Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы – ұлттық қауіпсіздік органдары бөлімшелерінің жедел қызметіне мамандар даярлайтын еліміздің элиталық, бірегей және жалғыз оқу орны. Бүгінгі күннің академия түлектері – өз білімін, шеберлігі мен дағдыларын қазіргі заманға сай қолдануға қабілетті, жан-жақты дамыған парасатты офицер. Ең алдымен, Отанға, халқына, қызметке адал.
Шынында, арнаулы қызметтегі жұмыстың өнімділігі, табыстылығы мамандар құрамына байланысты. Себебі ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі ғана мемлекетті сенімді қорғауды қамтамасыз ете алады. Міне, осындай жауапты салада ҰҚК академиясы 50 жылдан бері мамандар даярлап келеді.
Бұл бірегей мекеменің тарихы 1974 жылғы 5 тамызда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Юрий Андроповтың бұйрығына сәйкес, Алматы қаласында мемлекеттік қауіпсіздік органдары басшы және жедел құрамдарының білімін жетілдірудің тұрақты жұмыс істейтін курстары құрылған кезде басталды. Дәл осы курстардың ашылуынан академияның елдің қауіпсіздік органдарының тұрақты жұмыс істейтін оқу орны ретіндегі тарихы жазылады.
Бес жылдан кейін, 1979 жылғы желтоқсанда ішкі және сыртқы саяси жағдайдың динамикасына сәйкес курстар КСРО МҚК кадрларының біліктілігін арттыру жоғары курстары болып өзгертілді. Жоғары курстарды Қазақ КСР-ның әртүрлі өңірлерінде МҚК облыстық басқармаларын басқаруда айтарлықтай тәжірибесі бар беделді қарсы барлаушы, Қазақстанның алғашқы генералдарының бірі – генерал-майор Сафа Ғазизов басқарды.
1983 жылы КСРО МҚК Жоғары курстары мәртебесін алып, жедел-техникалық бейіндегі қызметкерлерді қайта даярлайтын және біліктілігін арттыратын жоғары оқу орнының құқығында жұмыс істеді. Оқу орнын жеті жыл бойы генерал-лейтенант Василий Шевченко басқарды. Қазақ КСР МҚК-нің бұрынғы төрағасының осы лауазымға тағайындалуы, кеңес одағының мемлекеттік қауіпсіздік жүйесіндегі жоғары курстардың рөлі мен құндылығын көтеруде маңызды болды.
Жеке құрамды оқытудың неғұрлым ауқымды міндеттерін шешу үшін оқу орны профессорлық-оқытушылық құрамынан бастап материалдық-техникалық базасына дейінгі барлық бағыт бойынша күшейтілді. Мұның бәрі ҰҚК академиясының болашақ дамуының негізін қалады.
1980-1990 жылдардың басында Алматыдағы КСРО МҚК Жоғары курстары кеңес одағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жедел қызметкерлерін даярлау жүйесіне енгізілді. Мұндай кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру міндеттерін атқаратын жоғары оқу орындары бірқатар басқа қалаларда (Горький, Киев, Ленинград, Минск, Мәскеу, Новосібір, Ташкент, Тбилиси) жұмыс істеді.
Сонымен қатар 80-жылдардың аяғында Жоғары курстарды басқарған полковник Владимир Шигин де оқу үдерісін көп салалы ұйымдастыру мен материалдық-техникалық базаны дамытуда айтарлықтай үлес қосты. Сол кездің өзінде оқу орнында кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың нақты жұмыс істейтін жүйесі қалыптасты.
Қазақстан Республикасының арнаулы қызметі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылған 1990 жылдың басында оқу орнының өмірінде жаңа дәуір басталды. Білікті оқытушылардың жетіспеушілігіне байланысты оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамын тәжірибелі жедел қызметкерлермен, азаматтық бейіндегі оқу орындарының мамандарымен толықтыру бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылды.
Осы уақытта оқу орнын педагогикалық жұмыс пен ғылыми қызметтің ерекшеліктерін жете түсіне білетін көрнекті басшы – генерал-майор Тоқтархан Нұрахметов басқарды. Оның кәсіби және жеке қасиеттерінің арқасында іс жүзінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті білім беру жүйесі мен ғылымының іргетасы қалыптасты.
1992 жылдан бастап оның басшылығымен Жоғары курстарды университет деңгейіндегі толыққанды жоғары көпсалалы оқу орнына айналдыру үшін қайта құруға мүмкіндік беретін ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, 1994 жылғы 26 қаңтарда Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысы негізінде Жоғары курстар базасында ҰҚК институты құрылды. Қазақстанның қауіпсіздік органдарына жоғары білікті кадрларды даярлау ісінде жетекші жоғары оқу орны болу үшін оның бірінші басшылығы, атап айтқанда, ҰҚК институтының бастығы генерал-майор Тоқтархан Нұрахметов, оның орынбасарлары генерал-майор Р.Т.Тілебалдинов, полковниктер В.М.Шищенко, О.Т.Ниткалиев, Х.Ж.Досбаев, Ю.Ф.Пластовец, сондай-ақ З.Ғ.Қазиев, Т.С.Темешев, М.Б.Трофимов сияқты басшылар үлкен жұмыс атқарды.
ҰҚК институтында жоғары заң білімі бар, әртүрлі бағытта жұмыс істей алатын шет тілдерін білетін құзыретті офицерлерді – жедел қызметкерлерді даярлау қолға алынды. Ол үшін оқу орнының құрылымы мен оқыту мазмұны жетілдірілді.
Ұлттық қауіпсіздік органдары жедел қызметінің қажеттілігіне сәйкес келетін арнайы пәндердің бірыңғай, өзара байланысты жүйесі құрылды. Оқытудың жаңа әдістері енгізілді, оқытылатын құқықтық, гуманитарлық, тілдік және психологиялық пәндердің құрылымы, мазмұны мен көлемі түзетілді, бұл түлектердің теориялық және практикалық даярлығының сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Оқу құралдарының, монографиялардың және басқа да әдістемелік, ғылыми әдебиеттердің жаңа топтамасы әзірленді. Ғылыми және ғылыми-практикалық конференциялар өткізіле бастады. Оқу орнының базасында алғаш рет жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға мүмкіндік беретін мамандандырылған диссертациялық кеңес ашылды.
Бұл жұмысқа мол практикалық тәжірибесі бар оқытушылар, оқу орнындағы білім беру қызметін жетілдіруге өз білімдері мен күштерін берген ғалымдар үлкен үлес қосты. Олардың қатарына Б.Ш.Бұлдыбаевты, А.Т.Қосаманованы, Ю.Ш.Жұмаевты, С.П.Гавриленконы, О.А.Грицаенконы, Б.Х.Нығметовті және басқа да ғалым-ұстаздарды атауға болады.
Қазақстан Президентінің 1999 жылғы 6 мамырдағы институтты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы етіп қайта құру туралы Жарлығы сапалы жүргізілген жұмыстың заңды қорытындысы болды. Академияның жоғары кәсіби білім берудің стандарттары бойынша білім беруге көшуі, даярлықтың қажетті деңгейі мен сапасына кепілдік беруге, мамандарға ведомстволық біліктілік талаптарын іске асыруға, түлектерге мемлекеттік үлгідегі дипломдар беру құқығын растауға мүмкіндік берді.
ҰҚК академиясындағы оқу үдерісінің ерекшелігі оның барлау, қарсы барлау, терроризмге қарсы, ақпараттық қауіпсіздік және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басқа да маңызды салалары үшін кадрларды мақсатты даярлауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірегейлігінде жатыр.
Осы уақыт аралығында ҰҚК академиясы даңғыл да, дара жолдан өтті. Арнаулы көпсалалы оқу орны ретінде еліміздің ұлттық қауіпсіздік органдарының жедел және басшы қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша ғылым мен білімнің орталығы ретінде қалыптасты.
Қазіргі уақытта ҰҚК төрағасы генерал-лейтенант Е.Сағымбаевтың тапсырмасы бойынша жоғары оқу орнын озық халықаралық стандарттар мен практикаларға сәйкес келетін, қазіргі қауіп-қатерлер мен қауіпсіздікке қарсы іс-қимылға, сондай-ақ іргелі білім беруді күшейту, жаңа білім беру технологиясы мен үдерісін енгізу жолымен мемлекет пен қоғамның даму шындығына бейімделген мамандар даярлауды қамтамасыз ететін инновациялық үлгідегі оқу орнына трансформациялау жүзеге асырылып жатыр.
Ел Президенті Қ.Тоқаев мемлекеттік органдардың ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету мәселелеріндегі шешімдері сапалы ғылыми сүйемелдеуге, мұқият пысықталуға, ғылыми көзқарас тұрғысынан негізделуге тиіс екенін ерекше атап көрсетеді. Мемлекет басшысының тағы бір талабы – елімізде жасанды интеллектінің жедел дамуын қамтамасыз ету қажеттілігі. Осы тұрғыда Академия ҰҚК-нің кейбір бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, аталған салада ведомстволық ғылым мен білім беруді дамыту бойынша бірқатар шаралар қабылдап жатыр.
Академия Қазақстанның серіктес мемлекеттері арнаулы қызметтерінің бейінді жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу, білім беру қызметтерін көрсету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қолдайды және дамытады. Біздің жоғары оқу орнының шетелдіктерге ұсынатын білім беру курстары мен практикалық тренингтерінің жоғары деңгейі достық ниеттегі шетелдік арнаулы қызметтерден оқуға өтінімдер санының жыл сайынғы өсуімен расталады.
Академия – отандық әскери және арнаулы оқу орындары қауымдастығының белсенді мүшесі. Білім беру, ғылыми және тәрбие үдерісінде жалпы қағидаттарды қолдану болашақ офицерлерді даярлау, отандық ғылымның ведомстволық салаларын дамыту мәселелеріндегі тәсілдерді белгілі бір дәрежеде үйлестіруге мүмкіндік береді.
Профессорлық-оқытушылық құрамның жоғары кәсіби шеберлігі, оқытуды ұйымдастыру және оқу үдерісін басқару деңгейі академияны дамытудың, оның елдегі жоғары оқу орындары арасындағы беделін арттырудың заңды үдерісі екендігі сөзсіз. ЖОО еліміздің ірі ғылыми-білім орталықтарының қатарына кіреді және жыл сайын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатарын Отанға адал қызмет ету – кәсіби және өмір жолының негізі болып табылатын жас ұрпақпен толықтырып отырады.
Ахат Мұқашев,
ҰҚК академиясының бастығы, генерал-майор, заң ғылымдарының докторы