Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтын бітіріп, Қазалы аудандық қаржы бөлімінің кірістер бойынша инспекторы қызметіне кіріскені кеше ғана сияқты еді. Алты ұлдың ортасында өскен ерке қызға Қазынагүл деген есімді әжесі берген екен. Азан шақырып қойған аты болашақ кәсібіне жол ашыпты. Қазір кейіпкеріміз Қазынагүл Бәкенованың бюджет саласында қызмет етіп келе жатқанына 40 жылға жуықтапты.
Сол кездегі заман талабына сай орыс мектебінде білім алды. Әкелері Сухан өмірден ерте өтіп, жеті баланы аналары Раушан жеткізді. Жалпы, қай салада да қызметтің барлық сатысынан өткен маманның тәжірибесі толысады.
«Біздің кезімізде жас кадрларға қолдау көп еді. Жұмысын жаңа бастағандарды тәжірибелі мамандарға бекітіп беретін. Алғаш жол көрсеткен тәлімгерім соғыс ардагері Күнтуған Көшімов деген ағамыз болды. Қазір Алматы қаласында тұратын Кемал Смағұлов ағайдан да үйренгенім көп. Жұмыста жаңа бастаған сәттегі Зейнеп Тасмағамбетова, Ұлтуған Әбдібаева, Базаркүл Нысанғалиева, Жақсыбике Жұмахметова, Анар Әниязовадай апайлардың жанашырлығы естен кетпейді. Әсіресе марқұм Зейнеп апай 20 жылдай бір кабинетте қатар отырып, маған жұмыстан бөлек адамдармен қарым-қатынастың қыр-сырын үйретті. Алдыңғы буынның осындай қамқорлығы арқасында маман ретінде қалыптастық», дейді Қазынагүл Суханқызы.
Әр жылдары аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бөлімше жетекшісі, сектор меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары қызметтерін атқарғанда алдыңғы буыннан үйренгенінің көмегі көп тиді. Былтырдан бері аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарып келеді.
Кейде екі дәуірдегі мемлекеттік қызмет саласын салыстыратыны бар. Кеңес кезінде бөлімде ревизиялық функция да бар еді. Сол арқылы мекемелерге тексеру жүргізілетін. Қазір бұл саланың жауапкершілігі өте жоғары. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық мемлекеттік қызметтегілерге де жеңіл тиген жоқ. Талай білікті мамандар жауапкершілігі көп, жалақысы аз жұмысын тастап, басқа салаларға кетіп жатты. Бірақ осы қиындықта та Қазынагүл қызмет ауыстыруды ойламапты.
2000-жылдар басында Қызылорда облысы іс қағаздарын алғаш болып мемлекеттік тілге көшіргені есте. Сол кезде орыс мектебін бітіргендіктен аздап қиналды. Осы тұста бөлім басшысы, жас та болса біліктілігімен танылған мықты маман Гүлбақыт Нармағамбетованың көмегі көп тиді.
Қызметте жүріп талай талапты жасқа жол көрсетті. Солардың бірі – Нұрдәулет Аймағамбетов бюджеттік жоспарлау секторының меңгерушісі. Бюджеттің қыр-сырын игертуге жасаған жәрдемі зая кетпеді. Қазір шәкірті болашағынан үміт күттіретін маманның біріне айналды.
«Көп жылдан бері бағамдағаным – бұрынғы қызметкер мен бүгінгі маманның айырмашылығы жер мен көктей. Кейде басшылықтың ескертпесін көтере алмай, қабағы түскен жас әріптестерім келеді. Ондайда баяғыда өзіме қамқорлық танытып, қанатының астына алған қызметтес апаларымның үлгісімен жөн-жобасын айтып, арқасынан қағып қоямын. Өйткені көп адамның қолынан шығатын жұмыстың нәтижесі де, сапасы да ұжымның бірлігіне байланысты. Шынын да, сырын да жасырмайтын жастармен сөйлесе отырып, кезіндегі әріптестерім еске түседі. Өмір жолымда осындай жақсы жандармен қызметтес болғаныма шүкірлік айтамын», дейді Қ.Бәкенова.
Арқа сүйер азаматы Береке Рахметалиев дүниеден озғанда жақын-жуықтарымен қатар қызметтестерінің қолдауымен еңсе тіктеді. Кейіпкеріміз қызметте жүріп бала тәрбиесін де тыс қалдырмады. Балалардың үлкені Қымбат Берекеқызы қазір Германиядағы Розенхайм қаласында денсаулық сақтау саласындағы сарапшы қызметін атқарады. Одан кейінгі Гүлжайнасы Қызылордадағы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында ағылшын тілінің мұғалімі. Ұлы Аян аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы. Кенжесі Ақбота Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқиды.
Мемлекеттік қызметтегі 40 жылы ізсіз емес. Аудандағы бар саланың табысында маман ретінде кейіпкеріміздің де үлесі бар.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы