Тағдырдың жазуымен есту қабілетінен айырылған жандар бітеқайнасқан қоғам тіршілігінен тыс қалмауы керек. Олар көпшілік ортада емін-еркін жүріп, әлеуметтік орындарда өзіне қажет көмекті кедергісіз алса жақсы. Демек естуі нашар азаматтарды қоғаммен байланыстыратын сурдоаудармашылардың ахуалына да селқос қарауға болмайды.
Қарағанды облысы, Абай ауданының тумасы Әйгерім Есенгелдінің осы салада жұмыс істеп жатқанына 10 жылдан асыпты. Есту қабілетінен ажыраған әке-шешесімен бірге ым-ишара тілін бала күнінен меңгеріпті. Есейе келе құлағында мүкісі бар жандарға көмектесіп, солардың батасын алғысы келетінін түсінген. Содан Әйгерім Қарағандыда қысқамерзімді курсты тәмамдап, Астанада емтихан тапсырған.
«Алғашында «Сарыарқа» телеарнасында сурдоаударма маманы болып жұмыс істедім. Ал қазір мүгедектігі бар адамдарға жеке көмектесіп жүрмін. Олардың жұмысқа орналасуына, қандай да бір мәселесін шешуге ықпалдасуға тырысамын. Қолұшын созамын. Өмірдің ақ пен қарасы секілді менің де жұмысымның артықшылығымен қоса кемшін тұстары бар. Біз уақыт талғамаймыз. Күн-түн демей хабарласып, көмектесуімді өтінетіндер табылады. Әсіресе қиын жағдайға тап болғандарға түнде барамыз. Сурдоаудармашы болу деген тек ым-ишара тілін білумен немесе көмектесумен шектелмейді. Мұнда ым-ишара тілінен кәнігі ауызекі я болмаса ресми тілге аударып сөйлей білу де керек», дейді Әйгерім.
«Қазақ саңыраулар қоғамы» бірлестігінің мамандары да сурдоаудармашыларды дайындайды. Қоғамдық бірлестік мұнымен шектелмей, есту қабілетінде, тілінде мүкістігі бар адамдарға қолдау көрсетеді. Жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.
Елде сурдоаудармашының жұмыс сағатына шамамен 6 375 теңге төленеді. Яғни маман еңбегіне қарай жалақы алады. Сурдомаманның қызметіне жүгінетін адам неғұрлым көп болса, маманның да табысы соғұрлым жоғары болады. Әйгерім бүгінде есту қабілетінен айырылған Айжан Ермұханқызына жәрдемдесіп жүр екен. Айжанның өзі болса, дүниеге келгенде он екі мүшесі сау болыпты. Кейін 2 жасқа толғанда тұмау тиіп, сол сырқаты бет қаратпай асқыныпты. Бала аурудан тез айықсын деп түрлі антибиотик ішкізсе де, әсер етпеген.
«Осы дерт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Есту қабілетімнен толық айырылдым. Уақыт өте Қарағанды облысының Ақтау кентіндегі саңырауларға арналған мектеп-интернатта оқыдым. 1997 жылы дағдарысқа байланысты ол оқу орны жабылып, Пришахтинскідегі басқа мектеп-интернатқа ауыстым. Менің білім алып, жұмысқа орналасуыма 12-13 жасымнан бері сурдоаудармашы Әйгерім көмектесіп келеді. Мемлекет 5 жылда бір мәрте қажетті техникаларды алып берсе, жылына бір мәрте емдеу-сауықтыруға жібереді. Бірақ 5 жылда техника дегеніңіз қолдануға жарамсыз болады. Есту қабілетінен айырылған жандар үшін мемлекеттен басқа да көмек көрсетілсе, құба-құп. Өйткені бізге жұмыс орындары жоғары жалақы ұсынбайды. Ал дәрі-дәрмек бағасы шарықтап тұр. Тұрақты жұмыс болмаған соң, қымбат дәріні қалтамыз көтермейді. Қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі қарастырылса да, артық болмас еді», дейді Айжан Ермұханқызы.
Астанада есту қабілеті төмен адамдарға жәрдемдесетін «Жаснұр» саңыраулар қауымдастығы бар. Олар құлағының мүкісі бар жандардың жұмыс табуына жәрдемдесіп, құқықтық қолдау көрсетеді. Өмір сүру сапасын жақсартуға тырысады. Бастысы, қауымдастықтың көмегімен нашар еститін азаматтар бір жерде жұмыс істеп, ишара тілімен әңгімелескен соң өздерін еркін сезінеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, елде есту қабілеті төмендеген 30 мыңнан астам адам бар. Әрі жыл өткен сайын есту, сөйлеу мүмкіндігінен айырылған азаматтардың саны артып келеді. Дәл қазір елде сурдоаудармашы маман даярлайтын арнайы мектеп, жоғары оқу орындары болмаса да, арнайы курс арқылы осы салаға маман даярлап жүрген азаматтар бар. Олар ым-ишара тілін кәсіби деңгейде оқытып, елдегі сурдо-мамандардың көбеюіне үлес қосып жүр. Осындай игі іспен айналысып жүрген жандардың бірі – Назерке Әлжанқызы.
«Негізгі мамандығым педагогика бағытында. Яғни мектепке дейінгі тәрбие, педагог-психолог. Логопедия бойынша білімім бар. Сурдомамандарға арналған курстардан мен де өттім. Осы салада маман даярлап жүргеніме 4 жылдан асты. Ым-ишара тілінде курс өткізуіме салаға сұраныстың артуы себеп болды. Білікті мамандардың қатарын толықтыруды ойладым. Курсты әлеуметтік желіде онлайн форматта өткіземін. Негізі курстың мерзімі 3 ай. Бізде оқыған жас тәжірибесін шыңдаса, дайын сурдомаман болып шығады. Курстан өтуге ниеттілердің мақсаты әртүрлі. Бірі осы бағыттағы маман болғысы келсе, екіншісі туысымен тілдесу үшін, ал енді бірі тіпті жеке қызығушылығы үшін үйренеді. Қазірде ым-ишара тілін меңгерген шәкірттерім мемлекет бекіткен сурдоаударма маманы болып жұмыс істеп жүр. Мен үшін осының өзі үлкен жетістік», дейді Н.Әлжанқызы.
Заман ағымына қарай сурдоаудармашыға сұраныс артпаса, азаймайтыны белгілі. Мейлі, мемлекеттік мекемелер, телеарналардан бөлек жекелеген азаматтардың игілігі үшін де сурдоаудармашы ауадай қажет. Сондықтан сурдоаудармашыларды даярлайтын курстардан бөлек арнайы мемлекеттік мектептер ашылса, артық болмас еді. Бұл – салада жылдар бойы еңбек етіп жүрген мамандардың тілегі.
Жания ӘБІЛ,
ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студенті