, медициналық және өзге де факторларды ескере оты­­рып, жаңа қағидаттар мен тәсіл­д­ерді зерделеу қажет.

Бүгінгі таңда Парламент бес заңның ережелерін Консти­ту­цияға сәйкес келтірген. Қал­ған заңнамалық ұсыныстар Пала­талардың қарауында немесе Үкімет деңгейінде келісу сатысында. Эльвира Әзімова заңнамалық түзетулерді әзірлеу жөніндегі жұ­мысты Конституциялық сот­тың ұсынымдарын ескере отырып, жалғастыру қажет екенін айтты. «Негізгі заңның үстемдігі мақ­сатына жеке адам, қоғам және мемлекет мүдделерінің ба­лансы мен паритетін сақтау, теже­мелік әрі тепе-теңдік жүйе­сін қолдану арқылы қол жет­кізуге болады. Демек консти­туция­лық заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттік биліктің әр­бір субъек­тісі мен лауазымды адам­ның норма шығару үдерісіне және құқық қолдану практикасына қатысу міндеті», деді ол.

 

Көлеңкелі экономика 18,8 пайызға төмендеді

Бірлескен отырыстың күн тәрті­бінде қаралған екінші мәсе­ле – Үкімет пен және Жоғары ауди­торлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің ат­қарылуы туралы есептері. Бұл мәселе бойынша Қаржы ми­нистрі Мәди Тәкиев пен Жоғары ауди­торлық палата төрағасы Әли­хан Смайылов баяндама жасады.

Өткен жылдың негізгі көрсет­кіштеріне қысқаша тоқталған Мәди Тәкиев ішкі жалпы өнім 5,1%-ға өскенін, жылдық инфляция деңгейі 2 есе төмендеп, 9,8% көлемінде тұрақталғанын, жалпы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 2,6%-ын құрағанын, сондай-ақ мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімге 22,8 %-ға жеткенін атап өтті.

«Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жылдық жос­пар 99,9%-ға орындалып, бюд­жет­ке 19 трлн теңге түсті. Ал бюд­­жеттің шығыстары 99,6%-ға ат­қа­рылып, 22,4 трлн теңгені құра­ды. Игерілмеген қаражат – 73 млрд теңгені, ал үнемдеу, Үкімет резер­він қоса алғанда – 27 млрд теңгені құрады. Ұлттық қордың активтері 13,4%-ға ұлғайып, 60 млрд долларға жетті», деді ол.

Оның айтуынша, қолма-қол ақшасыз төлемдердің көле­мін ұлғайтуға қатысты жүргізі­ліп жатқан жұмыстар көлеңкелі айна­лымның қысқаруына үлкен әсер етіп, 2023 жылдың қоры­тындысы бойынша бұл көрсеткіш 88,7%-ды құраған. Оған өткен жылы Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар, 2023-2025 жылдарға ар­налған кешенді жоспарды қабылдау себепші болған. Нә­ти­жесінде, көлеңкелі экономика деңгейі жоспарланған 19,9 %-дан 18,8 %-ға дейін төмендеді.

Сонымен қатар Қаржы ми­нистрі 2023 жылы қосылған құн салығын қайтару туралы, аванс беру есебінен түсімдер жос­пары­ның орындалуына, квази­мем­лекеттік секторға қатысты мәселелерді айтты.

«Жаңа Бюджет кодексі аясында тиімді және ашық квази­мем­лекеттік секторды қалыптас­тыру үшін тиісті жағдайлар көз­де­ліп отыр. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражат­ты иге­руіне мониторингті және олар­дың есептілігін қамтама­сыз ету жөніндегі нормалар қа­был­­данатын болады. Квази­мем­лекеттік сектордың барлық субъектісі үшін қолма-қол ақша­ны бақылау шоттарын ашу бойынша, Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы мен халық­аралық тәжірибе ескеріле отырып қаралады», деді ол.

 

Шығыстың көбеюі алаңдатып тұр

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов рес­пуб­ликалық бюджеттің ат­қарылуы туралы есебінде салық-бюджет қағидаларын мүлтіксіз сақтау, мемлекеттік ресурстарды басқарудың тиімді тетіктерін құру қажеттілігіне баса назар аударды.

Оның айтуынша, басты проблема – бюджеттің тұрақты тап­шы­лығы. «Кейінгі жылдары шы­ғыс­тар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кіріс­тер шығыстардың 50%-ға жуы­ғын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қор­дың трансферттері және қарыз­дарды тарту есебінен өтеледі. Сондықтан тапшылықты ұстап тұру жеткіліксіз. Ол үшін тап­шы­лығы жоқ бюджетті қа­лып­тас­тыратын ұзақмерзімді жос­­­пар қажет. Ұлттық қорды бас­қару жөніндегі нормативтік-құ­қық­тық база тұрақтылықты қажет ете­ді. Олай болмаған жағ­дайда Мем­лекет басшысының Ұлт­тық қор­дың валюталық актив­терін 2030 жылға қарай 100 млрд дол­лар­ға дейін ұлғайту жөніндегі мақ­саты­на қол жеткізбеу тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз», деді ол.

Көлеңкелі экономиканы қыс­қарту – бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту үшін маңызды фактор. 2022 жылы оның үлесі ішкі жалпы өнімге шаққанда 18,8%-ға дейін төмендеген. Сонымен бірге салықтарға қатысты жоспар­дың 1,4 трлн теңгесі орындал­маған. Осы мәселенің анығын білу үшін палата биыл көлең­келі экономикаға қарсы іс-қимыл жасау мемлекеттік саясаты тиім­ділігіне аудит жүргізуді жоспарлап отыр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджет қаражатын пайдалану үшін дербестік беріл­ген, бірақ қабылданатын ше­шімдер әрдайым тиімді болып отырған жоқ. «Кейбір мемле­кет­тік органдар құзыретіне кір­мейтін жобаларды іске асыруын жалғастырып келеді. Мысалы, салалық министрліктер бола тұра, Ұлттық экономика министр­лігі мәдениет, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, су бұру және автожол салаларындағы жобаларды жүзеге асырып жатыр. Салдары – түпкілікті нәтижеге жету жауапкершілігінің болмауы және екі жақтан қаржылан­дыру тәуекелдері. Анықталған қаржылық бұзушылықтар мен мемлекеттік ресурстарды тиімсіз басқару көлемі айтарлықтай. Үкіметтің деректері мен барлық мемлекеттік аудит органдары жүргізген аудит нәтижелеріне сәйкес бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану сомасы 489 млрд теңгені құрады», деді ол.

 

9 млн адамда несие бар

Қос палата депутаттары өткен жылғы бюджеттің игері­луі­не қатысты ойлары мен ұсы­ныс­тарын ортаға салды. Сенатор Сәкен Арубаев микронесиелер мен субсидиялар берудегі кейбір кемшін тұстарға тоқталды.

«Жыл қорытындысымен ауыл халқына 12,1 мың микронесие беріліп, 13,1 мың жаңа жұмыс орны құрылған (жоспар бойынша 18,2 мың болуы керек еді). Алайда, берілген микронесиелер арқылы кем дегенде екі адамнан жұмыс­қа алған жағдайда 24,2 мың адам қамтылуы керек, әлде ашыл­ған шағын кәсіпкерлер жал­ғыз өзі жұмыс істеп жүр ме? Немесе қаражаттар басқа мақсаттарға пай­даланылуда ма? Бұл бір ғана бағдарламадағы еселі кем­ші­ліктер, ал бізде қабылданып, қисыны келмей тұрған бағдар­ламалар жетерлік. Сондай-ақ есепті кезеңде агроөнеркәсіп саласын субсидиялауға 492,8 млрд теңге бөлініп, 105,4 млрд теңгеге артқан. Дегенмен бұл қаражат­тар шаруалардың толық қажетті­лігін өтеген жоқ. Қазіргі уақыт­та субсидияға өтінім беріп күту парағында тұрғандардың саны 2 500-ге жуық, ал мемлекеттің берешегі 10,0 млрд теңгеден асқан. Бұлай жалғасатын болса, шаруалардың жағдайы нашарлай түсетіні анық» деді ол.

Ал «Amanat» фракциясының аты­нан республикалық бюд­жеттің 2023 жылғы орындалуы­на байланысты бірқатар мәселеге тоқталған депутат Елнұр Бей­сен­баев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ұлттық экономиканы 2 есе өсіру межесін тапсырғанын, осыған орай Үкімет пен билік үшін алдағы 6 жылдық – тынымсыз жұмыс пен қажетті шешімдер қабылдайтын кезең болатынын атап өтті. Деген­мен экономиканың ахуалын бей­нелейтін бірқатар көрсеткіш әлі де көңіл көншітпейді.

«Мысалы, елімізде жұ­мыс іс­­­тей­тін 10 миллион адамның 9 мил­­­лионында несие бар бол­са, бо­­рышкерлер реестрінде, яғни қа­рызын қайтармай, жалтарып жүрген жеке тұлғалардың са­ны – 3,4 миллион. Сондай-ақ, тұ­тыну­шылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 18,2 трлн теңгені құрап отыр. Бір жылда несие алушылардың сомасы 5 триллионға өскен. Бұл цифрлар – халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының айқын көрінісі», деді депутат.

Сонымен қатар ол 2023 жыл­ғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсал­ғанын, оның ішінде 70 млрд теңге игерілмей, 87 млрд теңге қазы­налық шотта қалып қойғанын атап өтті.

Мәжілістегі «Ақжол» партия­сының фракциясы Үкіметтің 2023 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қарсы дауыс берді. Оның бірінші себебі – бюджет кірісіндегі кемшіліктер. Олар­дың айтуынша, былтырғы бюд­жет жаңа қарыздар алу арқылы жа­былған. Екінші себеп – шығы­ны көп бағдарламаларды қар­жыландыру артып, нақты сек­торға бөлінетін қаражат азайған. Фракция мүшелерінің сөзінше, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың сыбайлас жем­қор­лыққа бейімділігі де қарсы дауыс беруге себептердің бірі.

Бірлескен отырыс күн тәр­тібінде бұдан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республи­касы­ның сот жүйесі мен судьялары­ның мәртебесі туралы» Консти­туция­лық заңға өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» Консти­туция­лық заң жобасын екінші оқы­лымда мақұлдады. Ол бойын­ша баяндама жасаған депутат Сне­жан­на Имашева бірлескен комис­сияның қарауына жүзден аса түзету келіп түскенін, оның ішінен 60 түзету қабылданғанын атап өтті.

Сонымен бірге отырыс бары­сын­да Қазақстан Республи­касы­ның орнықты дамуы саласын­да­ғы ұлттық мақсаттар мен мін­дет­тер­дің іске асырылуын мони­торингі­леу жөніндегі парла­менттік ко­мис­сияның құрамы өзгертілді.