• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 24 Маусым, 2024

Ай сонатасы

63 рет
көрсетілді

«Аспанда ай болмаса адасады» деген сияқты халық әндері жетерлік қазақта. Басқа елдерде де аз болмауға тиіс. Ал музыкалық шығармалар толып жатыр әлемде. Біз бәрін шегере тұрып, адам өміріне айдың қатысын айтқымыз келеді. Ғылым жіліктеп берген ғажайыптардың барлығы дәстүрлі қазақ өміріндегі нанымдар мен тыйымдардан алшақ еместігі көп жайдан хабар береді.

«Айға телміріп көп қарама» дейтін үлкендер. Сөйте тұра, өздері айдың туысына қарап алдағы күн райын болжайтын. «Айдың туысы жақсы, осы ай жайлы болады» дейтін. Бұл – тікесінен туғанда айтатыны. Ал «қауын тілік құбылыс» әуеде шалқасынан жатса, «апырай, өзіне жайлы, жұртқа жайсыз туыпты!» деп қоятын. Ақыры айтқандары тура келетін. Өткен ғасыр­дың орта шенінде туған бір әпкем кезінде ай толғанда басы ауырып, дел-сал күй кешіп біраз жүрерін жиі есіне алатын. «Тура біздің жатын бөлменің терезесінен түсіп тұрып алады. Үнемі перде тұтып қоямын. Ал тұтпай, ұмыт қалдырсам, ертесіне күні бойы берекем қашады» деп бір тылсымы барын айтар еді. Туған ай жоғалып, жаңасы туар алдындағы екі-үш күн аралықты қазақ өліара деп атайды. Яғни өлі уақыт, өмір жоқ дегенге саяды. Ақын Маралтай Райымбекұлы:

«Түпсіз дүние, түбің толса мен ертең,

Келмес жаққа жан сәулесін жөнелтем.

Ай толғанда күрсініп қап көкірек,

Сүрінгенде күрең түсті көлеңкем.

Мен — тірі жан, ол тірі жан — тәні гүл,

Табысып ек, сәтсіз болды бәрібір.

Өз басымдай көруші ем ғой мен оны,

Көз жасымдай тамып кеткен сары нұр.

Ай толғанда басым байлап пәлеге,

Жан ауырып, жалғыз қалдым және де...»

дейді. Тылсым мен жұмбаққа толы өлең өткенде мына деректі еске түсірді. «Пышақ пен балтаны қайрап, ай сәулесі түсетін терезенің алдына ашық тастадым. Енді бір қайралған пышақ пен балтаны солай орналастырдым да, бетін шүберекпен жауып қойдым. Таңертең қарасам, ашық тұрған пышақ пен балтаның жүзін ай жеп қойыпты. Орамалмен жапқандарым сол өткір күйі аман қалыпты. «Міне, айға тел­мірме, ұйықтағанда сәулесі бетіңе түспесін» деген тыйымдардың мәні осында» депті Б.Ешмағамбетов.

Себастьян Бах әуендерін айға қарап шығарады екен. Ол оған музыка берді, бірақ құлағы мен жанарын алды. Са­ңырау және соқыр болып өліпті. Бет­ховен «Ай сонатасын» айға қарап жазып, аяғында саңырауға айналды. Ал қазақ ақыны Тыныштықбек Әбді­кә­кімұлы «қаздардың қаңқылынан қай­мақ жалап, түнде сәл Ай сәулесін тың­дап алам» деп тегін айта ма? Ескі сөзді біліп өскен қазақ баласы оған ұзақ тел­мірмейді. Әйтпегенде, Құдай біледі...

«Мен сезбеген ішінде бір күнә қап,

Мазаңды алса пәк махаббат кінәлап,

Басымдағы Айға тигіз ерніңді,

Көктегі Айға мінәжат қып, мінәжат»

дегенде ақын Маралтай «басымдағы ай» деп сонымен есептелетін өз өмірі мен көктегі айдың тікелей байланысын меңзегенін түсіну қиын емес. Қазақ батырларының дулығасында ай белгісі бар. Қыздарының құ­ла­ғындағы сыр­ғасында. Өлең «түптің-түбі біз жолығар нүк­теміз – көктегі Ай мен жердегі Айдың кіндігі» боп аяқталады.